• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2015

Басты бағытымыз – қазіргі заманға сай жаңашылдықтарға талпыну

319 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Ақмола облыстық сотының кеңсесі облыс аумағындағы жергілікті соттардың қызметін қамтамасыз етіп, олардың материалдық-техникалық, кадрлық және ұйымдастыру мәселелеріне қатысты бар шаруаны жүзеге асырады. Яғни, сот төрелігін атқару тетігінде сот кеңсесінің алатын орны ерекше және өте маңызды. Ақмола облыстық сотының кеңсесі былтыр департамент бас­шылығының қолдауымен жер­гілікті соттардың жұмысын жетіл­діру және сапасын арттыру бағытында бірқатар нәтижелі іс-шаралар жүргізді. Жұмыстың шы­найы ауқымдылығын айқын­дайтын шаралардың бірі – сот ғимараттарының құрылысы және жөндеу жұмыстары. Қазіргі таң­да тек біздің облысымыз­да ғана емес, республика бойынша сот ғимараттарында қажет­ті алаң­дардың тапшылығы бай­қалуда. Осы мәселені шешу үшін Департамент бастамасымен сот ғимараттарына арналған типтік жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, былтыр Еңбекшілдер, Жар­қайың аудандық және Степ­ногор қалалық сот ғимарат­тары құрылыстарының жобаларын жерге байланыстыру жұмыс­тарына жалпы 8 млн. 71 мың 940 теңге бөлінді. 2015-2016 жыл­дар­ға арнайы заманауи ғима­рат құ­рылыстарын салу жоспарлануда. Жүргізілген жөндеу жұмыс­тарына тоқталар болсақ, Ақмола облыстық және Ақкөл аудандық соттарының ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Мәселен, Ақкөл аудандық сотының ғимараты толығымен кешенді жөндеуден өтіп, сыртқы және ішкі келбетімен бірге ауласының абаттандыру жұмыстары да жүргізілді. Тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалған емес. Былтыр тұрғын үйге мұқтаж жергілікті 9 судьяға қызметтік пәтерлердің кілттері табысталды. Сондай-ақ, өткен жыл басынан бері Жоғарғы Сот депар­та­менті тарапынан 8 жаңа авто­көлік бөлініп, қазіргі таңда осы көліктер аудандық және оған теңестірілген соттардың пайдалануларына берілді. Осыған қоса, биылғы жылы көлемді іс-шаралардың бірі­не – сот мәжіліс залдарын соңғы үлгідегі дыбыс-бейнежазу жүйелерін (ДБЖ) орнату жұмыстарын жатқызуға болады. Жалпы, ДБЖ басты мақсаты сот процестерінің ашықтығын көрсету, халықтың сотқа деген сенімін арттыру жә­не сот төре­лігінің барынша қол­жетім­ділігін қатысушыларға жеткізу. Өйткені, сот билігінің халық үшін ашық әрі қолжетімді болуы – Елбасы мен мемлекет тара­пынан қойылып отырған басты талап. Сонымен қатар, сот жұмы­сының ауыртпашылығын азайтып, яғни хаттамалар элек­­тронды пішімге өтіп, қағазбас­тылықтан арылуға бірден-бір себепші болуда. Жүйені орнату жұмыстары өткен жылдың қараша айында басталса, жылдың соңына дейін облыстағы 26 соттың барлығы дыбыс-бейнежазу жүйелерімен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда мемлекеттік тұрғы­дан маңызды болып табылатын объектілердің қауіпсіз­дігін күшейту шаралары жан-жақты қолданылуда, бұл ретте Ақмола облыстық соты да назардан тыс қалмады. «Мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілердің кей­бір мәселелері туралы» Үкімет қау­лысының талаптарын орындау мақсатында облыстық сот ғимараты «Кіруді бақылау және басқару жүйесімен» қамтамасыз етілді. Бұл жүйенің техникалық, ақпараттық, бағдарламалық үй­ле­сімділігі бар және адамдар мен көліктің кіруіне телеви­зия­лық бақылау жасауға және қа­шық­тықтан басқаруға мүмкіндік береді. Республика