• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Мамыр, 2024

6 679 отбасы әлеуметтік көмек алды

89 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы биылғы су тасқынынан болған зардапты есептеп, қалпына келтіру жұмыстарына кірісіп кетті. Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Қайыпов табиғат апатының салдарын жоюда өңірде жасалып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді.

Өңірде болған су тасқыны кезінде Орал қаласы мен бірнеше аудандағы елді мекендер, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар зардап шеккен еді. Бүгінде Орал қаласы, Қаратөбе, Сырым, Бәйтерек, Бөрлі және Теректі аудандарында тұрғындарға тиген шығынды өтеу үшін комиссия жұмыс істеп, мүмкін болатын жерлерде техникалық тексерулер өткізіп жатыр.

«Төтенше жағдай салдарынан облыста 1 497 тұрғын үйге зиян келді, 456 тұрғын үй әрі қарай тұруға жарамсыз деп танылды. Яғни Қаратөбе ауда­нында – 90, Сырымда – 114, Теректіде – 116, Бәйтерек ауданында – 9, Бөрлі ауданында 127 үй тұруға жарамсыз. Олар жаңадан салынады немесе басқа үй сатып алынады», деді Тілепберген Ерсайұлы.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, күні бүгін жоғарыда аталған аудандарда жарамсыз деп танылған тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмысы  басталып кеткен. Атап айтқанда, салынатын жаңа тұрғын үйлердің жер учаскелері анықталып, ескі орындары бұзылып, жер жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысты жүргізуге негізінен жергілікті компаниялар таңдалған, көп жерде құрылыс жұмысы басталған. Су деңгейі әлі түсе қоймаған жерлерде ғимараттарға тех­ни­калық бағалау кейінге қала тұратыны түсінікті ғой. Сон­дық­тан жоғарыдағы сан­дарға әлі де өзгеріс енуі мүмкін. Әзірге 386 тұрғын үй жаңадан салынып, 70 үй сатып алынатыны хабарланды. Сондай-ақ су басқан 1 010 үй тұруға жарамды деп есептеліп, оларға жөндеу жасалатын болды.

Су тасқынынан зардап шеккендерге мемлекет тарапынан 100 айлық есептік көрсеткіш – 369,2 мың теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төленіп жатқаны белгілі. Өңір­де осындай көмек сұраған 9 812 өтініш түскен. Қазіргі таңда 6 679 отбасы 2,4 млрд теңге әлеуметтік көмек алып үлгерген.

Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан 2 342 бас мал шығыны бол­ған еді. Оның шығыны 187,5 млн теңге деп есептеліп, облыс­тық бюджеттің резервінен атал­ған қаржы бөлініп тұр. Қа­­зір­дің өзінде 141 адамның өтініші қанағаттандырылып, тұрғындарға суға кетіп өлген 1 000 бас мал үшін 126,9 млн теңге өтемақы берілді.

Биылғы су тасқынынан қатты зардап шеккен аймақтың бірі – қала маңындағы саяжай қауымдастықтары. Өзен жа­йыл­ма­сында орналас­қан­­дықтан, саяжай әу бас­тан уақытша пайдаланылатын қоныс болып са­на­лады. Бірақ мемлекет сая­жай­дағы үйі жалғыз баспанасы болған тұрғындарға көмек қолын созды. Соның мысалы, Батыс Қазақстан облысында суға кеткен 8 732 саяжай үйінің ішінде 2 579 тұрғынға пәтер берілетіні хабарланып жатыр. Саяжайлардың көп бөлігі әлі су ішінде тұрғандықтан, бұл сан өзгеруі мүмкін.

«Табиғат апаты кезінде тұр­ғын­дардың баспанасы ғана емес, материалдық мүліктері де бү­лінді. Арнайы комиссияның шешімімен материалдық мү­лікті өтеудің жоғарғы шекті құны 150 АЕК болып белгіленді. Бұл – 553,8 мың теңге. Күні бүгін материалдық мүлікті өтеу бойынша халықтан 11 909 өтініш түсті, қазір тиісті бағалау жұмысы жүргізіліп жатыр»,  деді Т.Қайыпов.

Осындай шығынды бағалау, есептеу ісі шағын және орта биз­нес нысандарында да жү­ріп жатыр. Арнайы комиссия кәсіпкерлерге келтірілген мүліктік нұқсанды есептеп, нақты шешімін айтады. Айт­пақ­шы, су тасқынынан зардап шеккен жандардың түрлі несие бойынша төлемдері 2024 жылғы 1 сәуір мен 30 маусым аралығында 3 ай мерзімге кейінге қалдырылды. Су тас­қыны салдарынан олар тиісті төлем­дерін кешіктіріп алса, айыппұл мен өсімпұл есеп­тел­мей­ді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабар­ла­ған­дай, күні бүгін тас­қыннан зардап шеккен 7 мыңнан аса азаматтың қарызын төлеу мер­зімін кейінге шегеру бо­йын­ша шара қабылданған екен. Осы­ның 4 мыңға жуығы – саяжай тұрғындары.

 

Батыс Қазақстан облысы