• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2010

ОРЫНДАУШЫЛЫҚ ТӘРТІПТІҢ АРҒЫ ЖАҒЫ МЕН БЕРГІ ЖАҒЫ

1112 рет
көрсетілді

Бүгінгі күні еліміз әлі де болса ел басқару жүйесінің қалыптасу кезеңін басынан өткеріп жатқаны белгілі. Жаңа қоғамымыздың келешек дәстүрлерін, күнделікті тіршілігін реттейтін мемлекетіміздің негізгі заңнамалық құралдары мен құқықтық ережелері біршама өмір сынымен шыңдалып, бүгінгі күннің талаптарына сай қолданылып жатыр. Мекемелерде үнемі жүргізіліп отыратын әкімшілік реформалардың да нәтижелері баршылық. Әр деңгейдегі мекемелердің басқару жүйелері нығайып келеді, басқарушы кадрлардың да кәсіби икемділіктері мен біліктіліктері өсу үстінде. Әйтсе де, бүгінгі таңда мекемелердің өндірістік үдерістерінде тапсырма бе­ру­ші мен тапсырманы орындаушының ара­сындағы қарым-қатынастар бір жүйе­ге келді деп айту қиын. Тапсырма бе­руші тиімді болатын әкімшілік бас­қа­ру тәсілдерімен және үнемді болады-ау деген қаржылық ынталандыру әдіс­терімен тапсырманы орындатуға ұм­тыл­са, ал тапсырма алушы оны дер кезінде орындаудың мүмкін болатын амал­да­рын жасауға тырысады. Сонымен қатар, берілген тапсырмаларда қойылған та­лаптарға сәйкес орындаушыдан белгі­ленген уақытында толық және сапалы нәтижелер алу қиындап кетті. “Орындаушылық тәртіп” сөз тіркесі бүгін әкімшілік басқару үдерістерінің кө­кейкесті ұғымдарының (бағалау көр­сеткіштерінің) бірі болып отыр. Меке­ме­лерде орындаушыға берілген тап­сырманың орындалған нәтижелеріне бақылау жасап қадағалау үшін бірінші кезекте жазбаша есеп-ақпарат сұрату терең қалыптасқан. Қажетті жағдай­лар­да сол алынған ақпараттың шынайы екенін біліп, тапсырманың орындал­ға­ны­на көз жеткізу мақсатында тапсырма иесі тексерулер жүргізеді. Әрине, бәрін де жазбаша есеп-ақпараттар алу арқылы біліп отыру тиімді болар еді, бірақ жос­парлы тексерулер жүргізу жұмыстары да мекемелердің қажетті функцияларының қатарынан әлі түсе қойған жоқ. Орын­даушылардың атқарған жұмыстарын барып тексеріс жүргізу арқылы тапсыр­ма­ны қадағалау қосымша уақытты да, қосымша күш жұмсауды да қажет етеді. Бү­гінгі таңда, ақпараттық технология­лар­дың дүрілдеп тұрған заманында орын­даушылар сол есеп-ақпараттарын қиыннан қиыстырып, айналасын теп-тегіс етіп жұмырлап, әдемілеп жазуды әбден меңгеріп алған. Кейбір жағ­дай­лар­да сол ақпараттарды оқып отырып қан­шама қыруар іс-шаруаларды тынды­рып тастағанымызға өздеріміз де таң­қа­лып жататынымыз тағы бар. Өкініш­ке қарай, берілген ақпараттардың маз­мұнынан тапсырманың шын мәнінде дұрыс та нақты орындалуын аңғару мүм­кін болмай жатады. “Әдемі” жа­зыл­ған ақпараттардың “астарына” үңіліп шындықты білу де, “ала жіппен тігілген жіктерін” ажырату да қиынға соғады. Соның салдарынан тапсырмалар бел­гіленген уақыттарынан негізсіз кешігіп, сапасы да, көлемі де тапсырмада көр­се­тілген тиісті талаптарға сәйкес келмей орындалып немесе орындалмай жатады. Тіпті осы мақсатта бөлінген қаржы-қара­жаттың өзі де дұрыс игерілмейді немесе орнымен жұмсалмайды. Орындаушылық тәртіптің арғы жа­ғында да, бергі жағында да орын алып отырған олқылықтар аз емес. Екі жақ­тың