Ептілік пен дәлдікке, ширақтыққа тәрбиелейтін ұлттық ойындарымыздың бірі – асық ату. Атадан балаға жалғасқан ұлттық спорттың бұл түрі бүгінде Алматы облысында кең етек алып, балалардың асық атудағы шеберліктері шыңдалып келеді. Оны жуырда асық ату мен бес асықтан өткен облыстық чемпионат анық аңғартты.
«Облыстық чемпионаттың негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа асық ойнауды жетік меңгертіп, жасөспірімдердің қызығушылығын арттыру. Жеңімпаздар республикалық чемпионатқа жолдама алып, ел мықтыларымен бақ сынасады. Бұл жарысқа қыздарымыз да қатысып, бес асықтан бәсекеге түсті. Бұрын ата-бабамыз «бес тас» ойнаған, соны «бес асық» деп өзгерттік. Жалпы, асық пен бес асық ойнаудың бала денсаулығына тигізер пайдасы орасан зор. Ең бастысы, смартфонға тәуелділіліктен арылып, қимыл-қозғалысын арттырады», дейді Алматы облысының асық ату федерациясының атқарушы директоры Еркін Рақымбаев.
Былтыр желтоқсан айында құрылған облыстық асық ату федерациясы ұйымдастырған бұл сайысқа Қонаев қаласы мен Жамбыл, Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарынан командалар қатысып, бәсекелі жарыстың бел ортасынан табылған. Ал асық ойнауда қара жердің шаңын шығаратын нағыз шеберлер шығарына шек келтірмейтін Райымбек, Кеген, Балқаш аудандары шет қалып отыр. Оған штаттың бөлінбеуі қолбайлау көрінеді.
Сонымен асық атудан командалық жарыста 1-орынды Ұлттық спорт, 2-орынды Жамбыл ауданының «Жасұлан» ұйымы, ал 3 және 4-орынды Қарасай ауданы мен Қонаев қаласының ойыншылары иеленді.
Жекелей жарыста Нұрали Оралбай, Жасұлан Жәнібеков, Ердәулет Есенкелді мергендік танытып, алдына қара салмады.
Бес асық жарысына қатысқан қыздар да ойын көрігін қыздырды. 2014-2016 жылғы кіші жасөспірімдер арасындағы бәсекеде 1-орынды Қарасай ауданының командасы, 2 және 3-орындарды Талғар мен Жамбыл ауданының ойыншылары ұтып алды.
Жекелеген жарыста Талшын Асланбекқызы, Балауса Мықтыбек, Жанерке Советхан сынды шеберлер чемпионатта тамаша ойын үлгісін көрсетіп, тұғырға көтерілді.
Алматы облысы