• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 18 Мамыр, 2024

Болашағы мықты мамандық

126 рет
көрсетілді

Жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, мәртебесін көтеру мақсатында Алматы облысының «WorldSkills Qonaev – 2024» аймақтық чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл іс-шара елімізде кәсіптік-техникалық және жоғары білімнің дамуы мен көрсеткіштерін одан әрі жақсартуға мол мүмкіндіктер ашып, оң ықпал етіп отыр.

Талғар аудандық Мә­дениет үйінде аймақ­тық техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орын­дарының студенттері арасында өткен бұл байқауға өңірдегі 23 колледжден 84 білім алушы қатысып, 12 аталым бойынша бақ сынасты.

«Бұл жарыс кәсіптік білім алу­шы студенттердің кәсіби шебер­лігі мен шығармашылық ізденіс­терін жан-жақты көрсетті. «WorldSkills Qonaev – 2024» – жұ­мысшы мамандықтарының олим­пиадасы деу орынды. Өйт­кені ол, студенттерге алған бі­лімін кәдеге жаратумен қатар, шеберлік­терін шыңдауға, қа­телік­терін түзеуге, кәсібилігін арттыруға бағыт-бағдар береді. Байқауға қатысушы сту­дент­тердің барлығы талантты, өз кәсібін қадірлейтіні кө­рініп тұр. Осы жарыста топ жарған жеңімпаздар білімдері мен кәсіби шеберліктерін республикалық чемпионатта дәлелдейтін болады. Өздеріңізге белгілі, ұлттық чемпионаттың бір тапсырмасы ағылшын тілінде ұсынылады, сол себепті жеңімпаз студенттеріміз ағылшын тілін үйренумен қатар, практикалық дайындығын кәсіпорын базасында жетілдірудің мүмкіндігін қарастыру маңызды», деді облыстық білім басқармасының басшысы С. Беспаева.

Үш күндік чемпионатта «Аспаз ісі» бойынша Алм­аты облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің студенті Нұрсұлтан Толыбек жеңімпаз атанса, «Шаштараз өнері» мен «Сән тех­нологиясы» аталымда­рын­да да осы колледждің сту­дент­­­тері Әнел Иманқожа мен Альмира Каримова топ жарды. «Графикалық дизайн» бойын­ша Алматы экономикалық кол­леджінің студенті Айсұлтан Бердешов 1-орын иегері атанса, «Веб технологиялар» және «Электромонтаждау жұмыс­тары» аталымында Талғар по­ли­техникалық колледжінің студенттері Таиржан Ахметов пен Анатолий Кончаков жеңім­паздар қатарынан көрінді.

Өз мамандықтарын қорғау бойынша біліктілік танытқан білім мекемелері барынша белсенді болды. «Төменгі сы­­ныптарды оқыту» бойын­ша Есік гуманитарлық-эконо­ми­калық колледжінің студенті Со­фия Вьюн үздік атанса, «Ша­нақ жұмыстары» бойынша Қаракемер кәсіптік кол­лед­жін­де білім алушы Қуан­дық Оразымбетов ортасынан озды. Сондай-ақ «Жеңіл авто­мобильдерді жөндеу және қыз­мет көрсету» сайысында Тал­ғар агробизнес және менедж­мент колледжінің студенті Әділет Әдебиетұлы жоғары балл жинап, жеңімпаз атанды.

«Дәнекерлеу технологиясы» бойынша Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжінде білім алатын Ілияс Жәрімбетов 1-орын­ды иеленсе, «Мектепке дейінгі тәрбие және дайындық» аталымында Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің түлегі Еңлік Әлнұр, ал «Желі­лік және жүйелік әкімші­лен­діру» бойынша Талғар пол­и­техникалық колледжінің сту­денті Сабыржан Әміров үздіктер қатарынан көрінді.

Жеңімпаздарды облыстық мәслихат депутаты Серікхан Әділханов құттықтап, студент­тердің кәсіптік шеберлігі жылдан жылға арта түскендігін атап айтты.

«Мен «ELECTUDE» бағдар­ламасы бойынша «Приора» автокөлігінің қозғалтқышын және ВАЗ-2107 көлігінің беріліс қорапшасын бұзып-жинау бойынша бағымды сынадым. Қозғалтқышты бұзып-жинауға 3 сағат, беріліс қорапшасына 1,5 сағат уақыт берілді. Оған қоса, айналаңды таза ұстау да назарға алынды. Сондай-ақ ақауды анық­­тауда да тапқырлық таны­туым керек болды. Осының бә­рі ескеріле келіп, 100-ден 90,8 балл жинап, жеңімпаз атандым. Менің бұл мамандыққа келуіме әкемнің 40 жылдан бері көлік жүргізетіні және ағамның да машина жасаумен айналысатыны айрықша әсер етті. Алдағы республикалық чемпионатта жеңіс тұғырынан көрінуге күш саламын», деген «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» сайысының жеңімпазы Әділет Әдебиетұлы келешекте Қазақ көлік қатынас­тары университетіне оқуға түсіп, жоғары білім алуды, мықты маман болуды армандайды.

 

Алматы облысы