• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2015

Ауыл реформасы: межелер мен мүмкіндіктер

639 рет
көрсетілді

ҮКІМЕТ Соңғы жылдары елімізде ауыл ша­руашылығы, әсіресе, мал шаруа­шылығы саласына алаң­дау­шылық байқалады. Бұл қай елдің де болмасын экономикасында маңыздылығымен ерекшеленетін ауыл шаруашылығына деген қоғамдық көзқарастың шынайы қалыптасып келе жатқандығы деп айтуға болады. Содан да болар, еліміз тәуелсіздік алғалы аграрлық өндірісті жақсарту мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар мен ондағы кемістіктерді де байқамау мүмкін емес. Еліміздің ауылшаруашылық өндірісінде әлемнің дамыған елдерінде тиімділігімен ерекшеленген көптеген озық технологиялар мен құнды мал, өсімдік тұқымдары кеңінен қолданыс табуда, атап айтқанда, қоғамдық негізде ірі қара мал тұқымдарының республикалық палаталары құры­лып, мал тұқымдарын асылданды­ру іс-шараларын басқару, реттеу, тиімділігін бағалау мәселелері тікелей шаруашылық құрылымдар еншісіне берілді. Сонымен қатар, жылдан-жылға ауылшаруашылық өндірісіне мемлекеттік субсидия түрлері мен ауқы­мы артып келеді. Егін, дәнді да­қылдар шаруашылығында да инновациялық жетістіктердің арқа­сында бұрын бол­маған рекордты көр­сет­кіштерге қол жеткізілуде. Соным­ен қатар, мемлекет та­рапынан айтарлықтай қолдаулар мен қаржылай көмектерді иелене, ауыл­шаруашылық құрылымдары өндірген өнімдерін еркін бағада пұлдап сату арқылы да біршама қаржылық жағдайларын жақсартуда. Дегенмен, әзірге еліміз табиғи мүм­кіндіктеріне сай ауыл шаруашы­лығы саласы дамып келеді деп айту­ға болмайды. Осыған орай, ауыл ша­руашылығы өндірісінде шешімін таппай отырған күрделі проблемалар жетерлік сияқты. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы жер қатынастарын реттеу, мемлекеттік субсидиялауды жетілдіру және ауыл шаруашылығы саласындағы шағын, қосалқы шаруашылықтар қызметтері тиімділігін арттыру сияқты үш мәсе­леге ерекше тоқталғым келеді. Ауылшаруашылық жерлері ауыл экономикасында негізгі капитал, өндіріс көзі болып есептеледі. Со­дан да болар ауыл реформасы ауыл­шаруашылық жерлерін жекеменшікке және ұзақ мерзімге жалға беру, сондай-ақ, оларды банктерге кепілдікке қою арқылы несие алу мүмкіндіктерін заңдастыру іс-шараларынан басталуы кездейсоқтық болмаса керек. Бірақ та, өкінішке қарай, бүгінде елімізде ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке иеленгендер үлес сал­мағы өте төмен. Сондай-ақ, ұзақ мер­зімге (49 жыл) жалға берілген жер­лердің де мақсатты пайдалану дең­­гейі, әсіресе, Орталық, Солтүстік Қ­азақ­­стан өңірлерінде, сондай-ақ, банк­терге жерлерін кепілдікке қой­ып несие алғандар саны да көңіл көн­ші­тер емес деп айтуға болады. Мысалы, жасыратыны жоқ, жалға алған ауылшаруашылық жерлерін өзі де пайдаланбай, өзгенің пайдалануына да қолбайлау жасап отырғандар баршылық. Осы аталған жағдайларға байланысты болса керек ауылшаруашылық жерлерінің құнарлылығын сақтау, жақсарту, зиянды іс-әрекеттерден, та­биғи құбылыстардан қорғау мәсе­лелері де бүгінде назардан тыс қалып отыр. Меніңше, бұл мәселенің түйіні ауылшаруашылық жерлерін тиімді немесе мүлдем пайдаланбаушыларға әсерлі іс-әрекеттер мен қажет жағдайда жерді мемлекет қорына қайтарып алу тетіктерінің қауқарсыздығында жатыр. Сондықтан да, біріншіден, келешекте жергілікті атқарушы органдарға өздері берген ауылшаруашылық жер­­лерін оларды пайдалануда заң бұзу­шылық фактілері орын алған­да, тиісті алдын ала ескерту іс-шара­лары нәтижесіз болғанда, оларды мем­лекеттік қорға (сотсыз) қайтарып алу құқығы заңдастырылса, екіншіден, ауылшаруашылық жерлеріне салық мөлшері оның бонитетімен қоса, жайылымдық, шабындық жерлердің мал азығындық өсімдіктер қорына байланысты және мақсатты пайдаланбаса жер иеленушіге қаржылай тиімсіздік келтіретін деңгейде қалыптастырылса, үшіншіден, жалға пайдаланылатын ауылшаруашылық жерлерінің құнар­лылығын