Жарқын жаздың халыққа тағы бір табиғи қаупі бар. Бұл – ұзақ уақыт тамшы тамбай, шөбі мен ағашы қурап қалған жерлердегі өрт. Уақытында ауыздықталмаса, оның да қасіреті аз емес. «От пен су – тілсіз жау» дегенді халқымыз бекер айтпаған.
Мамандар өрт қауіпсіздігі маусымын қар кеткен сәттен бастап, жаңбыр тұрақты жауатын кезге дейін болады деп есептейді. Демек бұл уақыт – 15 сәуір мен 15 қазан аралығы. Өрттің де түрлері бар: болмайтын, шамалы, орташа, жоғары және төтенше жоғары деген бес топқа бөлінеді. «Қазгидрометтің» Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалының директоры Қымбат Мірғалымова жоғары және төтенше жоғары өрт қауіптілігі жағдайы туындаса, бірден жеті тәулікке дейінгі аралықта төтенше жағдай қызметтері мен облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктерге дабыл қағылатынын айтты.
«Өрт қауіптілігінің қандай класқа жататынын «Қазгидрометтің» күн сайынғы бюллетеньдерінде жариялап отырамыз. Сонымен ұзақмерзімдік болжаулар да жасалады. Биылғы жазда мамыр мен маусым айларының орташа температурасы Солтүстік Қазақстан облысында қалыптағыдан 1-2 градусқа жоғары болады. Оның үстіне мамырда жауатын жаңбыр мөлшері де жылдағы нормадан төмен болады деп болжанып отыр. Осының өзі өрт қауіптілігін арттыра берері сөзсіз. Жағдай күрделі бола бастаса, алдын ала онкүндікке немесе бір аптаға жасалатын ауа райының болжамында өрт қаупі туралы айтылып, штормдық ескертулер жасалмақ», деді Қ.Мірғалымова.
Жазғы ауа райының болжамына қарағанда, мамыр айының орташа температурасы +15-16 градусты көрсетеді. Бұл, жоғарыда айтқанымыздай, нормадағыдан 2 градусқа жоғары. Айдың алғашқы онкүндігінде кей жерлерде ауаның температурасы күндіз 15-16 градус жылы болғанымен, түн мезгілінде 5 градустық ызғарға дейін төмендейді. Ал екінші және үшінші декадада күн құбылмалы болады, кей күндері ыстық 23–28 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Осы айлардағы жауын-шашынның түсуі 25–39 мм болып, норманың маңында болады. Желдің секундына 15–20 метрге дейін көтерілуі айдың аяғында деп болжанған. Шілде мен тамыз айларындағы ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері – жылдағы норманың маңында. Биылғы ауа райы 1994 жылға келеді деп болжанып отыр. Демек шаруа адамдары, диқандар сол жылдың ауа райы қандай болғанын іздегені абзал.
Төтенше жағдайлар департаментінің орынбасары Дмитрий Растихин облыстағы өрт қауіпсіздігі туралы біраз мағлұматты алға тартты.
«Жыл басынан бері облыста 139 өрт болып, 51 млн теңгенің шығынын келтірді. Өрттің кесірінен 13 адам көз жұмып, 23 адам жарақат алды. Салыстыру үшін айтар болсақ, өткен жылдың осы кезеңінде 144 өрт тіркелген еді, алайда оның шығыны биылғыдан 20 млн-ға аз, адам шығыны да 11 болған. Ал жараланғандар бар-жоғы алты-ақ адам еді», деді ол.
Биылғы сәуірдің 8-інен қауіпті өрт маусымы басталған, алайда содан бері екі рет үлкен өрт орын алды. Екеуі де Мамлют ауданында, 2 гектардан аса жердің қамысы өртенді. Қар кетіп, жер құрғаған мезеттен былтырғы қау шөптің, қураған қамыстың өрттенуі жиілейді. Ал бұл өрттер тұрғын үйлерге, өндіріс орындарына жайылуы да жиі болады. Осындай қауіптерді ескерту үшін азаматтық қорғаныс пен полиция қызметкерлерінен, жергілікті атқару органдары өкілдерінен 40 жедел топ жасақталып, халыққа өрт қауіпсіздігін алдын ала ескертіп жатыр.
Былтыр Петропавл қаласының «Береке» шағын ауданында көпжылдық қураған қалың қамыстың күюінен үлкен өрт болып, сол маңдағы бірқабатты 9 тұрғын үй, 2 автобус, гараж және автобус паркінің тұрақ орны түгі қалмай күйіп кеткен еді. Жалыны аспанға көтерілген қызулы өрт маңына ешкімді жолатпаған. Бұл қамыс сол жерде болған көлдің орнындағы батпаққа өскен. Көп жыл бойы су келмегендіктен көл осылай құрғаған. Артынан белгілі болғанындай, өрт біреудің темекі тұқылын қамысқа тастай салғанынан туған. Д.Растихин өзінің сөзінде осы мысалды еске алып, тұрғындарды өрт қауіпсіздігін бекем сақтауға шақырды.
Солтүстік Қазақстан облысы