аражігін тапсырманың орындалуы туралы есеп-ақпараттың берілген күні­мен межелеп, арғы жақта жүрген орын­даушының жасап жататын күнделікті тіршіліктеріне біршама үңіліп көрейік. Жұмысына тиянақты орындаушы тапсырма берілген күннен бастап оны жүзеге асыру үшін іс-қимылдар жоспа­рын жасап, бар ынтасымен іске кіріседі. Егер қисынды себептермен тапсырма уа­қытында және толығымен орын­дал­майтыны алдын ала белгілі болса, онда ол тапсырма иесін дер кезінде хабардар етіп, тығырықтан шығу жолдарын шұ­ғыл бірге қарастырып, арадағы өзара ке­лісілген қажетті шешімдерді бірге қа­былдайды. Жоспарлы жұмыс атқара­тын, жауапкершілігі де, ынтасы да жеткілікті орындаушының тапсырманы дер кезінде және толық орындауға мүм­кіндіктері де мол. Ал орындалу мерзімі келгенше тапсырмаға немқұрайлы қарап, жайбарақат жүрген келесі бір орын­даушы есеп-ақпарат берудің уақы­ты келген кезде түймедейді түйе­дей етіп көрсету үшін әбігерге түседі және оның маңайында сыбайлас жем­қорлықтың да ауылы алыс жүрмейтіні белгілі. Мұндай әрекет жасауға басшылықтың алдын­да­ғы әкімшілік немесе басқа да қыл­мыстық жазаға тартылу қорқынышы да себеп болып жатады. Әрине, орын­даушының осындай ыңғайсыз жағ­дай­лардың болатынын алдын ала біле тұра орындаушылық тәртіпті бұзуға баруын ойға сыйғызу қиын... Өз кезегінде тапсырмалар орындау­шы­ның еңбек шартымен әкімшілік қа­рым-қатынаста жүрген жұмыс орнын­дағы функционалдық міндеттеріне немесе екі жақтың белгілі бір өзара арнайы жасалған келісім-шарттарының мәселелеріне қатысты беріліп жатады. “Орындаушының белгіленген тиісті еңбекақысының тиімділікпен өтелуін, келісім-шарттарда заңды жолмен өзара уәде етіп қабылдап алған мүдделі жақ­тардың міндеттемелерінің толығымен орындалуын қалай мүлтіксіз қамтама­сыз етуге болар еді... ” деген сұрақ кез келген басшының көкейінде жүргені анық. Қосымша ынталандыру жүйесін қамтитын еңбекақыны айтпағанда, орындаушының өзіне тиесілі еңбекақы мөлшерін оның өз маңдай терімен то­лық өтелуін қамтамасыз етудің қажет­тілігі туындайтын жағдайлар мекеме­лер­де аз емес. Әсіресе, салық төлеп отыр­ған қарапайым азаматтардың есе­бінен қаржыландырылатын бюджеттік мекемелердегі орындаушыға орындау­шылық тәртіптің әлсіздігі салдарынан оның тиесілі еңбекақысының тиімсіз және орынсыз пайдаланылуына ешқан­дай жол бермеген жөн. “Есеп-ақпараттар әдемі жазылып және уақытында келсе болды, арғы жақ­тағылар (орындаушылар) нақты болып жатқан жағдайларға өздері жауап бере жатар” деген үмітпен бергі жақ­та­ғылардың (орындатушылардың) ақпараттың мазмұнына терең үңілмей-ақ тапсырманың толық орындалуына қатысты “соңғы нүктені” қоя салатыны тағы бар. Тапсырманың алдына қойған мақсатына қол жеткізілген кезде ғана оның толық және сапалы орын­дал­ғанын құптап “соңғы нүкте” қоюға бо­ла­ды. Мекеменің шектен шығып қағаз­басты болып (бюрократияланып) жата­тын аппараты келіп түскен есеп-ақпа­рат туралы құжаттың сыртқы түріне қа­рап-ақ мәселені “жабылды” деп бас­шы­лықтың қорытынды шешімін дайындау үшін асығуға бейім. Есеп-ақпаратты белгіленген уақытында беру мен тап­сыр­маны нақты шынайы орындап ат­қарудың