• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Қаңтар, 2015

Асылым, алтын қазынам...

1524 рет
көрсетілді

Әкем Нұрбек Топанбайұлы жер жәннаты Жетісудың кіндігі – Талдықорған қаласының тура іргесінде орналасқан Еркін ауылында дүниеге келген еді. Анасы Тойбала Солтанбайқызы адуынды, орақ тілді, сөзге шешен, суырыпсалма ақындық өнері де бар Жетісу өңіріне танымал адам болатын. Тұнып жатқан шежіре еді, жарықтық. Сол кездегі бірлі-жарым ғана қазақ әйелдері арасынан жарып шығып, атқамінер, партия қызметкері атанғандардың бірі болатын. 1904 жылы өмірге келген апам (бізде – Жетісуда әкесінің анасын көбіне «апа» деп атайтын үрдіс бар), әкем жалғыз ұлы болғандықтан, тұңғышы мені бауырына салып алған екен. Ешбір шаршап-шалдығу дегенді білмейтін, қолынан келмейтін өнері жоқ, бітімі бөлек жан еді. Апамның айтуынша, аталары билер мен болыс­тар, арғы атасы қобыз ұстаған бақсы, емші болған екен. «Алты ағайым ардақтап, аялап, үстімнен құс ұшырмай, атқа мінгізіп өсірген еді», – деп мұңая да мақтана еске алып отырушы еді. Жасымнан санамда сақталған бір сөзі: «Еңкейгенге еңкей – ол әкеңнің құлы емес, шалқайғанға шалқай – ол Құдайдың ұлы емес», – дегенді жиі айтып отырушы еді. Қазына қария екенін білмеппіз-ау кезінде! «Еркөкіректігімнің арқасында, кеңес дәуірінің бастапқы кезеңіндегі «ликбез» – сауатсыздықты жою мектебін бітірдім», – дейтін. Сөйтіп, сол отқа оранып, суға сүрінген аласапыран кезеңде апам Тойбала ер-азаматтармен қатар, еңбек майданында бел шешпей, еңбек еткен, соғысқа өз жанынан қаражат аударған. «Коллективтендіру дәуірі, колхоздастыру кезеңі, Ұлы Отан соғысы кезіндегі тылдағы еңбек майданға сәлем-саухат жіберу, бел жазбай, аттан түспей жаздың аптабы, қыстың аязына қарамай, фермаларды аралаушы едім, е-е, қарағым Гүлхан (апам, әке-шешем мені осылай атайтын), біз аса зардабын тартпасақ та, дүйім халық ашаршылықтың шетін көрді, бұл жұмыр бас­тан не өтпеді дейсің, сендердің өмірлерің жұмақ емес пе, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп отырсыңдар. Қазір халық нан тепті болып кетті ғой, қоқыс салатын жәшіктің жанында бөлке нан жатады, сол нанның киесіне ұрынбаса игі еді, әйтеуір», – деп отыратын апам марқұм. Ел ішінде, ағайын-туғанның арасында еңбегімен, адалдығымен, адамгершілік қасиеттерімен өте сыйлы болатын апам. «Тойеке!», деп ер-азаматтардың өзі алдында тік тұрып, сыйлаушы еді. Қолынан келген көмегін ешкімнен де аямайтын. Апамның көзінің ашықтығы сондай, 9 жасымда мені Талдықорған қаласындағы музыка мектебіне жетелеп әкеліп, менің «баян» класына түсуіме де мұрындық болған еді. Кейіннен осы алғашқы музыкалық білімім менің өмірдегі мамандығыма жолдама болып, Қыздар педагогика институтының музыка факультетін үздік дипломмен тәмамдадым. Ұзақ жылдар Талдықорғандағы қазіргі І.Жансүгіров атындағы мемлекеттік универ­ситеттің музыка факультетінің оқытушысы болып қызмет атқарғаным да, сол апам салып берген сара жолдың нәтижесі еді. Онымен де қоймай, менен кейінгі сіңлім Гүлдана, інілерім Ахмет пен Нұрланды да музыка мектебінің домбыра класына оқуға берген болатын. Біз «өнерлі отбасы» деген айдармен сол кездегі облыстық басылым – «Жетісу шұғыласының» бетінен түспеуші едік. Апам туралы да газет беттерінде үнемі мақалалар жарияланатын. Әкем де жоғары білімі болмаса да, өте сауатты адам еді. Қазақ және орыс тілдерінде қатесіз сөйлеп, жазатын. Оған мүмкін, ортаның да әсері болған шығар. Өйткені, жан-жағымыздағы көршінің бәрі орыс, корей, неміс