• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Әскер 14 Мамыр, 2024

Егіздер әскер жолын таңдады

160 рет
көрсетілді

Атырауда өткен жылы «Сармат» мамандандырылған әскери мектеп-лицей-интернаты ашылған еді. Қазір мұнда 130 ұл оқып жүр.

Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, бұл – еліміздің батыс аймағында ашылған алғашқы әскери бағыттағы мектеп. Білім ордасында жаратылыстану, математика бағытындағы пәндер тереңдетіліп оқытылады. Қазір әскери мектепте Атырау ғана емес, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақ­стан, Жамбыл облыс­тарынан келген балалар да оқып жүр. Оқушылар жатақханамен, арнайы киіммен, тегін тамақпен қамтылған.

Оқушылардың арасында екі отбасының егіз ұлы бар. Бірінші егіз – Азамат пен Азат Борис. Олардың әкесі тәжік-ауған шека­ра­­сындағы ұрыс қимылына қа­тыс­қан.

«Біз болашағымызды әскери саламен байланыстыруды көздеп жүрміз. Сол мақсатымызға жету үшін «Сармат» мектебінде білім алып жатырмыз. Осы мектепті бітіргеннен кейін еліміздің шекарасын қорғайтын сардар болу үшін жоғары білім алғым келеді. Сыңарым – Азат құтқарушы мамандығын қалап жүр», дейді Азамат Борис.

Екінші егіз – Наурызбек пен Амангелді Мейрамбек. Екеуі де спортпен айналысады. Олар спорттың джиу-джитсу түрінен чемпион атанған.

«Кішкентай кезімізден әскери қызметкер болуды армандадық. Атырауда осы мектеп ашылып, қабылдау емтиханынан сүрінбей өткенімізге қуандық. Мен алдағы уақытта полиция қызметкері болсам деймін. Ал Амангелді өрт сөндіруші болғысы келеді», дейді Наурызбек Мейрамбек.

 

Атырау облысы