Ел спортының қадау-қадау тұлғаларына айналған өзге этнос өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді жете білетін, жатық жазып, еркін көсілетін жандар жетерлік. Әрине, тілді біреуге үйрен деп түйрей түсіп түртпектеудің пайдасы кем. Өзің сөйле, айналаң өзі-ақ бойын тіктейді.
Ислам Байрамуков:
Отанды сүю – ісіңнен
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келешекте қазақ тілі этносаралық тілге айналатынына сенім білдірді. «Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін», деді.
Сидней жазғы Олимпия ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионы, даңқты балуан Ислам Байрамуков – мемлекеттік тілдің тұғырында тұрақтауына еркін сөйлеу арқылы-ақ өзіндік үлесін қосып жүрген азамат.
«1996 жылы өткен Атланта Олимпиадасына дайындықты арнайы залдың жоқтығынан кинотеатрдың сахнасына кілем төсеп өткердік. Жаттығу біткен соң, теріміз сіңген кілемді жинап алып кетеміз. Біздің кеудеміздегі жалын отын сөндірмеген ішкі қайрат, ерік-жігер еді. Еліміздің мерейін асырсақ деген арман оты тұтанып, сол биікке жету жолында аянып қалмадық. Бақталастық, бақай есеп деген болған емес. Тәуелсіз еліміздің байрағы желбіресе, Әнұранымыз шырқалса деп барымызды салып, жаныға белдестік.
Қазақ тілін үйрену – әр адамның парызы. Мен кіндік қаным тамған Тұрар Рысқұлов ауданының Каменка аулында мектепке барғанша ұлтымның кім екенін білген жоқпын. Көшеде көршілердің балаларымен ойнап жүріп-ақ тіл сындырып, қазақша қамшы салдырмайтын болдым. Әкем мектеп-интернатта қазақ сыныбында оқыған. Үйде бәріміз де қазақша сөйледік. Содан кейін де мен достарымның ортасында қазақша сөйлеуден қиналмадым.
Күрес үйірмесіне келетін балаларды сынау үшін қазақ тілінде сөйлеймін, өзге тілде сұрақ қойса, қазақша жауап қатамын. Жасөспірімдердің арасында шетелде білім алып, ағылшын тілінде оқыған балалар да болады. Мемлекеттік тілді көтеру керек деп ұрандатудың қажеті жоқ, әркім өзінен бастаса болды. Шет тілін білген дұрыс, бір тіл білсең, бір әлемнің есігі айқара ашылады. Осы елде тудың екен, сол елдің тілін үйреніп меңгере алсаң, мүмкіндікке кенелесің. Өйткені сол елдің мемлекеттік тілінде еркін сөйлеу, тереңдей білу – артықшылығың. Өзінің туған елін сүйген, құрметтеген адам қандай сайысқа салсаң да, бар күшін сарқи тартысқа түседі», дейді әйгілі балуан.
Марина Вольнова:
Қазақтың келінімін
2012 жылы Лондонда өткен Олимпия ойындарында бокстан қыздар да додаға қосылды. Ғасырлық тарихы бар Жазғы Олимпия ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет енген қыздар боксының аламанына екі спортшымыз аттанған еді. Саида Хасенова 60 кг, Марина Вольнова 75 кг салмақта сынға түсті. Саида іріктеуден аса алмады, ал Марина жартылай финалға жетіп, қола медаль олжалады. Қазалы ауданының боксшы қызының соққысы қаншалықты жойқын екенін қарсыластары әлі ұмыта қоймаған да шығар. Марина іріктеу кезеңіндегі алғашқы жекпе-жегінде кениялық Элизабет Андиегоға қарсы өткізіп, есеңгірете жеңгені есімізде. Ширек финалда британдық Саванна Маршалдан да жеңісті жұлып алды. Өйткені төрешілер Лондон төрінде өткен додада жергілікті боксшыға бұра тартатыны, жетекке алатыны белгілі. Жартылай финалда америкалық Кларесса Марияға қарсы өткізген жекпе-жегі жайында бұған дейін айтылды да, жазылды да. Лондоннан елге оралған сәтіндегі баспасөз мәслихатында Маринаның мемлекеттік тілде айқын, анық шешіліп сөйлегені, «бұйырғаны осы қола медаль болды» деп өзін-өзі жұбатқаны да жанкүйердің жадында.
Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова Қызылорда облысының Қазалы ауданында өмірге келген. Мектепте орыс сыныбында білім алған саңлақтың тіл сындыруына көршінің балалары орасан үлес қосыпты.
«Лондондағы Олимпия ойындарының қола медалін иеленген сәттегі ішкі толқынысты ешқашан ұмытпаймын. Көк байрағымыз желбіреп, жеңіс тұғырына көтерілген шақта алып-ұшқан сезімді бейнелеп айту мүмкін емес. Елімнің Әнұранын шырқатып, мерейін асырғаныма тәубе деймін. Мектепте орыс сыныбында оқығаныммен, ауылда айналамдағы көршілердің барлығы қазақ балалар болды. Солармен күнұзақ ойнап жүріп қазақ тілін меңгердім. 2018 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен Жазғы Азия ойындарынан соң, спорттық мансабымды аяқтап, жастарға орын босатуды жөн деп таптым. Жолдасым Қажымұқан – әскери адам, екі ұлымыз да спортқа жақын. Қазақ әулетіне келін болып табалдырық аттаған күннен бастап енем өзі бас-көз болып, ет асуды да, жұма сайын жеті шелпек пісіруді де үйретті. Сырға салып ұзатып әкелген күннен бастап енем қазақы тәрбиемен баулыды. Қазақ отбасына келін болып түскенім де мемлекеттік тілді тереңдей меңгеруге септігін тигізіп келеді. Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілді меңгеріп, еркін сөйлей алса, оның артықшылығы дер едім. Өзің өмір сүретін елге деген құрметіңнің белгісі», дейді боксшы Марина.
