Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының орталығында жазушы, этнограф Ақселеу Сейдімбектің ескерткіші орнатылды. Тұлғаны тұғырына қондыру жобасы халықтың ниетімен және мүдделі азаматтардың қолдауымен жүзеге асты. Іс-шараның ашылу салтанатына елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен ақын-жазушылар қатысты.
Ескертіш қоладан құйылған. Биіктігі – 3.9 метр. Туындының авторы – елімізге белгілі мүсінші Талапхан Азамат. Алаштың абыз ақсақалының айбыны асқақтап тұрған сом тұлғасы көрген халықтың көңілін толтырды.
Ақселеу Сланұлы – саналы ғұмырын ұлт мұрасын түгендеуге жұмсаған елінің адал перзенті. Ғибратты ғалым, саңлақ санаткер, қабырғалы қаламгер, өнегелі өнертанушы азамат. Оның «Күңгір-күңгір күмбездер», «Ойтолғақ», «Күй шежіре», «Мың бір маржан», «Қазақтың ауызша тарихы» сияқты іргелі еңбектері – ұлттың рухани қазынасын орасан байытқан құнды жәдігерлер.
Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеген жазушы Бексұлтан Нұржекеев Ақселеу тұлғасының бейнеленуі – бүгінгі күнге емес, болашаққа жасалған рухани бағдар екенін атап өтті. «Әкеміздің артында қалған мол мұраны насихаттау шаралары туған жерінде үнемі жалғасып келеді. Бүгінде Жаңаарқа кентіндегі орталық көшенің бірі оның есімімен аталады. Еңселі ескерткіштің орнауы да оның өнегелі өмірін алқалаған жұртшылықтың тілегі болатын», деді Ернар Сейдімбек.
Іс-шараның соңында Ақселеу биігінде марқұмның рухына құран бағышталып, жиналған жұртшылыққа құдайы ас берілді.