халықтарының өкілдері еді. Әкемнің жазуы маржандай әсем еді. Әлі күнге дейін сарғыш тартқан, қолжазбаларын, өлең дәптерлерін кей сәт қарап отырып, таң қаламын. Әкем де анасы секілді сөзге жүйрік, ойы бай, өресі кең адам еді, түрлі тақырыптарға өлең жазатын, ол өлеңдерін маған оқып беретін. Ал сурет салғанда, бейнебір кәсіби суретші сияқты еді! Менің дос-құрбыларым керемет таңырқайтын. Оның тыңдаушысы да, сырласы да мен едім. Өмірі бір балаға дауыс көтермей, байыппен тілдесетін әкем тумысынан психолог еді. Жүргізуші әкешім жұмыстан шаршап келгеніне қарамастан, балаларымен сырласып, өз өмірінен өнеге айтып отырушы еді. Бар саналы ғұмырын ұрпағына арнаған әкем, небәрі 60 жасында өмірден өтті. Ер-азамат үшін мұның өте қысқа ғұмыр екенін өзім алпысты алқымдағанда ғана түсініп келемін. Әкем марқұм сұңғақ бойлы 1,90-ға жуық, сымбат-бітімді, шаштары толқынданып, тұлғасына сай жарасып тұратын еді. Өзі жалғыз өскендіктен бе, 6 баласын ерекше құрметтеп, осылардың бірі ағам, бірі інім, бірі әпкем, бірі қарындасым, барым – балаларым деп отыратын. Біз ол кісіні қабағына қарап ұғатынбыз. Мені ерекше жақсы көруші еді. «Гүлхан апасының баласы ғой, менің бауырым және досым», – дейтін қайран әкем. Ол дүниеден өткенде қатты есеңгіреп қалдым. Бұл 1995 жылғы 2 сәуір еді. Мен келгенде «Гүлхан келді!»,   деп алдымнан жүгіріп шығатын. Ал анам Күләш Ерденбекқызы математиканы жақсы білуші еді. Мен 7-ші сыныпқа барғанға дейін өзі жұмыстан шаршап келсе де, менімен отырып, математика пәнін қалай орындайтынымды бақылаушы еді. Өйткені, мен гуманитарлық пәндерге жақын болдым да, тура ғылымдарды ұната бермеуші едім. Анам Талдықорған қаласындағы ХХІІ партия съезі атындағы тігін фабрикасында тігінші болып жұмыс істейтін. Ол еңбек үздігі еді, суреті фабриканың алдындағы құрмет тақтасынан түспейтін. Сол КСРО кезінде қарапайым жұмысшы бола тұра, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғаны әлі есімде. Біздің үйде кішігірім той болған еді. Үнемі сый-сияпаттар, грамоталар, атақты шипажайларға жолдамалар алып тұратын. 6 перзенті болғандықтан, сол кездегі заңнамаға сәйкес, анам 50 жасында зейнеткерлікке шықты. Бала кезімде апам да, анам да сабағымды үнемі қадағалап отыратын. Апам марқұм аптасына бір рет мектепке барып, оқу үлгерімім қалай екенін тексеріп тұратын. Сол кездегі үлкендерге деген құрмет керемет еді. Дәл қазір, ілуде бір болмаса, сондай деңгейде жастардың үлкенді құрметтегенін көре бермейсің. Апам мектепке келгенде, бүкіл сыныптың оқушылары: «Тыныш, тыныш, Гүлмахираның апасы келе жатыр!», – деп тым-тырыс бола қалушы еді. Өйткені, апам тек менің сабағымды ғана тексеріп қоймай, мұғалімнен: «Қарағым, ана бәленшенің баласынан сабақ сұрай қойшы, отырысы көңілімнен шықпай тұрғаны», – деп өзі қосарлана мұғалім болып кететін. Апамды ата-аналар комитетінің белсенді мүшесі ретінде әр соңғы қоңырауда салтанатты пионер етіп қабылдаушы еді. Ата-аналар жиналысы апам үшін бір салтанатты рәсім секілді еді. Барын киіп, әдеміленіп, асықпай жиналатын. Өмірден қайтқанға дейін аяғынан биік өкше түспеді ғой жарықтықтың. Үйде болсын, түзде болсын, үстінен қынама бел әдемі көйлегі мен қара пиджагын тастамайтын. Сол кездегі адамдардың бір-біріне қарым-қатынасы, сыйластығының ерекшелігінің тағы бір мысалын айтайын. Біздің үйден бір көше жоғары Тойбала апамның немере сіңлісі Төлеу апамыз тұратын. Төлеу апамыздың өмірлік жары Бекбосын ата Жетісу өңіріне танымал, талай қызметтің тізгінін