• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2010

АСТАНАНЫҢ МЕДИЦИНАЛЫҚ КЛАСТЕРІ

705 рет
көрсетілді

ЕЛБАСЫНЫҢ БАСТАМАСЫМЕН ЖҮЗЕГЕ АСҚАН БАЛАМАСЫЗ БАҒДАРЛАМА Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің денсаулық саласын заманауи озық тех­но­ло­гиялармен қаруланған, жоғары өркениет та­лап­тарына сай сапалы қызмет көрсететін дең­гейге көтеру мақсатында баламасыз бас­тамалар көтеріп, шынайы реформаторлық мін­деттерді жүзеге асырды. Бұл орайда Мемлекет басшысының тікелей бас­та­ма­сымен қолға алынып, “Астана қаласының медициналық кластері” бағдарламасы бо­йын­ша жүзеге асырылған ұлттық медициналық кешенді ерекше атап өткен жөн. Осы кешен негізінде Үкімет қаулысымен “Ұлттық меди­ци­налық холдинг” құрылып, оған кластер құ­рамындағы клиникалардың жұмысын басқару міндеті тапсырылған болатын. Біз халық сұранысы мен ұрпақ мүддесі жолында тың бастамаларға ұйытқы болып отырған осы медициналық кластер жұмысымен кеңінен та­нысу мақсатында “Ұлттық медицина холдингі” АҚ басқармасының төрағасы Елжан БІРТАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік. МАҚСАТ МӘРЕСІ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТТАР – Елжан Амантайұлы, ел мүд­десін бәрінен биік қоятын Елба­сы­ның бастамасымен Ас­та­нада бүгінгі заманның озық тех­но­ло­гияларымен жабдық­талған сапалы клиникалар кешені салынып, кешенге қарасты клиникаларда халық­ара­лық сапа стандарттарын және басқарудың бизнеске бағытталған жаңа жүйелерін енгізу міндеті холдингке жүк­телген болатын. Осыған бай­ланысты клиникалар жүйесін басқаруды оң­тайландыру және қызмет сапасын көтеру мақсатында қандай шаралар атқарылып жатыр? – Ұлттық медициналық холдингтің құрылғанына 2 жыл болды. Республика денсаулық сақтау жүйесінің құрамдас бір бөлігі бола отырып, холдинг елордада салынған 6 инно­вация­лық медицина меке­ме­лерін басқарады. Атап айт­қан­да, холдинг құрамында Нейро­хирургиялық ғылыми орталық, Диагностикалық орта­лық, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Респуб­ли­калық ба­ла­ларды сауықтыру орта­лығы, Республикалық же­дел меди­циналық жәрдем ғы­лыми орталығы және Астана ме­дициналық академиясы жұ­мыс істейді. Үстіміздегі жылы тағы бір ірі клиника – Ұлттық кар­диологиялық орталық пай­далануға беріледі. Соңғы жылдары еліміздің денсаулық сақтау саласына түбегейлі реформалар жасалды. Мемлекет басшысының тап­сыр­масымен Үкімет жыл сайын бұл салаға бөлінетін қаржы көлемін де ұлғайтып келеді. Мәселен, соңғы 5 жыл ішінде еліміздің денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы 4 есе көбейтілді. Негізінен мемлекет тарапынан бөлінетін бұл қомақты қаржы осы заманғы жаңа медициналық мекемелер салу және оларды озық тех­нология және құрал-жаб­дық­тармен жарақтандыруға жұм­салуда. Әрине, енді жұм­салған осы қаржының тиімділік беретін кезі де келді. Биылдан бастап елімізде Бірыңғай ұлт­тық денсаулық сақтау жүйесі енгізіле бастады. Осы шара­лардың барлығының түпкі мақсаты – халыққа медици­налық қызмет көрсету сапасын халықаралық стандарттарға сай жоғары деңгейге көтеру болып табылады. Бұл тек холдингтің ғана емес, бүкіл денсаулық сақтау саласының алдында тұрған басты міндет. Елбасының Астана