Отандық өндірістің бір пұшпағын илеп келе жатқан «Zeta» компаниясы елімізде кеңсе жиһаздарын, тұрмыстық пластмасса өнімдерін шығарумен әйгілі. Компанияның еліміз бойынша 8 зауыт-фабрикасы бар болса, соның 3-еуі Талғар ауданында жұмыс істеп тұр.
Панфилов ауылында 2019 жылдан бері іске қосылған «Zeta» ЖШС-ға қарасты «Темір-Сақ» зауыты негізінен диаметрі әртүрлі өлшемдегі темір құбырлар өндірумен айналысады. Олар жиһаз, орындық пен үстел жасауда қолданылады. Мұнда 176 адам тұрақты еңбек етеді. Зауыт жұмысшыларының жайлы жатақхана және ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етілуі еңбек өнімділігінің артуына оң әсерін тигізіп келеді. Олардың барлығы да сол төңіректегі ауыл тұрғындары. Арасында еңбек озаттары да бар. Десе де, өнім көлемі артқан зауытқа дәнекерлеуші мен тігіншілер әлі де қажет.
«Бұрын ауылымызда мұндай өндіріс орны болмағандықтан, жұмыс іздеп қалаға ағылатын едік. Зауыт іске қосылғалы төрт жыл болды, табанды еңбек етіп, табыс тауып жатырмыз. Жалақымыз жаман емес. Осындай өндіріс орны көптеп ашылса, ауылдың жағдайы жақсара түсер еді», дейді робот операторы Наталья Кулимич.
Қытайдың озық технологиясымен жабдықталған «Темір-Сақ» зауыты толықтай автоматтандырылып, бірнеше дәнекерлеу роботы іске қосылған.
«Негізгі шикізат «Қарағанды металл комбинатынан» келеді. Темірді жолақтап кесу, ию, дәнекерлеу, бояу сынды міндеттерді атқаратын 13 цех тоқтаусыз жұмыс істейді. Мұнда орындықтар мен үстелдер, киімілгіштер мен сөрелер бар, жалпы тұрмысқа қажет 50 шақты өнім түрі дайындалады», дейді «Темір-Сақ» зауытының директоры Әмзебек Бажанов.
Гүрілден құлақ тұнатын цехтарда жұмыс қызып жатыр. Жұмыс қауіпсіздігі басты назарда. Жұмысшылар қорғаныс үшін арнайы бетперде мен көзілдірік тағады. Айына бір рет «Қауіпсіздік күні» аталып, онда жұмысшылар қауіпсіздік нұсқамасынан өтеді.
«Қазақстан бойынша «Zeta» компаниясының 60-тан аса дүкені іске қосылған. Сол арқылы өнімдеріміз сатылады. Айына 250–300 млн теңгенің өнімі өндіріліп, сатылымға шығарылады. Оған қоса арнайы тапсырыс берушілер де бар. Біздің зауыттың өнімі қалдықсыз шығарылады. Ағаш қалдықтары жұмысшыларға отын ретінде берілсе, поролон мен матаның майда қалдықтарын қайта өңдеп, жастық шығару өндірісі іске асырылады», дейді зауыт басшысы.
Қалдықсыз өнім өндіруді бастаған зауыт шеберлері бұл күнде мата қиындыларынан көз жауын алатын құрақ құрауға да төселіп алған. Соның нәтижесінде түрлі-түсті құрақ маталармен жабдықталған орындықтарға сұраныс арта түскен. Зауыттың тігін цехында тұрақты жұмыс істеп келе жатқан тігіншілер Ботакөз Төлегенова, Күлсара Нұрданхан және цехта еңбек ететін Елена Вагнер, қойма меңгерушісі Ботакөз Абдраманова, бригадир Мерей Бірлік сынды нәзік жандар ер-азаматтармен қатар еселі еңбек етіп жатыр.
Зауыттан шыққан дайын өнімдер, кеңсе орындықтары мен өзге де заттар өңірлердегі өз тұтынушыларына кідіріссіз жөнелтіледі.
Бір айта кетерлігі, биылғы су тасқынынан зардап шеккен солтүстік, батыс өңірлерге «Zeta» компаниясының президенті Қанат Омаровтың қолдауымен 3 фура гуманитарлық көмек ретінде зауытта өндірілген пластикалық тұрмыстық заттар жіберілген.
Осы зауыт іргесінде 30 шақты адам еңбек ететін пластмасса қалдықтары мен целлофандарды қайта өңдейтін «Zetaның» шағын зауыты жұмыс істейді. Онда өңделген заттар Талғар қаласындағы зауытқа жіберіліп, айналымға түседі. Бұл өндіріс орны экологиялық ахуалды жақсартуда қыруар пайдасын тигізіп тұр. Алайда мамандардың айтуынша, зияны мың жылдық пластмасса пен жер бетін жапқан целлофанды қайта өңдеуде зор маңызға ие зауыт жұмысы қазір біршама тұралаған. Бұл ретте зауыт басшылығы мемлекеттен субсидия алып, еңсе тіктегісі келеді. Мамандар мен осы өндіріс орнынан нәпақасын ажыратып отырған еңбек адамдары шағын зауыт мемлекет қамқорлығынан тысқары қалып кетпесе екен деп алаңдайды.
Алматы облысы