судьяларының VI съезінде Елбасы әділ сот төре­лігінің халықтың барлық топ­тары үшін қолжетімді болуын қам­тамасыз етуді, бұл істе электронды ресурстарды кеңінен пайдалануды тапсырған болатын. Міне, бүгінгі күні ел азаматтары мен заңды тұлғалары үшін сот жүйесіне қолжетімділікті арт­тыру және оңтайландыру мақ­сатында «Сот кабинеті» ақпа­рат­тық жүйесі іске қосылып отыр. Азаматтар ақпараттық сер­вис­тердің арқасында өз үйлерінен шықпай-ақ, ғаламтор арқылы сот құжаттарымен таныса алады. «Сот кабинеті» – сот орган­дарының сервисіне электронды түр­де қолжетімді біртұтас терезе. Бұл жоба сот өндірісінің қыз­метін жеңілдетуге, сондай-ақ, азаматтардың уақыты мен қар­жысын, бюджет қаражатын үнем­деуге, сонымен қатар, сот жү­йесінің жеделдігін, азаматтардың сот ақпаратына қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Соттармен арадағы құжат айналымы мәселесі бірте-бірте қағаздан электрондық пішімге ауыстырылып, судьялар мен сот қыз­меткерлері жаңа заман талаптарына сай жұмыстарын жүзеге асыруда. Облыс соттары тараптарды сотқа ұялы телефонның або­ненттік нөмірі арқылы шұғыл хабарлау мен шақырту сервисін сәтті қолданып келеді. Сот азамат немесе заңды тұлғаның сотқа шақыртылғаны туралы қысқа ғана мәтін хабарламасын жібереді. Бұл сервис азаматтар мен заңды тұлғалардың қолайлылығы үшін пайдаланылады. Енді сотқа шақырту туралы мәтіндік хабарламаны қағазға шығарып алуға да болады, мысалы, қажет болған жағдайда жұмыс берушіге ұсыну үшін. Осы мақсатта Жоғарғы Соттың (www.sud.gov.kz) ресми сайтында «Сот шақыртуы» – қысқа мәтіндік хабарламаны қарау мен шығару сервисі жүзеге асырылды. Оны қарап, сот шақыртуын қағазға басып шығарып алу үшін SMS-хабарландыру келген ұялы телефонның нөмірін және хабарландыру мәтініндегі код нөмірін енгізу қажет (хабарландыру мәтініне алты саннан тұратын код қосылған). Осының нәтижесінде пайдаланушының компьютеріне электронды сот шақыртуы жүкте­л­іп, оны қалауыңызша сақтауға және шығарып алуға болады. Тағы бір жаңашылдық – өт­кен жылдың қазан айынан бас­тап Жоғарғы Соттың жанын­дағы соттардың қызметін қам­та­­масыз ету департаменті мен «Қазпошта» АҚ Ақмола об­лы­сының Ерейментау және Қор­ғалжын аудандық соттарында «Гибридтік электронды пошта» қанатқақты жобасы ендірілген болатын. Гибридтік пошта – бұл электронды құралды пайдалану арқылы алушыға жеткізілетін қағаз пошта. Осы жағдайда тапсырыс беру­ші пошта қызметкеріне элект­ронды құжаттарды пай­да­ланушыға электронды тасы­ғышта берілетін немесе пай­даланушының дербес компью­теріне жіберілетін электронды хабарламаны жолдап, ол пошта мекемесінде қағаз түрінде шығарылып, конверттерге салынып алушыға шұғыл жет­кізіледі. Бұл бір жағынан тапсырыс берушінің хат-хабарды жі­беру шығынын азайтып, көп көлемдегі шоттар мен хабарлама­ларды, ал екінші жағынан, пош­та қыз­меткеріне қағаз хаттарды жеткізу бойынша қолайлы және сапалы қызмет ұсынуға мүм­кіндік береді. Сот жүйесіне заманауи технологияларды енгізу және қолдану сот ісін жүргізуді оңайлатады, төрешілдік тосқауылдарды жояды, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен байланысын азайтады, бұл сыбайлас жемқорлықтың орын алмауын қамтамасыз етіп, азаматтардың уақытын және қаражатын үнемдейді, халықтың сот жүйесінің жариялылығы мен қолжетімділігіне көз жеткізуге мүмкіндік береді. Данияр САРЫМСАҚОВ, Ақмола облыстық сотының кеңсе басшысы. КӨКШЕТАУ.