Германиядан сәлемдеме жіберіпті. Әдемі алтын жүзік. Шеті қазақы нақышпен өрнектелген. Дәл ортасында қос қанатын керіп, зулап ұшып бара жатқан қарлығаштың пішіні. Бәлкім, ат тұяғы жетпейтін ту алыстағы көзкөрген, күні кеше ғана орталарында құлын-тайдай тебісіп күн кешкен жұрттың сарытап сағынышын алып-ұшып жетсін деді ме екен, кім білсін? Жүзікті тапсырыспен жасатқаны көрініп тұр. Әйтпесе, кіл немістің ортасында қазақы нақышпен дәл осындай жүзік соға қояр ма екен?
Наурыз айында ондағы жұрттан бейнебаян жеткен. Қызылсаяда өскен Александр Бокк, Полина Бокк, Павел Гертельдер отбасымен ақ дастарқан басына жиналыпты. Қайдан тапқанын кім білсін, сары қымыз сапырулы. Дастарқанның үстінде нарттай қызыл бауырсақ. Сәлден соң Павел астауға салынған ет әкелді. Туырылып түскен қазы, қыртысы қалың тұтас жамбас, ұзын омыртқа, жал мен жая. Содан соң сөз сөйлеген. Өздері атажұрт санайтын қалың елді жыл басымен құттықтады. Күні кеше кір жуып, кіндік кескен топырағына, артында қалған еліне береке, бақыт тілеген. Тебіреніп тұрды, толғана айтты. Сөзінің соңында Германияда құстың сүтінен басқаның бәрі бар екенін, шаршысына толып тұрса да, қияндағы Қызылсаяның қотанындағы тасқұдықтың тастай суын сағынатынын жеткізген. Дәл сол сәтте ақ сары өңі алаулап, кірпігіне тасқұдықтың мөлдір суындай қос тамшының ілініп қалғанын көрдік.
Тасқұдығын біз де көргенбіз. Қырық күн шілдеде суы сарқылмайтын, етек-жеңі кең пішілген Қызылсая аулының жаны тұрмақ, малын да мелтектетіп шөлін қандыратын құдық. Табиғи тастармен шегенделген, жоғары жағы жуан ағаштармен көтерілген көне құдықтың суын ешбір зертхана тексеріп көрмеген. Әйтсе де, нешеме жылдан бері шөліркеген жанның шөлін қандырып келе жатыр. Үріп ішіп, шайқап төгіп отырған Германиядағы неміс ағайын осы құдықтың суын аңсайды.
Былтыр бір қауым жұрт, әлденеше отбасы бірлесе сапарлап, ыстық ұяларына келіп кеткен. Туған жердің топырағына табандары тиісімен мұндағы жұрттың қызығына қайырлы болсын, қайғысына қайырын берсін деп көңіл білдірген. Бұрынғының жолымен бата жасапты. Ауылдағы молда атаны алдырып, құран бағыштатыпты. Облыс орталығындағы мешіттің асханасында өздері жақсылығын көп көрген, құдды ет жақын туыстарындай болып кеткен жерлестерінің аруағына бағыштап ас беріпті.
– Жаман аурудан жасқанып, бірер жыл ел бетін көре алмай кеттік, – депті Александр Бокк, – қайғыларыңызға ортақпыз. Бір үйдің баласындай болып өсіп едік. Қиян шетте жүрсек те, сіздерді ойлап жүреміз. Жалғыз Қызылсаяның ғана емес, тұтас Қазақстанның жетістігін, жақсылығын естісек, төбеміз көкке бір елі жетпей қалады.
Дәм қайтарып тұрған соң, Александрды қаумалаған мұндағы жұрт үдере көшкен елдің амандық-саулығын сұраған.
– Сен мұсылман емессің ғой, – деп қалжыңдапты құрдасы Думан, – мешітке неге кіресің?
– Ниетіміз таза, – деген Александр Бокк, – кеше моншаға түстік, ғұсыл дәрет алдық, тәніміз тазарды. Ал жанымыз ежелден таза ғой.
Қалай тамаша айтқан. Қара сөздің қаймағын қалқитын біздің шешендер дәл осылай айта алар ма еді?
Көкшетау қаласы