медици­на­лық кластерін құрудағы көкейкесті мақсаты – дүние жүзінде өмірге енгізіліп жатқан ең жаңа, ең озық техно­ло­гияларды елімізге әкеліп, ел азаматтарының игілігіне жарату болатын. Мемлекет басшы­сы­ның алға қойған осы мін­деттерін орындау жолында хол­динг барлық қызметін соны ізде­ністер мен тың зерттеулер нә­тижесінде жүзеге асырып жатыр. – Іс тетігін шешетін білікті кадр демекші, холдинг аясында білімді де білікті кадрлар даярлау жайы қалай? – Иә, қазіргі таңда Елбасы жүктеген міндеттерді шешу үшін ең бірінші кезекте, ме­ди­циналық кадрлардың білімі мен іскерлігін арттыру мә­селесі тұр. Біз осы міндет үдесінен шығу үшін холдинг аясында үздіксіз кәсіби білімді жетілдіру деген арнайы бағдарлама жасадық. Сол бағдарлама бойынша жыл сайын клиникаларда көптеген шеберлік-кластар өткізіп тұра­мыз. Мәселен, қазір Ана мен бала ұлттық ғылыми орта­лы­ғында Франциядан келген тәжірибелі хирург-акушер-ги­не­колог жергілікті маман­дар­дың біліктілігін жетілдіру мақ­сатында дәріс өткізіп жатыр. Бұл шеберлік-кластарға тек холдинг мамандары ғана емес, сонымен бірге еліміздің барлық өңірлерінен дәрігерлер шақы­рылып, тәжірибе алмасады. Қазір Астана қаласында ғана емес, еліміздің барлық өңірлеріндегі медицина мекемелері осы заман­ғы озық техникалармен жаб­дық­талуда. Сол медициналық жаб­дықтармен жұмыс істейтін жер­гі­лікті мамандардың іскерлігін арт­тыру мақсатында холдинг кли­ни­каларында тұрақты түрде оқу курс­тары өткізіліп тұрады. Ұлттық медициналық холдинг мекемелері еліміздің басқа меди­ци­налық мекемелеріне қарағанда бір саты жоғары тұр. Сондықтан бұл клиникаларды еліміздің басқа медициналық мекемелеріне үлгі ре­тінде, мамандардың білімін же­тіл­діру орталығы ретінде пайдалану орынды деп санаймын. Біздің холдинг құрамындағы меди­ци­на­лық академияға еліміздің барлық өңірлерінен білімін жетілдіру үшін мамандар келеді. Қазір біз клиника базасында резидентура өткізуді тә­жірибеге енгіздік. Мәселен, бұрын мамандар медициналық оқу орын­дарына келіп, 2 жыл клиникалық ординатурадан өтетін. Енді біз холдинг базасында мамандарды 2-3 жыл резидентурадан өткіземіз. Яғни, медициналық институтты бітірген маман жалпы практикалық дәрігер болса, енді бір салада терең маман­данып, білімі мен тәжіри­бе­сін жетілдіреді. Мұны халықаралық стандарт бойынша резидентура деп атайды. Қазір Нейрохирургиялық ғылыми орталықта 20 қазақстандық мамандар резидентурадан өтіп жатыр. 2-3 жыл біліктілігін арт­тыр­ғаннан кейін олар өздерін жіберген өңірлерге барып, осы орталықта қандай операциялар жасалатын болса, жергілікті жерде сондай операциялар жасайтын болады. – Холдингке қарасты клини­ка­ларда ауруханалық басқарудың ха­лық­аралық стандарттары тәжіри­беге енгі­зіліп жатқанын біл­еміз. Осы орайда “Ау­руханалық басқару жү­йесін же­тіл­діру” бағдарла­ма­сы­ның барысы қалай? – Холдингтің бүгінгі таңда іс жүзіне асырып жатқан тағы бір бас­ты міндеті – әкімшілік менед­ж­мент­ті тәжірибеге енгізіп, одан әрі дамыту болып табылады. Бұл ретте АҚШ-тың және Батыс Еуропаның жетекші академиялық орталық­та­рының тәжірибелері кеңінен тар­тылады. Мәселен, біздің еліміздегі ауруханалар мен емханалардың 90 пайызы мемлекетке