Бірлік күнін қостанайлық ерлі-зайыптылар Роман Ким мен Александра Куц кішкентайлары Платонның бір жасқа толуы мен тұсаукесер тойын қатар атап өтті.
Александра – орыс, Роман – корей ұлтының өкілі, екеуі де – кәсіби фотограф. Осыдан екі жыл бұрын шаңырақ көтерген жас отбасы үйде Жаңа жыл, Наурыз, Пасха тәрізді дәстүрлі мерекелердің бәрін атап өтетіндерін айтады.
«Дастарқан үстінен корей халқының бәліші пигоди мен күріш ұнынан пісірілген қытырлақ наны кадюри үзілмейді. Өйткені бұлар – Романның ең жақсы көретін тағамдары. Күнделікті орыс асханасына тән тағамдарды да әзірлеймін. Ал мереке күндері міндетті түрде ет асып, бауырсақ пісіреміз», дейді Александра.
Платонның 1 жасқа толу қуанышына ерлі-зайыптылардың жақын туыстары мен жора-жолдастары шақырылды. Дастарқан жайылып, ортаға ет келген соң, жас отбасының жарасымды тұрмысы дәріптеліп, ақ тілектердің тиегі ағытылды. Отбасы қуанышының ең қызықты сәті баланың тұсауын кесетін кезде басталды.
«Өзім кәсіби фотограф болған соң, жұрт отбасылық жиын-тойларға жиі шақырады. Маған әсіресе тұсаукесер рәсімін фотосуретке түсіру қатты ұнайтын. Ақ кілемнің үстінде аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан сәбиді суретке түсіргеннен артық ештеңе жоқ. Қазақтың тұсаукесер дәстүрінің ұнағаны соншалық, тұрмысқа шыққан соң, өзімнің де кішкентай бөпемнің тұсауын кестіремін деп шештім. Бүгін, міне, сол қуанышымызды атап өтіп жатырмыз. Тұсаукесер дәстүрінің мәні тереңде. Таңертең біз қонақтарымызға «асянди» асын бердік. Корей халқында баланың ең алғашқы туған күнін асянди деп атайды, дәстүр бойынша оны сағат он екіге дейін өткізу керек. «А» – бала, «Сянди» туған күн деген ұғымды білдіреді», дейді Платон батырдың анасы.
Ата-анасы сәбидің тұсауын осы кісідей сабырлы, елге қадірлі, бай бол деп ырымдап, Романның ең үлкен ағасына кестірді. Одан кейін шашу шашылды. Роман мен Александра баланы екі жағынан жетелеп, ақ кілемшенің үстімен алып өтіп, ақ жолға салды. Кілемшенің екінші басына отыра кеткен Платон шашылып жатқан заттардың ішінен автокөлік кілті мен теннис добын таңдап алды.
«Мен елімді, туып-өскен қаламды өте жақсы көремін. Ұлымның да алғашқы туған күні мен тұсаукесерін осы баламның алды ашық, жолы жеңіл болса екен, елімізді бірлік-ынтымағынан, бүгінгі берекесінен айырмаса екен деп ырымдап, халық бірлігі мерекесіне орайластырып өткіздік», дейді Александра.
Қостанай облысы