Батыс Қазақстан облысында тасқын судан зардап шеккен елді мекендердің бірқатарында дезинфекциялау жұмысы аяқталды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңірде наурыз айының соңында әуелі Қалдығайты, Аңқаты, Шідерті секілді шағын өзендер тасыса, кейін трансшекаралық Қараөзен мен Сарыөзен, Шаған мен Деркөл, Жайық өзендері де арнасынан асып, асау мінез көрсетті. Тасыған су көп жерде тұрғын үй мен мал-мүлікті ғана емес, әлеуметтік құрылымдарға, соның ішінде ауызсумен қамту жүйесіне де зақым келтірді.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының дерегінше, су кеткен аудандардың елді мекендерінде, яғни Бәйтерек, Қаратөбе, Бөрлі, Теректі, Сырым аудандарындағы тұрғын үйлерді, сондай-ақ Қазталов ауданының су басқан 2 су құбырын дезинфекциялау шарасы аяқталып қалған. Бұл жерлерде енді су сараптамасы жүргізілмек.
Қазір қалпына келтірілген орталықтандырылған су жүйесіндегі су да зерттеліп, қауіпсіздік шарасы жасалып жатыр екен. Су тасқыны басталғаннан бері мамандар барлығы 1 625 мәрте су сынамасын зерттеуге алған. Оның ішінде 817 сынамаға микробиологиялық зерттеу, 808 сынамаға санитарлық-химиялық зерттеу жасалған.
Бұған қоса орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жүйесін де зерттеуге санитарлық-микробиологиялық 17 сынама және санитарлық-химиялық зерттеулерге 17 сынама алыныпты.
«Зертханалық талдау нәтижелері судың сапасы талапқа сай екенін, қауіпсіздігін, алынған барлық сынамада жұқпалы аурулардың өршу қаупі жоқтығын көрсетті», дейді мамандар.
Бүгінге дейін барлығы 724 тұрғын үй, 577 кәріз, 3 су құбыры дезинфекцияланған. Соның ішінде Сырым ауданы Қосарал ауылының 1 су құбыры, Қазталов ауданындағы орталық құбыр мен Әжібай ауылының су құбыры бар.
Орал қаласы маңындағы саяжайларда дезинфекциялау жұмысы су кеткен соң басталады. Жайық бойын жағалай жатқан Ақжайық ауданында 45 елді мекен болса, соның 32-сі өзен бойында орналасқан. Биылғы тасқыннан ауылдар аман болғанымен, 7 ауылдық округке қарасты 12 ауылдың су айдау нысандары өткен аптада су астында қалған. Қазір бұл ауылдарда алдын ала резервуарларға жиналып алынған су тұрғындарға кестемен беріліп жатыр. Одан бөлек, әркім өз ауласындағы құйма құдықтарға су жинап алып, амалдап отыр. Кей ауылдарға ауызсуды көлікпен тасымалдау ұйымдастырылған.
Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Бейімбет Ғиззатовтың айтуынша, ауызсудан тұрғындар тапшылық көрмейді.
– Халықты ауызсумен қамту мақсатында су таситын 6 көлік қызмет етіп жатыр. Оның екеуі «Жайықтехсервис» коммуналдық мекемесі құзырындағы су тасығыш техникасы болса, қалған төртеуі облысқа материалдық резервтен берілген. Су деңгейі түскен жағдайда санитарлық тексеру-тазалау жұмысын өткеріп, орталықтандырылған су жүйесін қайтадан қалпына келтіреміз, – дейді аудан әкімі орынбасары.
Айта кетейік, эпидемияға қарсы іс-шараларды облыс әкімі Нариман Төреғалиев тікелей өз бақылауында ұстап отыр.
Батыс Қазақстан облысы