айырмашылығын шатастырып алатын орындаушылар да аз емес. “Тап­­сырманы орындауға асық” деген қа­ғи­даны дәлме-дәл түсінетіндер оның орындалу сапасын екінші кезекке қойып жүр. Қаржылық ақысы көрсетілген тап­сырманың орындалғанына көз жеткізу үшін қаржы “игерілді” немесе “толық иге­рілмеді” деген мекеменің қаржы құ­ры­лымының (бөлімінің) есеп-ақпара­тын негізге алу жағдайлары дұрыс емес ұстаным. Қаржының игерілгені туралы ақпаратпен бірге тапсырылған жұмыс көлемінің толық және сапалы орындал­ғаны туралы нақты есеп-ақпаратты бір уақытта және байланыстыра отырып қарастырғанымыз дұрыс. Орындаушылық тәртіп көпжақты үде­ріс десек, оның тағы бір ерекше назар аударатын жағы – ол “орындату­шы­лық тәртіп”. Оның ішінде тапсыр­маның мазмұнының түсінікті болмай жатуы мен қойылатын талаптардың әл­сіз болуы да орындалу сапасына кері ықпалын тигізіп жатады. Орындату­шы­ның өзі де өзінен жоғары жаққа орын­даушы болып табылады. Ол өзіне тие­сілі қызметіне сәйкес орындаушының жұмысына басшылық жасап, қадағалап, үйлестіріп, оны қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп отырады. Кейбір жағ­дайларда сол орындатушының өзі де, әсі­ресе, орындалуы тым ұзақ уақытты қа­жет ететін, тым күрделі әрі қиын тап­сырмаға қатысты жоғары жаққа “орындаймыз” деп асығыс уәде беріп жатады. Дегенмен, артынан ыңғайсыз жағдайдан шығу үшін, уәде берген уа­қыт аралығында болмай жатқан нәрсені болдыруға орындаушыны мәжбүрлеудің сапалы нәтиже бермейтіні анық. Сондықтан да орындаушылық тәр­тіп­тің арғы жағында іс-шаралардың орындалуына қатысты орындаушының нақты қимылдары жатса, бергі жағында тапсырма берушінің (орындатушының) тапсырманың мазмұнын түсінікті етіп беруге, оған қойылатын тиісті талап­тар­ды анықтап беруге, орындалу барысына бақылау мен тексеру жасап отыруға, олардан алынған есеп-ақпаратты әділ сараптама жасап қабылдап алуға қатыс­ты төл міндеттері мен жауапкерші­лік­тері жатыр. Тапсырманың орындалу сапасына оның орындалғандығына баға беретін көрсеткіштердің анық болмауы­ның да, орындалуының аяқталу түрі мен мерзімінің нақтыланбауының да кері ықпалы аз емес. Мүмкін, бүгін, орындатушылардың тапсырманың орындалу барысын қаншалықты дұрыс ұйымдастыра алғанын қарастырып және баға беріп отыратын тәртіп орна­ту­дың да кезегі келген шығар... Тапсырма берушінің де, орындау­шының да қызметтік іс-қимылдарының нәтижелеріне олардың бағыныстағы мекемелерінің және қоғам өкілдерінің тарапынан әділ баға беру жүйесі әлі де болса дамымай келеді. Қолданыстағы жүрген сондай жүйелердің қай-қайсысы болса да объективті баға беруге келген кезде мүдделі жақтардың субъективті ық­палынан шыға алмай жатады. Меке­ме­нің бақылау, қадағалау және тексеру жұмыстары қоғам өкілдерінің де на­за­рында болса соғұрлым бұл үдерістердің нәтижелерінің әділ баға алуының ық­тималдылығы жоғары болар еді. Қоғам­дық бақылауды мемлекеттік бақылау­дың құрамдас бөлігі ретінде қарастырып және оның көмекші құралы ретінде пайдалану артық болмас еді. Сондықтан да қоғамдық бақылаудың, әсіресе, қо­ғамдық бірлестіктердің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Бұл, әрине, құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді