Қазақстаннң Мәдениет және ақпарат министрлігі batyrlargatagzym.kz порталын іске қосты, деп хабарлайдыEgemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаның негізгі мақсаты – әр батырдың тарихта лайықты танылуын қамтамасыз ету дейді министрліктегілер.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты III отырысында атап өткендей, мемлекет соғыс жылдарында теңдесі жоқ жауынгерлік және еңбек ерліктерін жасаған отандастарымызды ел жадында сақтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Сайт әртүрлі ақпарат көздерінен жинақталған және Қазақстан халқының ерлігінің мәңгілік ескерткіші болып табылады. Пилоттық жоба 2023 жылы іске қосылып, азаматтық қоғам мен еріктілердің үлкен қызығушылығына ие болды. Сайттың функционалдық мүмкіндіктері кеңейтіліп, деректер толыққанды порталға жүйеленді, – делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда порталда 100 мыңнан астам қазақстандық ардагер туралы ақпарат бар. Екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығына орай портал барлық ардагерлер туралы деректерді біріктіруге тырысады.
– Біз әрбір қазақстандықты ҰОС ардагерлері туралы қосымша ақпарат беру арқылы бұл жобаға өз үлесін қосуға шақырамыз. Кез келген адам жеке отбасылық мұрағаттарда сақталған құжаттармен сайтты толықтыруға көмектесе алады. Бұл фотосуреттер, құжаттар, майданнан келген хаттар және басқа материалдар болуы мүмкін, – делінген хабарламада.
Бұл портал – Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Мемлекеттік архивтердің, Қорғаныс министрлігінің, еріктілер мен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі болып отыр.