Облыс орталығының солтүстік батысында «Жеңіс» паркі бар. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы осы паркте айрықша болды. Өйткені мұнда жастармен қатар жастары кем дегенде 70-80-ге келген қариялар қолына еңбек қаруларын ұстап, тазалық науқанына өз үлестерін қосты.
«Көптен қолыма күрек ұстамап едім, тосырқап қалыппын. Осы күректі өмір бойы ұстап не қазбаған едік, енді, міне, аз ғана ұстағанның өзінде сабы қолды күлдіретіп кетті. Осындай сенбіліктер жиірек болып тұрса ғой, бел жазуға да, күректі жиі ұстауға да жақсы болар еді», деп күледі ағаш отырғызуға жер қазысқан, қалаға көшіп келгеніне 10 жылдай болған Ақымбет ақсақал.
Бұл парктің өзі ерекше. Мұнда шулы музыка, балалардың аттракциондары жоқ, кең жолақты жолдармен еркін тыныстап, қыдырып жүруге болатын жайлы, тыныш мекен. Нағыз қарттар мен жарым көңілді жандардың тыныстауына қолайлы орын. Өзі Есілдің биік жарқабағында, ішіндегі ағаштарымен бірге өзен жақтан таза судың иісі де аңқып тұрады.
Алайда сенбілікке қарттар ғана емес, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала қызметкерлері де, жастар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері де көп келген екен. Жастар болған соң әсем музыка үндері де жұмыс істеп жатқандардың көңілін көтере түскен. Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы осы күні Петропавлда бірнеше тонна қоқыс шығарылып, 500-дей ағаш өскіні отырғызылғанын айтты. Ал облыс бойынша 20 мың ағаш көшеті отырғызылыпты.
Мұның өзі Қызылжар өңіріне тағы бір жасыл орман келді деген сөз ғой. Кеше ғана тасқынның суынан үрпиісіп, алаңдап қалған жарым көңіл қызылжарлықтар «Таза Қазақстан» акциясын қуана қарсы алғандай болды. Жүздері жарқын, дауыстары ашық. Сенбілік жаңа өмір, жас өмірмен байланыстырылғандай. Тіпті күннің сәл салқын, қоңыржай болғанына да ешкім қарап жатқан жоқ, көңілді күйді өздері тудырып жатыр.
«Біз «Таза Қазақстан» акциясының шеңберін «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу» акциясымен толықтырып отырмыз. Бүгін Петропавл қаласы мен аудандарды қосқанда барлығы 20 мың түп көшет отырғызуды жоспарладық. Ағаштардың өзі әртүрлі, олардың арасында өте сирек кездесетін хош иісті ағаштар да болады. Әрине, көбі – біздің сүйікті ақ қайыңдарымыз. Петропавл қаласының өзінде ғана бұл жұмысқа 1,5 мың адам өз еріктерімен шықты. Президент Қ.Тоқаев 2 млрд түп ағаш көшетін отырғызу туралы тапсырма берген еді. Сол тапсырманы іске асыру аясында біз жылдың аяғына дейін 38 млн түп ағаш егуді жоспарладық», дейді облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов.
Ал Қызылжардың түбіндегі Қызылжар ауданында «Таза Қазақстан» акциясына 600-ден аса адам қатысты. Тасқын судан ең көп зардап шеккен қамкөңіл ауданның өзі бүкілелдік акцияға тартынбай қатысқан. Бұл тіпті қызылжарлықтың жыл басынан бері шыққан екінші сенбілігі екен. «Таза Қазақстан» акциясына облыстық барлық аудандары да үн қосып, сенбілікке шықты.