Жан-жағына шуағын шашып, мейіріміне бөлеп, шапағатын тигізіп жүрген жандарды көргенде қоғамның ізгіленуіне тигізген сыбағасын салмақтайтының бар. Көкшетаудағы өзбек ұлттық мәдени орталығының төрағасы Тажибуви Медетова да – осындай жомарт жанның бірі.
Әкесі Усманжан Алдашев жетім өскен екен, балалар үйінде тәрбиеленіпті. Атажұрты – Наманған. Кешегі кеңес заманында Қарағанды қаласында әскери борышын өтеген. Иығынан солдат шинелін сыпырып тастағаннан кейін барар жер, басар тау таппай қиналған. Қасында Борис есімді корей жігіті бар.
«Әкемнің досы Борис ағай кейін біздің үйге талай келіп мейман болған, – дейді Тажибуви Усманжанқызы. – Борис аға деуші едік. Шын аты-жөнін сұрамаппыз да. Қазақ халқында «жақсының жаттығы жоқ» деген өте мағыналы мақал бар, жүзі таныс ағаны жақсы көрген соң, әлде балалық па, кім білсін, арғы тегін қазбалап сұраған ешкім жоқ. Бар білетініміз – әскери борышын өтеп болған соң, Леңгір қаласындағы шахтаға бірге аттанғандығы».
Екі дос болашаққа байыпты жоспар құрған. Елге барсақ құшақ жайып қарсы алатын ет жақын туыс жоқ. Бейнеті көп болғанымен, табысы мол шахтада еңбек етіп, аз-кем қаражаттың басын құрап алуды көздеген. Әрине, адал еңбекпен. Шахтада жұмыс істеп жүріп, Шәкәр есімді өзбек қызымен танысқан.
«Әкеміз болашақ анама саған деген ақ адал сезімнен басқа түгім жоқ десе керек. Анам Шәкәрді де ештеңе қызықтырмапты. Есесіне нағашыларым қатты өкпелеп қалса керек, араласу сап тыйылған», дейді кейіпкеріміз.
Қазақтың дарқан көңілін, кең пейілін қайран әке осы бір қысылтаяң сәтте жете сезінген. Көз алдарында уық-керегесін көтерген жас отауға көрші-қолаң жанашырлықпен қолұшын созыпты. Бірі көрпе-жастығын, бірі ыдыс-аяғын әкеліп берген. Көптің көмегімен кәдімгідей қоңырсыған отбасына айналған. Әкесі марқұм қазақтың осы жақсылығын 13 баласының құлағына құйып, көкірегіне сіңіріп өткен.
Тажибуви Усманжанқызының жергілікті ұлтқа деген сүйіспеншілігі ес біліп, етек жапқаннан-ақ тұтанған. Өзбекстанға қоныс аударудың сәті сан рет түссе де, әкеге қамқор болған, анасын аялаған құтты мекенді қиып кете алмаған. Кейін өзі де жақсылықтың қарымтасын қайыруға талпынған. Қолынан келгенінше көмегін көрсетіп келеді. Кей-кейде қоғамдағы келеңсіз көріністерді көргенде ана жүрегінің сыздап ауыратыны бар. Щучье қаласындағы сәбилер үйіне сый-сыяпатын арқалап барып, бейкүнә балалардың бетінен сүйіп, маңдайынан сипап тұрып, «Уа, Жаратқан ие, осындай әп-әдемі кішкентай ғана құлыншақтарды көздері қиып кеткен қандай ата-ана екен?» деп жүрегі қан жыласа, қарттар үйіне барған сәтінде ақсақалды атаны, ақжаулықты ананы көріп, бауыры беріш болып кеткен перзенттеріне өкпелейді. Тіпті түсіне алмайды. Сөйлесіп, сырласып көрсе, бәрінің дерлік ержетіп қалған ұл-қызы бар. Бірақ ата-ананың жүрегінің кеңдігі сол, ішінен өкпелесе өкпелейтін шығар, қайғысын сыртқа шығармауға бейім. Олардың өз тіршілігі бар ғой деген жалғыз ауыз сөзбен жақауратады. Тәйірі-ай, осы да қиындық па екен, бүгінгі күні ит басына іркіт төгіліп жатқан молшылық емес пе, қиындықтың көкесін әкесі көріп еді. 13 перзентті асырап-бағу, өсіріп-жеткізу оңай болып па? Әкесінің сөзі мәңгілікке өшпестей болып жадында жатталып қалған.
