Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі барлық өңірді сапалы интернетпен қамтуға баса мән беріп отыр. «Цифрлық теңсіздікті» жою – маңызды. Сол себепті де халық аз қоныстанған аймақтарға кең жолақты интернет қолжетімділігін ұсыну жөніндегі жобалар көптеп іске асырылып жатыр. Экономикалық әлеуетті арттыру мен азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін Қазақстанның әрбір тұрғынын 100 Мбит/с-дан интернетпен қамтамасыз ету мақсаты тұр.
Нақты іске келсек, 176 ауыл абоненттік қолжетімділік технологиясы ретінде «Wi-Fi Hotspot» желісіне қосылды. Осы ауылдарда кеңжолақты қолжетімділік қызметтерімен 17 мыңнан аса адам қамтылды. Қазақстанның ғарыш саласын дамыту тұжырымдамасында еліміздің мүддесі үшін 328 ауылды кеңжолақты интернетке қосу міндеті бар. Ол үшін қазіргі заманғы кеңжолақты геостационарлық емес байланыс желілерінің шешімдерін дамыту қажет. Осыған байланысты «Көктерек» ОКЖ аумағында «OneWeb» геостационарлық емес байланыс желісін қосатын станса құру жұмыстары аяқталып қалды. Коммерциялық қызметтерді ұсынуға техникалық дайындық биылға жоспарланған.
«Ghalam» және ҚҒС алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – СбИК - кешенінің барлық инфрақұрылымын алдағы жобаларға сақадай сай ету. СбИК дегеніміз – Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені. Осы жолда «Ghalam» СбИК операциялық біліктілігі бойынша бірқатар тапсырманы сәтті орындады. Бұл – француз мамандарымен бірлесіп жүргізілген жүйелік-антенналық полигонның сынақ учаскесін орнатудағы техникалық персоналдың да, технологиялық жабдықтың да дайындығының көрсеткіші. Сондай-ақ «Airbus D&S» компаниясымен бірлескен жұмыстардың қорытындысы бойынша 2023 жылы СбИК кешені өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді.
Ал былтыр осы саладағы маңызды жоба – орта ажыратымдылықтағы Жерді қашықтан зондтау спутниктерінің топтамасын құру болды. Жоба агрокультуралық сектордың, төтенше жағдайлардың, сондай-ақ табиғи ресурстарды пайдаланудың мониторингі бағытындағы мәселелерді шешуге бағытталды. Былтыр «JerInSpectr» және «Minerals.gov.kz» цифрлық платформалары коммерциялық пайдалануға берілді. Цифрлық платформаларды енгізу бойынша жоспардың орындалуы 40 пайызды құрады.
Биылғы наурызда «BAIKONUR» мобильді қосымшасының көмегімен тестілік режімде «Kazakhturism» өкілдеріне «Зенит-М-ға» баруға рұқсат берілді. Болашақта «Байқоңыр» кешенінің барлық объектісіне, зымыран тасығышты дайындау және ұшыру кезінде қосылған объектілерді қоспағанда, осы мобильді қосымшаның көмегімен жіберу жоспарланып отыр.
Өткен жылы В.Г.Фесенков атындағы Астрофизика институтында астрономиялық зерттеу хабын құру бойынша маңызды жоба іске асырыла бастады. АстроХаб – Ассы-Түрген обсерваториясындағы отандық және халықаралық оптикалық телескоптарды, жерге жақын ғарыш кеңістігін мониторингтеу кешендерін, жердегі обсерваториялар үшін оптикалық-механикалық аспап жасауда құзыреттілігі өсуін қамтамасыз ететін бақылаулар деректерін жинаудың, талдаудың, сақтаудың аппараттық-бағдарламалық құралдарын байланыстыратын бірыңғай экожүйе. Осы жұмыстардың бәрі ғарыш саласын игерудің, кеңжолақты интернет игілігіне жетудің – басы.
Сондай-ақ Цифрлық даму министрлігі Қолжетімді интернет» жобасын іске асырмақ. Қазір қолданыстағы заңнамаға және қаржы тетіктеріне өзгерістер енгізіліп жатыр. Министрліктің хабарлауынша, осы саладағы негізгі басымдықтың бірі – білім деңгейі мен экономикалық әлеуетті арттырып, Қазақстанның әрбір тұрғынын 100 Мбит/с-дан астам сапалы және қолжетімді интернетпен қамту. Сондықтан бұл тұрғыда «Қолжетімді интернет» – іргелі ұлттық жоба. Шағын және орта байланыс операторларын қолдау стратегиясы жоғары жылдамдықты интернетті 400 мың үй шаруашылығына жеткізуге және азаматтар үшін цифрлық технологияларға қолжетімділікті айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.
Мысалы, шалғайдағы және халқы аз ауылдарда электр бағаналары бойынша желілер тартылып, жағдай жасалынбақ. Бұл оларды интернетке қосуды жеделдетуге және шалғайдағы ауылдарға интернет-провайдерлерді кеңейту және жақсартуға, шағын және орта байланыс операторларын субсидиялауға мүмкіндік береді.
– Біз осы жобаны іске асыру арқылы біршама нәтижеге қол жеткізуді жоспарлап отырмыз. Министрлік салалық мемлекеттік орган ретінде Қазақстанның барлық халқын жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мақсатын көздейді. Яғни басты мақсат – 2027 жылға қарай, ауылдарда дамыған телекоммуникациялық инфрақұрылымға қол жеткізу, бұл қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті азайтуға көмектеседі. 2027 жылы жоба аяқталғаннан кейін кемінде 2,3 млн ауыл тұрғыны жылдамдығы 100 Мбит/с құрайтын Интернет желісіне қол жеткізу арқылы жоғары жылдамдықты байланыс инфрақұрылымына қосылады, – деп түсіндірді Телекоммуникация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов.
Бүгінде елімізде 90-ға жуық орта және шағын оператор жұмыс істейді. Олардың ішінен шағын және орта операторлар қауымдастығы құрылды. Осы шағын және орта байланыс операторлары саланың телекоммуникациясын және нарықта саламатты бәсекелестікті дамытудың тірегіне айналып отыр. Министрлік осы операторлардың дамуына кедергі келтіретін мәселелерді анықтап, шешуі қажет. Ғарыш саласы, операторлар мен байланыс инфрақұрылымын дамыта алсақ, цифрлық теңсіздіктен құтылудың ауылы алыс емес.