қажет етеді. Тапсырманың орындалғаны туралы неғұрлым көп және көлемді құжаттар дайындалса, оны айқындайтын дәлел­дер де соғұрлым көп болады деген қате ұғым есеп-ақпарат қағаздары санының негізсіз көбеюіне әкеліп соғады. Сон­дықтан да әр басқару деңгейінде отыр­ған басқарушы тұлғалар (орындату­шы­лар) өз құзыретінің аясына қатысты қа­жетті шешімдерді дер кезінде толық қа­былдап отырса, құжаттамалық қағаздар­дың саны да біршама азаяр еді. Соны­мен қатар, жеке жауапкершілік пен ұжымдық жауапкершіліктің аражігін ажырату арқылы орындаушылық тәр­тіпті де, орындатушылық тәртіпті де күшейтуге болар еді. Өйткені, кейбір жағдайларда тапсырманың орын­далуына қатысты жеке жауапкершілік ұжымдық жауапкершіліктің көлең­кесінде қалып қойып жатады. Тапсырманың орындалуы туралы есеп-ақпаратқа сараптама беретін әр деңгейдегі бақылаушы-орындаушылар оны мақұлдау үшін жеке қолдарын қояды. Қол қоюшылардың алдын ала белгіленген тізімі мен қол қою реті болады. Әйтсе де, өкінішке қарай, қа­ғазбасты болып жататын мекемелердегі асығыс жағдайлар мен ұжымдық жауап­кершіліктің көлеңкесі өз кезегі келген келесі қол қоюшыны алдыңғылар қойған қолтаңбаларға қатысты пікірлерге еріксіз алаңдатып отырады. Кешегі кеңес дәуірі кезінде әлеу­меттік-экономикалық ақпараттың тө­мен­нен жоғары жақтың назарына жет­кенше “өсу, ұлғаю, күшею, құбылу, түр­лену...” сияқты қисық заңдылық­тары болатын. Сондай “түрленген” ақпараттар басшылыққа алына отырып жалпыға бірдей қарапайым халықтың әл-ауқатына қатысты шешімдер қабыл­данып отыратын. Ақыры сондай есеп-ақпараттардың қажетті деген нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайға сәйкес келмеуі Кеңес өкіметінің іштей шіріп құлауына алып келді. Сондықтан да ондай қисық заңдылықтарды болдырмаудың жолдарын бүгін қарастыруымыз керек. Тапсырмаға қатысты түскен есеп-ақпарат­қа сараптама жасайтын құры­лым мен оның орындалған нәти­же­лері­не тексеру жүргізетін құрылым жұмыс барысында бір-біріне тәуелсіз болуы қажет, өйткені, ол тапсырманың орын­далу барысына деген объективті көз­қарас қалыптастырады. Есеп-ақпаратқа сараптама жасаған құрылым тексеруді өзі жүргізсе, онда ол тексерістің нәти­жесін кезінде өзі жасаған сараптама-жазбаның мазмұнына сәйкестендіруге ұмтылуы мүмкін. Тәуелсіздігімізді енді ғана алып елі­міздің тәй-тәй басқан алғашқы жылдары “жоспарлы экономикалық жүйені артқа тастадық, енді барлық қарым-қатынастарды нарықтың өзі-ақ реттейді, бәрін де бәсеке шешеді” деп мәз болған уақыттың салқыны әлі де болса әр деңгейдегі орындаушыларды жеке іс-қимылдарын жоспарлап отыру­ға міндеттемей отыр. “Алдын ала жеке жоспар жасау, жеке іс-қимылдарды белгілеу орындаушылардың ой-жігер кеңістігі мен ұмтылыс деңгейін шек­тейді және жедел пайда әкелуге жете­лейтін нарықтық қатынастарды тежей­ді” деген жалған ұғым орындаушы­лардың жоспарлы жұмыс жасауына ынталандырмауда. Әкімшілік қатынастардағы жүйенің тұрақты болмауына және нормативтік құқықтық актілердің тым жиі өзгеріп отыруына байланысты кадрлардың бір орында тұрақтамау үрдісі кейбір