қарайды. Көп­шілігі мемлекеттік кәсіпорын болып саналады. Бұрын бұл меке­мелерді басқару жергілікті атқа­рушы органдарға тапсырылып, ауру­ханалардың бас дәрігерлерінің мойнына жүктеліп қойылатын. Тә­жіри­бесі мол жақсы хирург немесе терапевт бас дәрігер болып таға­йындала беретін. Мысалы, менің әкем білікті хирург болатын. Содан ол кісіні ірі аурухананың бас дәрігері етіп тағайындады. Сөйтіп, ол кісі 20 жылдан астам бас дәрігер қызметін атқарып, тәжірибелі менеджер болып кетті. Осыдан 20 жыл бұрынғы аурухана мен қазіргі клиникаларды салыстыруға бол­майды. Ол кезде ауруханаларда сыр­қаттар жататын төсек, дәрі-дәрмек қана болатын. Бүгінгі заманның ауруха­на­ларын басқару үшін көп білім керек. Қазіргі клиника дегеніміз үлкен зауыттан да күрделі құ­ры­лым. Бір клиниканың атқаратын 500-ден астам функциясы бар. Сонымен бірге әлемдік стандарт бо­йынша бүгінгі ауруханалар жү­йесі әлеу­меттік сала ғана емес, ол сонымен бірге экономикалық жүйе болып саналады. Әлемдік ірі клиникалар арасында нағыз бәсекелестік қалыптасқан. Олар экономикалық жағдайын көтеру үшін ауруларды өздеріне тартып, жоғары қызмет көрсету барысында үлкен бәсе­келестікке түседі. Міне, біз де өзі­міз­дің жұмысымызда осындай бәсе­келестік қалып­тас­тыру үшін ауруханаларды басқа­ра­тын менед­жер­лерге барлық мүм­кін­дікті жа­сауымыз керек. Бұл ретте заң жа­ғынан оларға кең еркіндік беріп, жан-жақты білімі мен біліктілігін шың­дауымыз керек. Хол­динг осы халықаралық тех­но­ло­гияны енгізу мақ­сатында кең кө­лем­дегі ша­раларды атқарып жатыр. Біз тек білікті кадрлар мен менед­жер­лер тәрбиелеп қана қоймаймыз, осы бағыттарда әдістеме даярлап, оны кеңінен тарату үшін Денсау­лық сақтау министрлігіне тапсырамыз. – Медициналық мекемелерді акционерлеу тәжірибесі қаншалықты тиімділік берді? – Иә, медициналық акцио­нерлік қоғам басқа принциппен жұмыс істейді. Ол экономикалық тиім­ді­лікке қол жеткізуге тиіс. Яғни, коммерциялық кәсіп­орын­дардың міндетін атқарды. Осы тәжірибені денсаулық сақтау саласына енгізу үшін біз денсаулық сақтау меке­ме­лерін басқару тәжі­ри­бесінде жаңа психология енгізуіміз керек. Бұл міндет әртүрлі кор­по­ративтік стан­дарт­тар бойынша жүзеге асырылады. Қазір біз холдинг шеңберінде 20-дан аса кор­поративтік стандарттар түрін енгіздік. Әрбір клиниканы бас­қару директорлар кеңесіне жүк­телген. Кеңес стра­те­гиялық жос­пар­ларды бекітіп, онда белгі­лен­ген шара­лар­дың іс жүзіне асырылуын бақы­лайды. Ал күн­делікті жұмыс бары­сын 5 адамнан тұратын басқарма жүзеге асырады. Бұл жұмыстың үйлесімді, ашық әрі нәтижелі болуына әсер етеді. – Сіздердің клиникаларыңыз­дағы жабдықтар мен техно­логия­лардың Орталық Азияда баламасы жоқ. Ендеше, медициналық бизнес рыногындағы жетістіктеріңіз қандай? – Ұлттық медицина холдин­гі­нің толық табысты мекеме болуы үшін әлі 4-5 жыл уақыт керек. Біз­дің отандық денсаулық саласында шешілмей келе жатқан бір мәселе бар. Оны біз жақында қабылданған “Саламатты Қазақстан” стра­те­гиясына енгіздік. Халықаралық стандарттар бойынша, әрбір ауруды емдеудің өзіндік бағасы бар. Ауруханалар сол ауру түріне қызмет көрсетсе, мемлекет немесе белгілі бір ұйым тариф бойынша оның құнын төлейді. Бұл тарифке