сақтау, жетілдіру, зиянды жағдайлардан қорғау міндеттерін, еліміздегі мүліктерді жалға пайдалану туралы азаматтық заң актілеріндегі ұстанымдарға сай, яғни жалға берген мүліктің пайдалану жарамдылығын жалдаушы қамтамасыз етеді дегендей, мемлекет өз құзырына алса, жалпы ауылшаруашылық өндірі­сіне деген жауапкершілік пен оның тиімділігі еселеп артар еді. Мы­салы, Германияда азық-түлік нары­ғында айтарлықтай баға өсуі мен тұрақсыздығы қалыптасқанда тиісті өкілетті орган өз шешімімен оны қалыпты жағдайға келтіріп, содан кейін оның негізділігін құқық қорғау органдары қатысумен саралап, тиісті шешімге келеді екен. Сонымен қатар, ауылшаруашылық жерлерін пайдалануға бергенде оның көлемін, оған сұраныс білдірген кәсіпкердің жерді мақсатты, тиімді пайдалануға байланысты материалдық-техника­лық, интеллектуалдық мүмкіндік­т­еріне сәйкестендірудің де маңызы зор. Мысалы, экономикасы қарыштап дамыған шетелдерде ауылшаруа­шы­лық жерлерін жалға беру тәсілі кеңінен қолданылады, яғни жасыратыны жоқ, бұл арқылы мемлекет ауылшаруашылық өндірісіне тиісті мемлекеттік қолдау, бақылау мен реттеу тетіктерін заңды түрде пайдалануға құзырлы бола алады екен. Өркениетті елдердің қайсысында болмасын ауыл­шаруашылық өндірісі мемлекеттік қаржылай қолдаусыз жоғары деңгейге жетіп отырған жоқ дегенімізбен, оның деңгейі мен қаржыландыру тетіктері өндірілетін өнімдер көлемі және сапа­лық көрсеткіштерімен тікелей байланысты болатындығын ескеру керек сияқты. Сондықтан да болса керек, бізде де ауыл шаруашылығына деген субсидия көлемі мен түрлері жылдан-жылға артып келе жатқанымен, өндірі­летін өнімдердің сандық-сапалық көрсеткіштерінде айтарлықтай оң өзгерістер байқалмай отыр. Осыған орай, Елбасымыз да ауылшаруашылық өндірісін мемлекеттік субсидиялау жүйесін жетілдірудің қажеттілігін бірнеше мәрте атап өткен болатын. Бұл жерде менің ойымша, елімізде бүгінгі қолданыстағы шаруашылық құрылымдары бойынша «Ала қой­ды бөле қырыққан жүнге жары­майды» дегендей, субсидиялау жүй­е­сі, басқасын айтпағанда, еліміз агро­өнеркәсіп кешені бойынша тең нарықтық инфрақұрылымдық ортаны қалыптастырмай әлі де біз күткендей тиімді бола алмайды. Бір ғана мысал, асыл тұқымды мал бастарын бағуға ынталандыру үшін де ( сатып алғаны үшін берілетін субсидия емес) субсидия бөлу қажеттілігін түсіну қиын, яғни кәсіпкер табыстылық ауқымын арттыру үшін жоғары өнімділік мал бастарын өсіруге өздігінен құлық­ты болуы керек. Демек, шаруа­шылық құрылымдары бойынша мем­лекеттік субсидиялау жүйесі тек қана асыл тұқымды мал бастарын, жоғары сортты дәнді дақылдар, өсімдіктер тұқымдарын сатып алуға қолданылып, бұл мақсатқа арналған қалған мемлекеттік қаржы тиісінше республикалық, облыстық деңгейлерде орталықтандырылған қаржы қоры есебінен жалпыға ортақ, яғни жайы­лымдықтар мен шабындықтарды сулан­дыру­ға, ауылшаруашылық жер­лері құнарлылығын, малазығындық өсімдіктер қорын, мал азығы құнар­лылығын (құрамажем дайындау), суармалы жерлер пайдалану, сон­дай-ақ, шағын ауылшаруашылық құры­лымдары тиімділігін арт­тыру­ға байланысты іс-шаралар қар­жылан­дырылса, келешекте ауыл­шаруашылық өндірісі тың белеске көтеріледі деп есептеймін. Бұл орайда, бұрынғы озық тәжірибелерді ескеріп, ауылдық аймақтар бойынша жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында, мамандандырылған, ар­найы материалдық-техникалық жаб­дықтармен жасақталған өнді­рістік бір­лестіктер қызметтерін қалып­тасты­ру­дың маңызы зор. Сондықтан да, ауылшаруашылық өндірісін мемлекет субсидиялау жүйесін түбегейлі жетіл­дірмесек, келешекте мал өнім­дерін сырттан сатып алу тиімді бола­тын жағдайға ұрынуымыз әбден мүмкін. Әлемдік тәжірибелер көрсетіп отырғандай, қай уақытта болса да, ауылшаруашылық өндірісінің негізін ірі шаруашылықтар қалыптастырған, яғни олар еңбек өнімділігін арттыруда, инновациялық жетістіктерді пайдалануда, әлемдік нарықта да айтарлықтай беріктігімен