орын­даушылардың ертеңгі күннің нәтиже­сіне аса көп ойлана қоймауына әкеле­тіні сөзсіз. Жұмыс орнында өздерін уақытша сезінген орындаушы бүгін орындауға тапсырма алып, ертең оның нәтижелі аяқталуына мүдделі емес. Сол себепті де берілген тапсырманың негізгі өлшейтін көрсеткіштері орындаушының жауапты болуын мәжбүрлемеуі керек, оның кәсіби шеберлігінің деңгейіне тәуелді болмауы керек және де орын­дауға икемді, орындалуға бейім болып, нақты нәтиже алуға бағытталуға тиісті. Басқаша айтқанда, тапсырмалардың орындалу мүмкіндіктерін өлшейтін көрсеткіштер пенденің пендешілігіне тәуелді болмағаны дұрыс. Бүгінгі таңда ел қазынасынан жұмсалатын қаржының үнемді болуы мем­лекеттік сатып алу үдерісіндегі орын­даушылық тәртіптің дұрыс болуына тіреліп жатыр. Ал қарапайым азаматтардың өмір сүру сапасының деңгейі мемлекеттік қызмет көрсетіп жүрген орындаушылардың тәртібіне тәуелді болып табылады. Сондықтан да осы екі бағыттағы орындаушылық тәртіпті бірінші кезекте қолға алу қажет. Мұнай бағасының биікке шарық­таған және әлемдік экономика әл-ауқатының мамыражай кезеңіндегі ағыл-тегіл жұмсалған есепсіз қаржының обалы, әрине, орындаушыларға “тиім­ділік” туралы, “еңбек өнімділігі” туралы терең ойлануға мұрша бермегені рас. Енді бүгін әлемдік қаржы дағдарысы қысқан кезеңде тек орындаушылық тәр­тіпті күшейту арқылы ғана ел мұқта­жына қажетті іс-шараларды ойдағыдай жүзеге асыра аламыз. “Қызылағаш қа­сіреті” де, тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп отыратын табиғат апаттарына қарсы іс-шаралар қолдануға қатысты жауапты мекемелердің басқа да дер кезінде орындамаған тапсырмалары да сондай жайбарақат уақытта орындау­шы­лардың қоғамда қалыптасып қалған мүшкіл жауапкершілік деңгейлерінің салдары. Мемлекеттік органдар мен мекеме­лер қызметінің тиімділігіне жыл сайынғы баға беру жүйесі туралы және Мемлекет басшысының актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайын­дау, келісу, қол қоюға ұсыну және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру туралы Елбасының бекіткен жаңа жарлықтары қоғамымызды басқарудың барлық деңгейлеріндегі орындаушылық тәртіпті жандандыратын болды. Еліміз дамуының жаңа кезеңінде үдемелі ин­дустриялық-инновациялық бағдарла­маны іске асыру жолымен оның бәсе­кеге қабілеттілігін арттыруға бағыттал­ған жаңа міндеттер тұр. Сондықтан да өркениет көшінен қалып қоймау мақсатында игерілетін қаржыны да, межеленетін уақытты да әрі тиімді, әрі үнемді ететін жүйелі тәртіптің орнай­тын кезеңі келген сияқты. Орындау­шылық тәртіптің кепілі – жүйелі бақылау. Оның ішінде мемлекеттік бақылаудың мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып, қоғамдық бақылаудың да маңызын ұмытпаған жөн. Бақылау бар жерде тәртіп бар. Тәртіп бар жерде қолдағы бар аз қаражаттың өзімен де көп іс-шаруа тындыруға болады. Бүгінгі елдегі жағдай осыны талап етіп отыр. Ендеше, “көрпемізге қарай көсілудің” уақыты келгені анық. Тиімді жұмыс атқарудың қажетті мемлекеттік мәселе екенін әр деңгейдегі, әр мекемелердегі орындаушылар мен орындатушылар енді түсінетін шығар деп үміттенеміз... Мүталап ӘБСАТТАРОВ. АСТАНА.