• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Су тасқыны 16 Мамыр, 2024

Тасқынға қарсы тосқауыл

226 рет
көрсетілді

Жайық өзеніне мол су әлі келіп жатыр. Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, алдағы күндері өзендегі су деңгейі ең жоғары шегіне жетуі мүмкін. Су деңгейінің көтерілуіне байланысты тасқын қаупі әлі де күрделі күйде қалып тұр. Мұны Индер және Махамбет аудандарының, Атырау қаласының аумағында су айдынының деңгейі қауіпті шектен асқанынан байқауға болады.

«Қазір Жайық өзенімен ағып келетін тасқын судың көп мөлшері Атырау облысының аумағына кірді. Күн сайын Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласындағы гидробекеттерде су деңгейінің көтерілу көрсеткіші тіркеліп отыр. Индер және Махамбет ауданында су деңгейі қауіпті шектен асып кетті. Бірақ өзен жағалауында салынған бөгет елді мекендерді су басу қаупінен қорғап тұр», деді Ж.Бисембиев.

Әкім орынбасарының айтуына қарағанда, Атырау қаласында Жайық өзенінің жағалауына 250 шақырымнан аса бөгет тұр­ғы­зылған. Дегенмен ша­һар ма­ңындағы Бесікті, Алмалы, Талғайраң, Ақжар, Ақсай елді мекендері су басу қаупі басым аумақта қалып отыр. Осыған байланысты Жайық өзенінің жағалауындағы қауіпті учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып тұр. Мәселен, Махамбет ауданында осындай кезекшілер үшін 40 бекет ашылған. Оның ішінде Махамбет аулында әр 300 метр сайын қойылған 27 бекет бар. Ал Тал­ды­көл аулындағы бекеттің ара­лығы – 500 метр. Сарайшық аулында 200 метр сайын 8 бекет қойылған.

Өзендегі тасқын су Сарыөзек каналының кей тұсын жарып кетті. Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің айтуынша, Сары­өзек елді мекеніндегі шаруа қожа­лығының иелері хабар берген.

«Сарыөзек каналы бойындағы бөгеттің үш метрдей аумағын су жарып кеткені анықталды. Соған байланысты қалалық әкімдік пен «Арнаулы автобаза» ЖШС-дан 15 адам каналдың су жырған бөлігін қалпына келтіру жұмысын жүр­гізді. Бөгетті нығайту үшін құм толтырылған 1 тонналық 60 және 50 кг 100 қапшық төселді. Бұл жұмыс 2 сағатта аяқ­талды. Осындай қауіптің алдын алу үшін арнайы топ тәулік бойы кезекшілік атқарады», деді Ш.Кейкин.

Қазір тасқын су Атырау – Орал трассасынан ауылдарға баратын жолдың екі жанына жайыла бас­тады. Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, осындай себептен Талдыкөл аулының тұрғындарын эвакуациялау басталды.

«Тасқын судың ауылға кіре­тін жолды басу қаупіне байланысты Талдыкөл аулының тұрғындарын алдын ала қауіп­сіз аумаққа эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Бірінші кезекте жүкті әйелдер, балалар мен зейнет жасындағы қарияларды көшіру ұйғарылды. Ал ауыр науқастар облыстық денсаулық сақтау басқармасы әзірлеген алгоритм бойынша эвакуацияланады. Тұрғындарды уақытша қоныстандыру үшін Атырау қала­сындағы APEC жоғары колле­джінде және «Dana» қонақ­үйінде эвакуациялық пункттер дайындалды», деді Қ.Нұрлыбаев.

Бейбарыс ауылдық округіндегі Тал­дыкөл аулында 221 үй, 1 215 тұр­ғын бар. Ауыл тұрғындарына ерікті көшу ұсынылды. Бұған келісім берген тұрғындарды эвакуациялауға 25 орындық 4 автобус, 12 орны бар 2 ГАЗель автокөлігі мен 30 қызметкер бөлінген. Осы ауылдан 158 тұрғын Атырау қаласына жеткізіліп, APEC жоғары колледжіндегі эвакуация пунктіне орналастырылды. Оның ішінде 91 бала, 5 студент, 55 қария, 3 жүкті әйел және 4 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Туыстарының үйіне орналасқан тұр­ғындардың саны – 245 адам. Олар өзде­рімен бірге 143 баласын ала кеткен.

Талдыкөл аулынан эва­куа­ция­­ланған тұрғынның бірі – Айғаным Қарасаева. Қазір оның қасында 83 жастағы енесі мен үш баласы бар.

