Өңірде тасқыннан зардап шеккендерге арналған жаңа үйлердің құрылысы басталып кетті. Соның ішінде петропавлдықтар үшін «Солнечный-2» шағын ауданында бір қабатты типтік үйлер тұрғызылып жатыр. Газблок кірпішінен қаланып жатқан үйлердің құрылысы жылдам жүргізіледі. Қазір мұнда 400 адамды қамтыған он құрылыс бригадасы жұмысқа кіріскен.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, жаңа үйлер үш бөлмеден тұрады, ауданы – 80 шаршы метрден. Бүгінгі таңда мұнда барлығы 500 үй тұрғызу жоспарланған. Соның ішінде 100 үй «Қазақстан халқына» қорының есебінен тұрғызылмақшы. Қордан бұл үйлердің құрылысына 2,7 млрд теңге қаражат бөлінген. Құрылысты жүргізіп жатқан жұмысшылар саны жақын күндерде 600-ге дейін жетпекші. Құрылысшылардың қарамағында 30-дан аса түрлі техника бар. Құрылыс жылыту маусымы басталғанша аяқталуға тиіс. Барлық үй қала әкімдігінің балансына беріледі.
Қаланың ішіндегі шағын аудандардың арасында Ойқаланың су астында қалған үйлері 1 383 екен. Қазір бұл ауданның біраз аумағының суы тартылды. Тұрғындар өздерінің мекендеріне келіп, барынша қиын жағдайды көріп, жаға ұстап жатыр. Бірнеше күн терезеден жоғары тұрған су жиһаз атаулыны тегіс бүлдіріп, үй ішінің әктері мен жапсырма қағаздарын талқан етіпті. Суда қалған заттардан да жоба жоқ. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтұлова тұруға жарамды үйлерге механикалық бригадалардың адамдары келіп, жөндеу жұмыстарын жүргізетінін айтты. Алайда жөндеу жұмыстары еден астындағы көлкілдеген су толықтай сорғымен сорылып, үй әбден кепкеннен кейін жасалса дұрыс. Ал қазір жасалса, пайдасыз болатынын тұрғындар көріп тұр. Осы шағын ауданға Тайынша, Айыртау, Ғ.Мүсірепов аудандарында жасақталған механикалық бригадалар жөндеу жұмыстарын жүргізбек.
«Біз жөндеу жұмыстарына бірден кіріспейміз. Бригада алдымен жарамсыз жиһаздарды, түрлі қоқыстарды шығарады. Содан кейін еденнің тақтайларын қопарып, астындағы суды әбден құрғатамыз. Сосын қалпына келтіру жұмыстарына кірісеміз», деп бригаданы бастап келген Тайынша ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Аманжолов тұрғындарды тыныштандырып жатыр. Тайыншалықтардың еншісіне 176 үйді қалпына келтіру міндеті жүктеліпті.
Барлық аудан мен қаланың өзінен қалпына келтіру жұмыстарына 100 механикалық бригада жасақталған. Олардың қарамағында шамамен 600 адам, 140 дана техника бар. Тасқын суы сапасыз жұмыстардың да бетін ашып кетті. Нормативтік талаптар орындалып, дұрыс тығыздалған асфальт жолдары суға мызғымаса, кейбір асығыс қалқайта салған учаскелерді су шайып кеткен.
Облыс әкімі бастаған топ осы Ойқала, Тері зауыты, Тепличный шағын аудандарындағы қалпына келтіру жұмыстарын өз көзімен көріп шықты. Бағалау комиссиясы қалпына келтіруге болмайды деп қорытынды берген үйлер жедел сырылмақшы. Қазір аулалар мен үйдің ішінде қалған суды сору жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Тасқыннан зардап шеккендерге келген қайырымдылық көмектер әлі де таратылып жатыр. Кәсіпорын-мекемелер ғана емес, көптеген қоғамдық ұйым мен шетелдерден, жеке азаматтардан келген көмектердің көлемі – ұлан-ғайыр. Соның ішінде Қазақстан мұсылмандарының «Зерде» қоры мүшелерінің ұйымдастыруымен 9 ауыр тонналық жүк көлігі, 38 «Газель», 1 «КамАз»
тіркемесімен, 4 «Джип» көлігі толы 20 млн теңгедей қаражаттың қайырымдылық жүгі келді. Оларды Солтүстік Қазақстан облысы және «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбек бастаған мешіт қызметкерлері 637 отбасына үлестірді. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы мен Ресейдің Омбы қаласынан келген 6,5 млн теңге ақшалай қаражат 40 отбасына тең бөлініп берілді. Жақынға әрқашан жанашырлық білдіретін мұсылман қауымының көмегіне халық тәнті болды.
Солтүстік Қазақстан облысы