Атырау облысында Жайық өзенінен төнетін тасқын судың қаупі әлі сейілген жоқ. Өзен арнасы күн сайын көтеріліп, кеше Индербор кентінің тұсында 10 метр 38 сантиметрге жетті. Бұл – қауіпті шектен 193 сантиметрге көп.
Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратовтың айтуынша, Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары тоқтаған жоқ. Бұл ауданда 30 шақырымдық қорғаныс бөгеті Индербор кенті мен Жасуат, Құрылыс, Көктоғай, Өрлік, Есбол және Елтай елді мекендерінде салынған. Бөгет салуға 300-ге жуық әскери қызметші, төтенше жағдай саласының 100-ге тарта қызметкері тартылды. Оның ішінде Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 51 қызметкері бар. Олар бір тәулікте инертті материалдар толтырылған 8 мың қап дайындады.
«Жайық өзенінің суы сай-жыраларға құйылып жатыр. Өзеннің кей тұсында 7 метрге жуық жар опырылып, коммуналдық саланың қызметіне кедергі келтірді. Мәселен, Аққала ауылындағы су тазарту қондырғысының электр қуатын беретін бағана құлады. Индербор кентінде тәулігіне 2 400 текше метр су беретін су тазарту қондырғысының бірінші көтерілім құбыры ағаш салындыларының кедергісінен үзілді. Соның салдарынан кенттегі Болашақ және Шығыс шағын аудандарындағы 700 абонентке су беру уақытша тоқтатылды. Сала қызметкерлері су тазарту қондырғысындағы ақауды түн ішінде қалпына келтірді», дейді Д.Шамұратов.
Өзен жағалауындағы жардың құлауынан Бөдене ауылындағы 110 диаметрлік ауызсу құбырының гидрант орналасқан бетонды құдығы мен құбыр желісінде ақау байқалды. Оған қажетті құрал-жабдық Атырау қаласынан әкелінді. Ал Елтай ауылдық округінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен аудандық балық инспекциясының инспекторлары су ортасында қалған 80-ге жуық ірі қараны қауіпсіз аумаққа шығарды.
Атырау-Орал тасжолынан Индербор кентіне бұрылатын 7 шақырым жолға әлсін-әлсін қауіп төнді. Аудан әкімі Д.Шамұратовтың айтуына қарағанда, 1993-1994 жылдары дәл осы жолды су шайған.
«Бұл жолдың екі жиегіне топырақ төгіліп, бөгет тұрғызылған еді. Бірақ 10 мамырда жолды екі жағынан жабуға тура келді. Өйткені жолға 5-6 сайдан су құйылды», деді әкім.
Кеше түн ортасында Индербор кентінің тұсында жер астындағы құбырдан су шықты. Судың кентке қарай ағу қаупі туындады. Сол себептен қосымша бөгет тұрғызылып, суды Жайық өзеніне мотопомпамен айдау қолға алынды. Бұл жұмысты қауіпсіз жүргізу үшін Индербор кентінің бір бөлігі электр жарығынан ажыратылды.
Су айдынының деңгейі кеше Махамбет ауданында 9 метр 66 сантиметрді құрады. Бұл ауданда Жайық суы қауіпті шектен 116 сантиметрге асып тұр. Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың дерегіне сүйенсек, Жайық өзенінің бойында орналасқан 17 елді мекенді қорғау үшін 80 шақырым бөгет тұрғызылды. Қазір ауданда су тасқынына қарсы іс-шаралар әлі тоқтаған жоқ. Оған 650 әскери қызметші, төтенше жағдай саласының 200-ден аса қызметкері, 300-ге жуық ерікті мен жергілікті тұрғындар тартылып отыр.
Әкімнің түсіндіруінше, су деңгейін төмендету үшін Махамбет және Сарытоғай ауылы аралығын жалғайтын жолды жыруға тура келген. Көлік қатынасы уақытша тоқтатылып, ұзындығы 11 метр, ені 1,5 метрлік 2 тұрбасы салынды. Тұрбаның маңы құм толтырылған 1 тонналық қаптармен нығайтылған. Махамбет аудандық төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың хатшысы Сейітжан Құжырбаевтың айтуынша, кейбір тұрғындардың үйіне су басу қаупі төнген. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес үйлердің маңына топырақ төгілген.
«Аудандық жедел штабқа судан қорғау бөгеттерінің ортасында қалған үйлердің тұрғындары өтінішін жеткізді. Штаб өкілдері жедел әрекет етіп, арнайы 8 жүк тиегіш техника бөлінді. Тұрғын үйлер ауласының жан-жағына топырақ төгіліп, тасқын судан қорғау жұмысы жүргізілді. Қазір бөгеттерге бекет қойылып, тәулік бойы кезекшілік жасалып жатыр», деді С.Құжырбаев.