ерекшеленеді. Осыған орай өз іс-тәжірибеме сүйеніп ауыл шаруашылығы аудандары деңгейінде мемлекет-жеке­меншік қауымдастығы негізінде ауылшаруашылық өнімдерін өнді­руші, жабдықтаушы және өңдеуші құ­рылымдары кооперацияларын құруды шағын шаруашылық құрылымдар тиімділігін арттырудың бірден-бір ұтымды жолы деп есептеймін. Атап айтқанда, бұл шаруашылық бірлестігінің ерекшелігі: біріншіден, жергілікті атқарушы органдардың, өнімдер өндіруші, материалдық-техникалық жабдықтаушы және өң­деуші шаруашылық құрылым­­дарының, екіншіден, ауылшаруашылық өнім­дерін өндірушілердің мүлкіне, жеріне, өндірген өнімдеріне меншіктік құқығы сақтала, материалдық-техника­лық жабдықталуда, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде, өңдеуде және өткізуде бірлескен қызметтер жүйесі қалыптасады, үшіншіден, бірлестік (кооперация) құралтайшыларының табыс көлемі оған тікелей қатысты қызметтер үлесімен анықталады. Ескеретін жайт, бұл кооперациялық құрылым қызметтерін үйлестіру, реттеу және мемлекеттік қолдау мәсе­лелерімен тиісті жергілікті атқару­шы органдар айналысады. Ауыл шаруашылығы өндірісінде өзекті мәселелердің бірі ретінде ауыл­­д­ық аймақтардағы жеке, отбасы шаруа­шылықтары ерекшеліктерін айтуға болады. Статистикалық мәлі­меттер бойынша, еліміздің қосалқы, отбасы шаруашылықтарында ірі қара малының 76,6%, қойдың 41,2%, жылқының 21,7%-ы өсіріліп, мал, құс етінің 70,0%, сүтінің – 83,3%, тауық жұ­мыртқасының 33,4%, қой жүнінің 63,4%, қаракөл елтірісінің 77,8%-ы өн­діріледі екен. Сонымен қатар, көкөніс, картоп өнімдерінің басым бө­лі­гі­нің де жеке шаруашылықтарда өн­дірілетіндігі жиі айтылады. Осыған орай, еліміздің ауылшаруашылық өндірісін дамытуда басты мақсат неге ауылдық елді мекендердегі жеке қосалқы, отбасылық шаруашылықтар қызметтерін жандандыруға бағыттал­майды деген ой еріксіз келеді. Бірақ та, жеке қосалқы, отбасы ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін шаруашылықтар бойынша тұрақты есеп-қисап құжаттарының өз мәнінде жүргізілмеуінен, оларда өндірілген өнімдер көлемінің нақтылығы да айтарлықтай күмән келтіретіндігін, екіншіден, бұл құрылымдардағы өндірілген ауылшаруашылық өнімдері үлес салмағының жоғарылығы негізінен, жекешелендіруден кейінгі өтпелі кезеңде ауылшаруашылық (астықтан басқа) өнімдері көлемінің күрт төмендеуінен мүмкін болып отырғанын да жасыруға болмайды. Негізінде бүгінде жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтарында өндірілетін өнімдер көлемін нақты анықтау мүмкін де емес деп айтуға болады. Сонымен қатар, бұл құрылымдар ауыл реформасында да, біршама ауыл тұрғындары қоныс аудару фактілерін айтпағанда, басқадай өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Сондықтан жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтарда өнімдер өндіру көлемі бұрынғыдан еселеп артып отыр деп айту қиын. Демек, ауылдық жеке қосалқы, отбасылық шаруашылықтар, оларда еңбек, өнімділік көрсеткіштерін арттыру мүмкіндіктерінің объективті шектеулілігі мен тұрақсыздығына байланысты келешекте де ауыл тұр­­ғындарының ауылшаруашылық өнім­деріне деген өзіндік, ішкі қажет­тілігін қамтамасыз ететін және ауыл­дағы төменгі табыстылық дең­гейін толықтырушы фактор ретін­де қала береді деп ойлаймын. Осы­ған орай, ауылдық жерлердегі отбасы, қосалқы шаруашылық құрылым­дарын­ың мәртебе, дәреже­лерін анық­таудың әлеуметтік-эко­номикалық маңыз­дылығы да артып отыр. Сонымен қатар, мәселенің маң­ыз­ды­лығынан болса керек таяу­да қа­былданған Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақ­стан Респуб­ликасы Заңында жеке қосалқы шаруа­шылықтарда өнімдер өндіру нормасын анықтау туралы айтылған. Бұл да жоғарыда айтылған проблемаларды реттеуге бағытталған шара деп ойлаймын. Кәкімжан САРХАНОВ, Қазақ ауыл шаруашылығы өндірісі экономикасы мен ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты филиалының директоры, а.ш.ғ.д.