Чехияның Прага мен Острава қаласында шайбалы хоккейден әлем чемпионаты басталды. Элиталық дивизионда сынға түсіп жатқан жерлестеріміз әзірге «В» тобында 3 ұпай олжалады.
Жігіттер әлем чемпионатының алғашқы матчын Франция құрамасына қарсы өткізіп, 1:3 есебімен ұтты. Тартысты ойынның 2-минутында Энцо Кантагалло құрамасын алға шығарған, арада бір минут өткенде Роман Старченко есепті теңестірді, 7-минутта Максим Мұхаметов жеңісті жақындата түссе, 37-минутта Кирилл Савицкий үшінші шайбаны тоғытты. Өкінішке қарай, Ғалым Мәмбетәлиев баптайтын ұлттық құрама екінші ойынды Словакия құрамасына қарсы өткізіп, 6:2 есебімен есе жіберді. Алғашқы матчта Германия ұлттық құрамасынан ұтылғандықтан да, жеңіске жетуге ұмтылған словакиялықтар қорғаныстағы ойыншыларымызды әбден діңкелетті. 11-минутта Поспишил есеп ашса, Фашко-Рудаш 12-минутта жеңісті еселеп берді. 18-минутта Сукель үшінші шайбаны тоғытқанда ғана біздің жігіттер ес жия бастады. 23-минутта Әлихан Әсетов есеп айырмасын қысқартқанымен, 28-минутта Гудачек төртінші шайбаны, 41-минутта Поспишил бесінші шайбаны соқты. 45-минутта Цингел алтыншы шайбаны еншісіне жазды. 51-минутта Әлихан Өмірбековтің соққан екінші шайбасы жерлестерімізді жігерлендіре алмады. Словакия құрамасымен бұған дейін де жолымыз бірнеше мәрте түйіскен. Көк мұз үстіндегі тартыстың басым көпшілігі Словакия хоккейшілерінің жеңісімен аяқталды. Бұл жолы да оларға жігіттердің қауқары жетпеді.
Жерлестеріміз өз тобында енді Латвия, Швеция, Германия, АҚШ, Польша ұлттық құрамаларымен де күш сынасады.