ұстаған, жүрген ортасына аса сыйлы адам еді. Өмірінің соңғы жылдарында Талдықорған қаласындағы дайындау мекемесінің (заготконтора) басшысы болды. Ол үйден кісі арылмаушы еді, күнде қой сойылып, қазан көтеріліп, облыстың талай танымал адамдары түстеніп жатушы еді. Сонда Төлеу апамыз әпкесі Тойбаласыз ас ішпейтін. Балаларды жүгіртіп, шақыртып алады, болмаса, ұдайы сәлем-сауқатын беріп жіберуші еді. Ал жаңа жыл, 8 наурыз мерекелерінде бір-біріне сыйлықтың небір түрін ұсынып жататын. Сонда екі апалы-сіңлілінің арасында пошташы – тасымалдаушы болып бөле сіңлім Гүлнәр жүретін. Бүгінде немере тәрбиелеп отырған ана. Сол Тойбала мен Төлеудің салып берген сара жолын ұстанып, екеуміз күні бүгінге дейін жібімізді үзбей келеміз. «Бір кем дүние» деп Шерхан аға айтқандай, бұл дүниеде тұяғы бүтін тұлпар, қанаты бүтін сұңқар жоқ шығар. Орны толмас өкініштер де көп. Сол кездегі тәрбие солай ма, аса ұстамды болып өстік. Бала болып, әке-шешемізді жақсы көрсек те, мұны айта бермейтінбіз. Әлде, бұл біздің қазақтың табиғатына тән қасиет пе? Жылы сөзімізді тіршілікте бір-бірімізге айта бермейміз, іштей жақсы көріп қана қоямыз. Сол аяулы апама «Апа, мен сені өте жақсы көремін», – деп бір айтпағаныма әлі күнге дейін өкінемін. Жатқан жерің жәннатта болсын, апашым! Апам мені де өткір етіп тәрбиелеген еді, анау-мынау құрбыларым түгіл, мектептегі мұғалімдер де бетіме қарсы келе бермейтін, ойымдағыны тік айта беруші едім. Осымнан өмірде сан рет таяқ та жедім. Бірақ, жаны таза адамдар көп кездесті, олар бағалай білді. Әлі күнге есімде, 1989 жылдың наурыз айының соңғы күндерінде жолдасым Айтбай Кербұлақ ауданында элеватордың директорының орынбасары лауазымынан Бөрлітөбе ауданы элеваторына директор болып ауысты. Көш Талдықорғанның үстімен өтеді ғой. Жол-жөнекей әкемнің үйіне көш басын тіредік, өйткені, апам қатты науқастанып қалды деп бір күн бұрын анам телефон шалған болатын. Үйге келсек, өмірі төсек тартып жатпайтын апашым, өз бөлмесінде төсектен тұрмай жатыр екен. Қарасам, көз жанары тайып кетіпті. Жүрегім зу ете түсті. Сонда апам жарықтық әлі кетіп жатса да, басын көтеріп, ақ жол тілеп: «Қорықпа, Гүлхан! Сен жаңа қонысыңа әбден орнықпайынша, мен тыныш боламын», – деді. Содан мен отбасыммен Бөрлітөбе ауданының орталығы Лепсі кентіне көшіп бардым, аудан әкімдігі берген үйге қоныстанып, барлық дүние-мүлкімді орын-орнына қойып, тура бір апта өткенде, телефон қоңырауы шыр ете түсті. Жүрегім дүрсілдеп қоя бергені бар емес пе. Нағашы жеңгем Мәрия екен, маған: «Гүлмахира, үйге тез жетесің бе, апаң қатты нашар», – деді. Қайран апамның менің орнығып алуымды күтіп, ажалға да бой бермей, бір апта шыдағанын қарасаңызшы! Бұл 1989 жылдың 4 сәуірі еді. Сүйектері асыл еді ғой, қариялардың! Ақылдары телегей-теңіз дария екен-ау. Асылдарым, алтын қазыналарым – апам, әжем, әкем, анашым! Бұл жалғанда сендерге тең келер жан бар ма, сірә?!.. Міне, биыл апам өмірден кеткелі – 26 жыл, әжеме – 29 жыл, ал әкеме 20 жыл болыпты, анам 2012 жылғы 11 қаңтарда өмірден озды. Алайда «диірменнің тасындай шыр айналған дүние» орнында тұрмай, жалғаса берері анық. Әрине, жақсының жақсылығын көзі тұрғанда, тіршілігінде айтып, бағалағанға не жетсін. Апам марқұм айтушы еді: «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін»,   деп. Ести жүріп, сол сөздерді жүзеге асыра бермейміз. Мейірімімен, жан шуағымен бөлісетін жақындарымыз жанымызда мәңгі жүретіндей көреміз. Барымызды бағалайықшы, ағайын! Гүлмахира НҰРБЕКҚЫЗЫ.