Әсіресе, ортағасырлық Сарайшық қалашығын тасқын судан қорғау шаралары күшейтілген режімде қолға алынған. Өйткені тарихи қалашық аумағындағы ежелгі жерлеу орындарын су басу қаупі туындауы мүмкін. Соған байланысты бөгет салу ісіне Қорғаныс министрлігінің 200-ге жуық әскери қызметшісі, Төтенше жағдайлар министрлігінің 51 қызметкері жұмылды.
«Сарайшық ауылында Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары екі ауысымда жүргізіліп жатыр. Қорғаныс бөгетін салу үшін бір ауысымда 100 сарбаз жұмыс істейді. Бұл жұмысқа әскери қызметшілерден бөлек әкімдік қызметкерлері атсалысып жүр. Арнайы техникалар бөлінді», дейді Қ.Нұрлыбаев.
Махамбет ауданында Жайық өзені жағалауындағы елді мекеннің бірі – Талдыкөл. Бұл елді мекен Бейбарыс ауылдық округінің аумағында орналасқан. Округ әкімі Сейілбек Зұлхашевтің айтуынша, Жайық өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты Талдыкөл ауылын су басу қаупі бар.
«Осы кезге дейін ауыл маңында 3 шақырымдық қорғаныс бөгеті салынды. Қазір бөгеттің 800 метр бекінісі жаңартылып жатыр. Жағалауды нығайту жұмыстарына 28 әскери қызметші мен Төтенше жағдайлар министрлігінің 15 қызметкері тартылды. Арнайы 25 техника бөлінді. Жергілікті тұрғындар мен сарбаздар бөгетке 28 мың қап төседі. Талдыкөл орта мектебінде 300 орындық эвакуациялық пункт дайындалды», деді С.Зұлхашев.
Оның айтуына қарағанда, фермерлер мен шаруа қожалықтарының иелеріне су басу қаупі туралы ескертулер берілген. Қауіпсіз аумаққа 200 қой-ешкі, 300 сиыр айдалған. Облыстық жедел штабтың мәліметіне сүйенсек, Мақат ауданында 9 эвакуация пункті ашылды. Бұл пункттерде 560 орын бар.
«Мақат ауданындағы 9 эвакуациялық пункт Мақат және Доссор кентінде, Бәйгетөбе ауылында дайындалып жатыр. Қазір М.Баймұханов, Х.Санбаев атындағы білім ордалары, Мақат мұнай-газ технологиялық колледжі, үш спорт мектебі қажетті төсек жабдығымен қамтамасыз етілді. Тасқын судан қауіп төнген жағдайда бұл эвакуациялық пункттерге Махамбет ауданынан тұрғындарды уақытша көшіру жоспарланып отыр», деп хабарлады облыстық жедел штабтан.
Атырау облысының елді мекендеріне Жайық өзенінен төнетін су тасқынының қаупі әлі де сақталып отыр. Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Индер ауданының Индербор кенті мен Жасуат, Құрылыс, Махамбет ауданындағы Махамбет, Сарайшық, Талдыкөл ауылдарындағы жағалауды нығайту жұмыстарын қадағалады. Ол су тасқынының алдын алу үшін жергілікті әкімдерге нақты тапсырма берді. Мәселен, Махамбет ауданының әкіміне ежелгі Сарайшық қалашығы маңындағы бөгетті тағы да қосымша көтеруді тапсырды.
«Бұл үшін мұнда Қорғаныс министрлігінің жеке құрамының жүздеген қызметкері мен ондаған техника тартылады. Біз тарихи мұрамызды қорғауға және сақтауға жауапкершілікпен қарау қажет», деді Қ.Бозымбаев.
Үкімет басшысының орынбасары Атырау қаласындағы су тасқынына қарсы құрылыстарды тексеріп, екі су арнасының жұмысымен танысты. Тексерілген алғашқы нысан – 32 шақырымға созылған «Соколок» каналы. Бұл Жайық өзеніндегі мол су ағысын Каспий теңізіне қарай бағыттауға арналған.
Мамандардың пікірінше, «Соколок» Атырау қаласын айналып өтіп, Жайық өзенінің суын Каспий теңізіне қосады. Канал секундына 100 текше метр су қабылдай алады. Оның жанынан ұзындығы 24 шақырым болатын жаңа канал қазылған.
Қазір Атырау қаласында Жайық өзенінің жағалауына 252 шақырым бөгет бар. Өзен бойындағы қауіпті учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Атырау-Орал трассасынан Индерборға баратын жолды тасқын су шайып кетті. Осы учаскеде автокөліктің барлық түрі үшін қозғалыс тоқтатылды. Тасқын судан 30 метр асфальт бұзылған.
Атырау облысы