«Құлындарым, – деген мынау жарық дүниедегі ең мейірбан әке. – Мен сендерді қатарларыңнан кем қылмай өсіруге тырысамын. Аш, жалаңаш болмассыңдар, бірақ балалық армандарың толайым бүр жармай қалса, жоғары білім әпере алмасам, өкпелемеңдер».
Қайтіп өкпелесін, таңның атысы, күннің батысы қара жұмыс істеп қажып жүрген жоқ па? Ұясында жем іздеген торғайдың балапанындай шырылдаған сәбилерінің болашағы үшін. Өзі де жастай жетімдіктің азабын көп тартқан әке балаларым қиындық көрмесін деп қарақан басын тауға да, тасқа да ұрды. Бір кездегі «жағама қолдың тигенін, жалғыздық, сенен көремін, жамаулы киім кигенім, жетімдік, сенен көремін» деп өскен адам емес пе, бауыр еті балаларының әлденеге зәру болып жаутаңдап тұрғандарын көргісі келмеген болар. Бәрін адал еңбекке баулыды. Отбасындағы перзенттерінің бәрі дәнекерлеуші, сауыншы, ағаш шебері, аспаз дегендей, бір-бір мамандық иесі болды және өз істерінің шынайы шеберлері. Өз қолдары өз ауыздарына жетіп, тіршіліктің ақбас толқындарымен алысып жүрген сәтінде игілік үйірілсе, әке тәлімін алып, мамандықтарын мықтап меңгергендіктерінен.
Көкшетаудағы өзбек ағайын өз тілінде сөйлеп, ұлттың мәдениетін қапысыз меңгеріп, салт-дәстүрін дамытуға ден қояды. Тереңге кеткен тамыр суалмақ емес. Нәр беріп тұрған ұлтына деген мақтаныш. Атажұрт Өзбекстанмен де байланыс мықты. Ол жақтағы ағайыннан балаларға арналған әрқилы ертегі, көркем әдебиет, таспаға жазылған тамылжыған өзбек әндері келіп тұрады. Мұндағы жұрт бір-бірін шақырысып, дәм татырады, өзара өз тілдерінде сөйлейді. Үйде ғана емес, көшеде де. Жаратқан иенің шарапатына шүкіршілік, өз тілдерінде сөйлегенді жаратпай, жатырқаған жан жоқ. Қайта ата жұртынан ажырап қалмай дамуына, ұлттық болмысын сақтауына тілектес.
«Анам үнемі үй шаруасында жүрді, – дейді Тажибуви Усманжанқызы. – Бізді шиеттейімізден шаруақор болуға үйретті. Жалғыз шаруа ғана емес, қызға қырық үйден тыйым салатын әдептілік, ұлттық ұлық мәдениеттің үрдісі. Ең бастысы, барша адамның баласын бауырына тартып, қамқор болу, бүгінгі күні жасым жер ортасынан ауғанда өткен өмір елестеріне көз салып, санамен салмақтайтын болсаң, осының өзі үлкен өмір мектебі екен ғой. Қазақтағы тәрізді, біздің өзбекте де қара шаңырақ дейтұғын қасиетті ұғым бар. Қара шаңырақта кенже бала қалады. Күзгі жапырақтай қалтыраған қарияның, ата-ананың ендігі қалған тіршілігіне кенже бала жауапты. Әрине, перзенттік парыз бәріне ортақ болғанымен, ағайын арасындағы қуаныш пен қайғыға ат салысу, шашуы мен батасы – кенже баланың пешенесіне жазылған сыбаға. Өзбекстанда қауымдасып отырған бір әулетті мұндағы тілмен айтқанда, шағын аудан іспетті ауқымды махалла деп аталады. Ағайыншылықтың арқау жібі бекитін, адамгершіліктің сәуірдің ақ таңындай мөлдірейтін жері осы. Ұлттық құндылық өркен жайып, кісілік келбет қалыптасады. Мұндағы жұрттың, қара ормандай қалың елдің, қамқор құшағы ыстық қазақтың ортасын сол махалла сияқты көргім келетіні бар.
Кейіпкеріміздің келісті пікірі шындық екені рас. Ортақ үйдің шаңырағының мықты болуы уық-керегесіне байланысты. Бір уығы – осы өзбек ағайын!
Көкшетау