Сейсенбі күні, таңертең самурай семсерімен қаруланған ер адам Лондон көшелерінің біріне шығып, өтіп бара жатқан адамдарға шабуылдаған. Ер адам 14 жастағы баланы өлтіріп, бірнеше адамды, соның ішінде полиция қызметкерлерін де жаралаған, деп хабарлайды Egemen.kz Astana TV сайтына сілтеме жасап.
Лондон полициясының басшысы Стюарт Белл аталған қаланың Хайнот ауданында болған оқиға салдарынан 13 жастағы бала көз жұмып, тағы төрт адам жарақат алғанын хабарлаған. Кейін полиция жан тапсырған баланың 13-те емес, 14 жаста екенін анықтады. Зардап шеккендер дереу ауруханаға жеткізілді. Стюарт Беллдің айтуынша, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
36 жастағы шабуылдаушыны тұтқындаған полиция аталған шабуылды террорлық әрекет деп есептемейтінін мәлімдеді.
Лондон полициясы комиссарының орынбасары Луиза Рольф шабуылдаушы ауруханада жатқанын, оның ресми түрде тұтқындалғанын, бірақ оның жағдайына байланысты әлі жауап алынбағанын айтқан. Айта кетейік, полицейлер қылмыскерді қолға түсіру үшін дистанциялық электрошокер құрылғысын қолдануға мәжбүр болған.
«Оның қолында үлкен самурай семсері болды. Барлығын бөлме терезесінен көрдім. Содан кейін ол бір-екі үйдің арасына кіріп кетті, мен далаға жүгіріп шықтым. Полицейлер оны электрошокермен ұрғанын байқадым», деді жергілікті тұрғын Крис Бейтс BBC радиосына берген сұхбатында.