«Біз кешкі сағат 18.00 шамасында келіп орналастық. Бәрімізді медициналық тексеруден өткізді. Мұнда үйдегідей емес, бірақ балалардың қауіпсіздігі қымбат қой», деді А.Қарасаева.

Ауылдың жігіттері мекенін тастап кеткен жоқ. Өйткені олар ауылды тасқын судан қорғау үшін қалған. Қазір бұл ауылда тасқын суға қарсы жұмысқа төтенше жағдайлар саласының 107 қыз­мет­кері, 28 әскери қызметші жұмылған. Арнайы 9 техника бар.

Тасқын судан Сарайшық аулы­на да қауіп төнді. Өйткені архео­логиялық қазба орны ма­ңын­да салынған бөгет астында қалған бұрынғы жерасты құбыры болған тұс жарылған. Бөгет бойында түнгі кезекшілікте жүрген тұрғындар ауылға төнген қауіп жөнінде дабыл қақты. Оқиға орнына ауыл тұрғындары, Махамбет ауданының әкімі бастаған жергілікті атқарушы ор­ганның өкілдері жедел жетті. Тасқын суды бөгеу үшін 11 техника тартылып, бөгет жанына топырақ төгілді. Осылайша, 2 972 адам мекен еткен 506 түтіні, оған қоса ортағасырлық тарихи қалашығы бар Сарайшық аулына төнген қауіп сейілді. Бұл ауыл­ды тасқын судан қорғау үшін 13,6 шақырым бөгет салынған. Оның 5,4 шақырымы – қайта жаңғыртылған қолданыстағы ескі бөгет. Ал 8,2 шақырымы жаңадан соғылған.

Атырау облыстық жедел штабтың ақпаратына сүйенсек, қазір тасқынға қарсы күрес іс-шарасына 5 430 адам тартылған. Оның ішінде төтенше жағдай департаменттерінен – 898, Қорғаныс министрлігінен – 1 468, Ұлттық ұлан гвардиясынан – 285, Шекара қызметінен  45 сарбаз және 511 полиция қызметкері бар. Олар Атырау қаласында, Индер, Махамбет және Құрманғазы аудандарындағы жағалаудағы бөгетті нығайтуға атсалысып жүр. Сондай-ақ 548 арнайы техника, 132 су сору құрылғысы, 31 қайық, 3 тікұшақ тартылған.

Қазір Жайық өзеніндегі су лайланды. Өзен бетінде ағаш қалдықтары, өзге де қоқыстар қалқып жүр. Осыған байланыс­ты атыраулықтарды ауызсудың тазалығы алаңдатып отыр.

«Атырау облысы Су Арнасы» КМК бас технологі Жәмила Исағалиеваның айтуынша, кәсіпорын иелігінде Жайық өзенінен алынған суды тазартатын төрт арнайы станса бар. Оның әрқайсысында тәулігіне 30 мың текше метр су тазартылады. Қазір бұл стансаларда су тазартуға қолданылатын 14 тонна реагент бар. Бұл – үш айға жететін қор.

«Жайық өзенінен алынған суды тазарту, сүзгіден өткізу се­кілді жұмыстар тоқтамайды. Біз осы кезге дейін Атырау қа­ласы мен оның маңындағы елді мекендердегі, Мақат ауда­нын­дағы Мақат және Доссор кент­теріндегі тұрғындарды таза ауыз­сумен үздіксіз қамтамасыз етіп отырмыз. Осы жұмысты одан әрі жалғастыра береміз», дейді Ж.Исағалиева.

Кеше Атырау – Орал трас­сасының Жалғансай аулы тұсын­дағы 56-шақы­рымы уақытша жабылды. Өйткені жолды тасқын су басу қаупі туындап отыр. Жолдың бұл бөлігі Махамбет ауданының аумағында орналасқан.

Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратовтың айтуын­ша, Атырау – Орал трассасынан Индербор кентіне баратын 7 ша­қы­рым жолды қалпына келтіру басталды. Бұл жолды 13 мамырда Жайық өзенінен сайға құ­йылған тасқын су шайып кеткен еді. Енді аталған жол қалпына келтірілгенше, Көктоғай, Өрлік, Есбол, Елтай, Ынтымақ, Аққала ауылдарының тұрғындары аудан орталығы Индербор кентіне қайықпен қатынайтын болды.

 

Атырау облысы