ауруды емдеуге пайдаланылатын аппара­туралардың амортизациясы, дәрі-дәрмек, дәрігердің еңбекақысы, комму­нал­дық қызмет төлемдері кіреді. Жыл сайын біз осы амор­тиза­циялық төлем­дерге табыс­тың 10 пайызын ауда­рып отырмыз. Холдинг бо­йынша бұл қаржы 2 млрд. теңгеден асады. Ал ха­лық­ара­лық стандарттар негізі бойынша, бұл ауру тарифіне барлық шы­ғын­дар, оның ішін­де амор­тизациялық шы­­ғындар да енгі­зілуі керек. Бұл өте маңызды экон­о­ми­калық мәселе. Ал­дағы уақытта біз осы мәсе­ле­лер­ге ұлттық медицина холдингінің жұ­мысында басымдық беруіміз қажет. Мемлекет басшысының балама­сыз бастамасымен құрылған ас­та­налық медицина қалашығы кли­никаларына орнатылған жаб­дықтар мен технол­ог­ия­лардың Ор­та­лық Азияда бала­масы жоқ. Соған сәйкес кли­никалардың қызмет көрсету деңгейі де, табыс табу көзі де жоғары болуы керек. Біз осы мақ­сатта медициналық туризмді да­мытуға күш салудамыз. Бұл біріншіден, еліміздің имид­жін арт­тыр­са, екіншіден, меди­ци­налық мекеме­леріміздің беделін көтереді. Холдингтің қазіргі таң­да­ғы мақсат межесінің мәресі де осы. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. БІРДЕН-БІР ДАУА – ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ Өткен жылдың қазан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Республикалық медициналық жедел жәрдем ғылыми орталығының” тұсауын кесіп, “Ұлттық медициналық холдингке” қарасты тағы бір ірі орталыққа өмірге жолдама берген еді. Содан бергі өткен уақыт ішінде біздің орталыққа 2,5 мыңнан астам адам түсіп, оның 1,5 мыңы түбегейлі емделіп шықты. Біздің орталықтың ерекшелігі әртүрлі апаттар мен қайғылы оқиғаларға ұрынып, жарақат алған адамдарға жедел әрі бірінші кезектегі сапалы медициналық қызмет көрсету болып табылады. Мемлекет басшысының Астана қаласында медициналық кластер құру идеясының негізінде дүниеге келген біздің орталық бүгінгі заманның ең озық техникаларымен жарақтандырып, жаңа техно­лог­ия­лармен қаруланған. Жедел ме­ди­циналық жәр­д­ем көрсету ор­та­лығында қазір 200-ден астам кәсіби деңгейі жоғары білікті дәрігерлер және 300-ден астам орта буын ме­дицина мамандары қызмет көр­сетеді. Шұғыл да сапалы ме­ди­ци­налық қызмет көрсету жарақатқа ұшыраған адамдардың денсау­лы­ғының болашақта дұрыс түзеліп ке­туіне бірден-бір әсері бар шара бо­лып саналады. Сондықтан да ор­та­лыққа жан-жақты білімі бар ұзақ тәжірибеден өткен кәсіби мамандар шоғырланған. Осы орайда орта­лық­та қызмет ететін 10 ғылым док­торы және 15-тен астам ғылым кан­дидаттары біздің шын мағына­сын­дағы брендіміз болып табы­лады. Үстіміздегі жылдың сәуір айын-да Республикалық меди­ци­налық жедел жәрдем ғылыми орталығы өзінің медициналық жедел көмек стансасын ашты. Қазір бұл стан-сада 15 мамандандырылған меди­циналық жедел көмек авто­кө­лік­тері бар. Құрамында реани­ма­циялық және үздіксіз терапия тобы бар ар­на­йы маманданған бригада шұғыл медициналық шақырулар бойынша жер-жерлерге барып, зардап шек­кен адамдарға көмек көрсетеді. Орталықта клиникалық және био­химия­лық зертхана, ультра­ды­быстық зертхана, рентгенді диаг­нос­тика, компьютерлік томо­гра­фия, магниттік-резонанстық томо­графия орталықтары тәулік бойы жұмыс істейді. Медициналық