Қазақстан азаматтары көп жағдайда жылжымайтын мүлігін онлайн тіркейді. Өткен жылмен салыстырғанда «Blockchain» технологиясы арқылы жасалатын мәмілелер саны 2,5 есеге артты. 2024 жылдың бірінші тоқсанында осы бағытта шамамен 25 мың операция орындалды, деп жазады Egemen.kz.
Бүгінгі күні екінші деңгейлі банктердің платформалары арқылы кепілді (қайта кепілге қоюды) және оның тоқтатылуын онлайн режимде тіркеуге болады. Айта кетейік, бұл қызмет Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан, Қарағанды және Алматы облыстарында сұранысқа ие.
Сонымен қатар Мемлекеттік корпорация қарыз шарты бойынша талап ету құқықтарын басқаға беруді және шарт талаптарының өзгеруін тіркеу мүмкіндігін іске асырды. Бұған қоса, тұрғын емес үй-жайларды кепілді тіркеу де қолжетімді.
Blockchain технологиясы банктердің жылжымайтын мүлікті кепілге алу арқылы несие беру кезіндегі несиелерді онлайн рәсімдеуді жеңілдетеді, шығындарды азайтады және өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқартады. Осы әдіс пәтерді бұрынғыдай 3 күнде емес 1 сағатта рәсімдеуге мүмкіндік береді.