...СУПЕРМАРКЕТ АШЫЛДЫ
Ақтөбе қаласына іргелес орналасқан Қарғалы ауылында “Дина” супермаркеті пайдалануға берілді. Еңселі де кең дүкеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Елеусін Сағындықов пен Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. Супермаркетті іске қосқан “Қабиев и К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – сауда желілерін пайдалануға беруде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан компания. Мұнда жаңа жұмыс орны ашылып, оларға түгелдей осы Қарғалы ауылының тұрғындары тартылды.
18 мың халқы бар ауылдың тұрғындары енді ат сабылтып қалаға қатынамай-ақ барлық керек-жарағын осы супермаркеттен табады. Бұл дүкен тұтынушыға 10 мыңға жуық тауар түрін ұсынатын болады. Супермаркеттің екінші қабаты – мейрамхана.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.
...БАЛАБАҚША “АҚМАРЖАН” АТАЛДЫ
Жалағаш кентінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі 90 бүлдіршінге тәлім-тәрбие беретін “Ақмаржан” балабақшасы ашылды. Балабақша құрылысының жалпы құны 166 млн. 500 мың теңге болса, осы құнды құрылыстың бас мердігері “УМП” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дер кезінде игеріп, балғындарды қуанышқа кенелтті. Аталған балалар мекемесі стандарттық талаптарға сай салынып, барлық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Бүлдіршіндерге 12 ұстаз дәріс беріп, 21 техникалық қызметкер қызмет көрсетеді.
Облыс әкімі Болатбек Қуандықов балабақшаның ашылу салтанатына қатысып, бүлдіршіндерге ағалық ақ тілегін жеткізді. Ал балғындар би билеп, әнмен шашу шашты.
Еркін ӘБІЛ.
Қызылорда облысы.
...ЕСКЕРТКІШ САЯЖОЛ
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының Державин қаласында өткізілген көшпелі мәжілісі ерекше оқиғамен айшықталды. Үстіміздегі жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысын талқылаған басқосудан кейін облыстың санитарлық дәрігерлері марқұм Марат Жақсыбаевқа арналған “Ескерткіш саяжолын” ашты. Онда аудандық әкімдіктің, туған-туысқандардың қолдауымен 300 түп ақ қайың мен алма ағаштары отырғызылып, мемлекеттік қызметкерге мемориалдық тақта орнатылды.
– Жыл басында қайтыс болған әріптесіміз Марат Сүлейменұлы қатардағы дәрігерден мекеме басшысына дейінгі абыройлы жолда 30 жылдан астам қызмет атқарып, ел ішінде құрметі озған жан еді, – дейді облыстық МСЭҚБ бастығы Қ.Ташметов. – Бүгінгі игі іске атсалысқан аудан әкімдігіне, барша жұртшылыққа алғысымызды айтамыз.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы, Жарқайың ауданы.