жедел жәрдем ғылыми орталығының 265 төсекке лайықталған жеке стационарлық корпусы бар. Оның ішінде 40 төсек хирургия бөліміне, 20 төсек торакальды-хирургия бөліміне тие­сілі болса, 45 төсек гинекология бөліміне арналған. Стационарлық корпустағы бөлімшелердің па­ла­талары екі және бір орындық бо­лып келеді. Олар жеке-жеке жуы­на­тын орындармен жабдықталған. Біздің орталық негізінен қатерлі оқи­ғалардан зардап шеккен адам­дар­ға жедел медициналық қызмет көрсетуге негізделгендіктен мұнда сырқаттардың осындай түрлеріне көмек көрсету бөлімдері жаб­дық­талған. Мәселен, өрт апатынан зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету мақсатындағы бөлімше осы заманғы озық технологиялармен жабдықталған. Атап айтқанда, мұнда аэротерапевтикалық кондыр­ғылар, түтіннен уланған сырқат­тар­ға бірінші кезекте көмек жасайтын плазмферездер, гемофильтрации мен гемодиафильтрациялар, барокамералар жұмыс істейді. Ауруларға хирургиялық ем жасағанда аутодермоплас­тикалар кеңінен қолданылады. Гемодиализ бөлімшесі 5 амбу­латориялық төсектен тұра­ды. Бөлімше “Frezenіus 4008S” фирмасы шығарған “Жа­санды бүйрек” аппарат­тарымен жаб­дық­талған. Ал токсикология бөлім­шесінде “BARA MED” бароаппараттарымен жабдық­тал­ған екі барозал жұмыс істейді. Бұл аппараттар дәріден, арақ­тан, газдан және улы жән­діктерден уланған адамдарға ши­палы жәрдем көрсетуге не­гізделген. Үстіміздегі жылы ор­талықта республикалық ақ­па­рат­тық-кеңес бөлімшесі ашыл­мақ. Бұл бөлімше меди­цина ғылымдарының докторлары мен кандидаттары және тәжірибелі медицина мамандарының қаты­суымен тәулік бойы ақпараттық кеңес беретін болады. Жоғарыда атап өткеніміздей, түрлі оқиғалардан жарақат алған адамдардың денсаулығының жедел түзеліп кетуіне бірден-бір жағдай жасайтын орталықта өз ісінің нағыз білікті мамандары жұмыс істеуі керек. Осы орайда біздің орталықта жанқияр­лық­пен жемісті жұмыс істеп келе жатқан травматолог-ортопед Аслан Сұлтангереевтің, хирург Асан Жексенбаевтың, қан тамырларының хирургі Ирлан Сағын­дықовтың еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Мем­лекетіміздің басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев адам денсау­лығын қорғауды еліміздің ең басты стратегиялық мақ­сат­та­рының қатарына қойды. Біздің міндетіміз – осы бір өрелі істің өрісті болуы үшін бар­лық күш-жігерімізді жұмсау. Тоқан СҰЛТАНӘЛИЕВ, “Республикалық медициналық жедел жәрдем ғылыми орталығы” АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. СЫРҚАТТЫҢ ШИПАСЫ – ЯДРОЛЫҚ МЕДИЦИНА Өскелең заманның медицинасын диагнос­тиканың сәулелі әдістерінсіз елестету мүмкін емес. Бұл орайдағы ең жаңа да тиімді бағыт ядролық медицина болып табылады. Радио­фарм­препараттарды пайдалану арқылы диагностика жасау тәсілі ауруды анықтаудың және оны емдеудің сапасын айтарлықтай көтереді. Ядролық медицина бірінші кезекте тексеріліп отырған адам организмі мүшелерінің жүйесін немесе белгілі бір мүшенің функ­цио­налдық ахуалын және метаболиялық үдерістерін анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасында денсаулық сақтауды дамытудың 2005-2010 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасында онкологиялық ауру­лар әлеуметтік маңызы бар ауру түріне жатқызылды. Әлеуметтік маңыздағы ауру түрлерінен тұрғындардың өлім деңгейін төмендету және мүгедектікті кеміту жолындағы ең маңызды әдістердің бірі ауру түрлерін бастапқы сатысында-ақ анықтауға мүмкіндік беретін инновациялық диагностика техно­ло­гияларын енгізу болып табылады. