Венгрияның Сегед қаласында өткен пара каноэдан лицензиялық әлем чемпионатында Жаңыл Балтабаева жолдама жеңіп алды. «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау ортылығы» РМҚК баспасөз қызметі Қазақстан спортшысының 200 м қашықтықты 1:05.83 секундта бағындырып, мәреге екінші болып жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Чемпионаттың финалы А және В топтары арасында өтті. Жаңыл Балтабаева В тобында сынға түсті. Мәреге бірінші жеткен спортшыдан 0,38 секунд қана қалып қойды. Жарыстың ережесіне сәйкес А тобының 7 спортшысы және В тобының 3 спортшысы Париж-2024 Паралимпиада ойындарына жолдама алады», деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының команда басшысы Ерсұлтан Жолшиев.
Жаңыл Балтабаева Паралимпиада ойындарына еліміздің 12-ші лицензиясын иеленді. Бұған дейін пара каноэдан Спатай Бибарыс, пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков, волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама, пара оқ атудан Еркін Ғаббасов, пара жүзуден 3 жолдама, пара таеквондодан Нұрлан Домбаев, Камиля Досмалова, Нышан Өмірәлілер алған еді.
Еске салайық, Париж-2024 Паралимпиада ойындары 28 тамызда басталып, 8 қыркүйекке дейін өтеді.