Галиб Жафаров:
Ниет түзелмей, нәтиже келмейді
Боксшы Галиб Жафаров 23 жасында әлем чемпионатының күміс медалін місе тұтты, 25 жасында әлем чемпионы атанды. Жазғы Азия ойындарында күміс (Пусан 2002), қола (Доха 2006) жүлдесіне қол жеткізді. Азия чемпионатында топ жарды (Манила 2004). Ұлты әзербайжан боксшының да қазақ тілін меңгеруіне араласқан ортасының тигізген септігі көп.
«Менің кіндік қаным қазақ топырағында тамды. Ендеше, мен неге мемлекеттік тілде сөйлей алмауым керек? Рас, мектепте орыс сыныбында, жоғары оқу орнында да орыс бөлімінде білім алдым. Бірақ менің араласқан ортам, спорттағы ұжымым да қазақы болды. Тілді меңгеруіме осы ортаның тигізген пайдасы ұшан-теңіз. Алғашында достарымның қазақша айтқанын қорытып, түсінгеніммен сөйлеуге тартыншақтайтын едім. Өйткені ойымды анық жеткізе алмай қалам ба деген кедергі тұратын. Достарым менің «шүлдірлегеніме» ешқашан күлген емес, керісінше кем тұсымды түзеп, бағыт-бағдар берді», дейді.
Галиб – қазаққа жиен, анасы қазақ. 2003 жылы Таиландтың Бангкок қаласында өткен әлем чемпионатында жеңіске жетті. Финалдық жекпе-жекте неміс боксшысын айқын ұтты. Бірақ сол әлем біріншілігінде Галибтің қарымына шыдамаған боксшылар бір жылдан кейін Афиныдағы Олимпия ойындарында жүлдегер атанды. Бұйырмаған несібе шығар Олимпиада медалі. Әйтпесе зар күйінде жүрген шағында төртжылдық додасына Галиб екі мәрте қатысты, екі рет те ширек финалға жетіп тоқтады.
«Әрине, Олимпиада медалінің мысы да, салмағы да өзгеше. Кім армандамайды? Мен де жетсем деп ұмтылдым, бұйырмады. Десе де әлем чемпионы деген екінің біріне асу бермес шыңға табан тіредім. Кеудеме алтын медаль ілініп, көк туымыз көкке желбірей көтеріліп, Әнұранымыз шырқалған сәтте ғана мен әлем чемпионы атағының салмағын сезіндім. Елімнің мәртебесін биіктеткеніме шүкіршілік айттым. Жеке бапкерім Әлімбек Балмағамбетовтің маған дейін де баулыған шәкірттерінің арасынан алғаш болып осы биіктің асқарына ат байлауым ағайымның да жеңісі еді. Бапкерімді ғана емес, тұтас халықты қуантқанымды ұғындым. Таиландтан елге келген соң да құрмет-қошемет көрсетілді, әлі де жанкүйердің ыстық құшағындамын. Осындай мәртебелі абырой тарту еткен елімнің мемлекеттік тілін білмеуім намысыма сын деп санаймын. Әлі де үйренерім мол, әдеби кітаптарды көбірек оқуға тырысамын. Өйткені менің Отаным – осы ел», деген Галиб тілді үйренуге ортаның әсері зор екенін айтады. Тек кейінгі толқын жастар арасында өз ана тілін үйренуге асығыстық танытпайтындардың шет тілін меңгеруге ұмтылатыны өкінішті дейді. Ең алдымен мемлекеттік тіліңді үйреніп, өзге тілді де меңгеру қажет. Бұл – боксшы Галиб Жафаровтың ұстанымы.
Евгений Поливадов:
Қазақ тілін достарым үйретті
Балуан Евгений Поливадов – 2019 жылы Мажарстанда (Будапешт) жастар арасында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Атырау қаласында өмірге келген балуан 7-сыныпқа дейін орыс мектебінде оқыған. 8-сыныпқа көшкенде әкесі әрі жеке бапкері Александр Поливадов Алматы қаласындағы «Шаңырақ» олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне табыстайды. Мемлекеттік тілді Евгений Алматыға келгенде үйренген екен.
«Біздің бөлімде 60 бала болды, бірақ барлығы дерлік қазақша сөйлейді. Солардың ортасында жүрген өзімнің де қазақ тілін үйренуге деген ынтам оянды. Алғашында қиналдым, екі сөздің басын құрап айту мұң еді, айналамдағылар келемеждей ме деп те тартынатын едім. Жоқ, оңай меңгеріп алдым. Сенсеңіз, қазір достарымның бәрі қазақ. Тек шетелге оқу-жаттығу жиындарына шыққанда ғана өзге мемлекеттердегі достарыммен орысша сөйлесемін. Отбасымызда әкемнің де қазақ тілінде сөйлеуі тәп-тәуір, анамыз да түсінеді», дейді талантты балуан.