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі “Республикалық диагностикалық орталық” АҚ базасында елімізде алғаш рет Позитронды-эмиссиондық томография (ПЭТ) орталығын құру туралы шешім қабылдады. Бұл орталықты құрудағы басты мақсат – еліміздің тұрғындарына заманауи озық радионуклидті диагностика әдісімен сапалы қызмет көрсету болып табылады. Бұл орталыққа осы әдістерді пайдалана бастаған әлемнің ең озық елдерінің тәжірибесі мен жабдықтары қолданылды. Мәселен, циклотрон және РФП синтезінің жабдықтары Бельгиядан, қорғаныс құралдары Италиядан, сапа дәрежесін бақылау қондырғылары Германиядан алынды. Диагностикалық орталық базасындағы ядролық медициналық орталықтағы жабдықтар мен технологияның еуразиялық кеңістікте бәсекелестік баламасы жоқ деуге болады. Сондықтан біз ПЭТ орталығында жұмыс істейтін мамандардың білімі мен кәсіби деңгейін арттыруға ерекше мән береміз. Орталық мамандары Еуропаның және Ресейдің жетекші орталықтарында білім жетілдіру курстарынан өтті. Лондон, Братислава, Санкт-Петербург қаласындағы ірі орталықтарда тәжірибе алмасты. Орталықты озық қондырғылармен жабдықтаған әлемнің ірі де іргелі компаниялары өздерінің Бельгиядағы және Германиядағы базаларында біздің мамандарымызды оқытты. Олар біздің орталық базасында жиі болып, шеберлік-кластар өткізіп тұрады. Астана ядролық медицина орталығына қойылған қондырғылардың ең ірісі және біздің мақтанышымыз ПЭТ-КТ Gemіnі GXL6&G16 сканері болып табылады. Бұл сканердің кереметтігі сол, ол қатерлі ісік ауруларының ең бастапқы сатысында 5 мм. дәлдікпен анықтайды. Бұл сканер сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауруларына диагностика жасауда да баламасыз құрал болып табылады. ПЭТ орталығында осы сканер арқылы ми қабыр­шық­тарындағы ісіктерді анық­тап, оларды асқын­дыр­май емдеуге жағдай жас­алады. Сол сияқты бұл қон­дырғы Альцгеймер ауру­­ларын, эпилепсия сыр­қаттарының ошағын анық­тауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тера­пия­лық жолмен анық­тал­майтын және емделмейтін сыр­қаттарға бірден-бір шипа. Ядролық меди­ци­на­лық орталығы жұмыс істей бастағаннан бергі 8 ай­дың ішінде 1700-ден ас­там адам диагностикалық тек­серулерден өтіп, шипалы ем қабылдады. Негізінен біздің орталыққа сырқаттар еліміздің денсаулық сақтау мекемелері беретін арнайы квотамен келіп емделеді. Орталық Азияда баламасы жоқ мұндай емдеу орны Астана медициналық кластері аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тап­сыр­масымен өмірге келіп, жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта орталық алдында тұрған міндеттер ауқымы зор. Жалпы, бүгінгі халықаралық медициналық жоғары стан­дарттардың болашағы ядролық меди­цина диагностикасына тікелей байланысты. Ендеше, біздің ПЭТ орта­лығындағы жасалып жатқан жұмыстардың болашағы да, ауқымы да зор. Тоқтар ҚОҢЫРБАЕВ, Ядролық медицина орталығының жетекшісі.