Тасқын судың зардабын жою іс-шаралары аясында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету ісіне жекелеген кәсіпкерлердің де атсалысып жатқаны қуантады. Мысалы, Қостанай облысының Қызылжұлдыз аулындағы баспанасы суға кеткен көпбалалы отбасына жергілікті кәсіпкер, «Возрождения» неміс этно-мәдени орталығының басшысы Сергей Блок үш бөлмелі пәтер алып берді.
Көпбалалы ана Мәдина Әбілғазиеваны осыдан екі-үш жыл бұрын Қызылжұлдыз аулының тұрғындары бала саны толмай жатқан жергілікті мектепті сақтап қалу үшін арнайы шақыртып алған. Болашағы бұлыңғырлау болып, жабылып қалайын деп тұрған білім ошағына Мәдинаның өзі мұғалім, жолдасы от жағушы болып орналасады. Бұған қоса төрт баласы бірдей осы мектептің оқушысы атанып, сиреп қалған балалардың қатарын көбейтеді. Жаңа орынға біржола тұрақтап қалуды ұйғарған көпбалалы отбасы ауылдың байырғы тұрғынынан 300 мың теңгеге үй сатып алады. Бірақ оны заңдастырмаған. Сол үйі суға кеткен Мәдина амалсыз Арқалық қаласындағы қоғамдық штабқа келіп жүгінеді. Штаб атқарып жатқан сан-салалы жұмыстың бір бағыты да осы: Мәдина секілді не үйі, не құжаты жоқ тұрғындардың қамымен заңгерлермен, қайырымды кәсіпкерлермен сөйлесіп, мұқтаж болып қалған отбасыларды тығырықтан шығаратын жол іздейді.
Неміс ұлттық орталығының басшысы, кәсіпкер Сергей Блок та Мәдинаның отбасындағы жағдайды өңірлік штаб арқылы естіп білген. Атымтай жомарт кәсіпкер көп ойланбастан көпбалалы отбасымен кездесіп, Арқалық қаласынан үш бөлмелі жайлы пәтер сатып әперді.
«Жағдайымызды айтып, алдарына барғанда меселімізді қайтармаған, жан-жақты нақты көмек беріп жатқан облыс, қала басшылығына, қайырымын тигізіп, осындай кең үйді алып беріп жатқан Сергей Ивановичке зор алғысымды білдіремін», дейді бес баланың анасы М.Әбілғазиева.
Қостанай облысы