• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Мамыр, 2024

Брайль қарпімен басылған роман

144 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін аза­мат­тарға арналған арнаулы кітапханасы Қазақстан Жазу­шы­лар одағының мүшесі Мұнай­дар Балмолданың «Абадан» рома­нын нүктелі-бедерлі қаріпте ба­сып шығарды.

Арнаулы кітапхана 2022 жылы «Өлке қаламгерлерінің шығармашылығы – Брайль қарпінде» жобасын бастаған еді. Ақын-жазушылардың қазақ тіліндегі шығармаларын зағип оқырмандарға қол­жетімді етуді мақсат еткен жоба аясында бүгінге дейін Қадыр Мырза Әлінің «Егіз жолдар» кітабы, жергілікті ақын Асантемір Қаршығаұлының «Шідерлі шер» жинағы және І топтағы көз мүге­дегі, жас ақын Асылбек Қуанышқалиев­тің «Жүрек сөзі» атты тырнақалды туындысы нүктелі-бедерлі қаріпті кітап нұс­қасында жарық көрген еді. Енді оқыр­мандардың сұрауына орай тұңғыш рет көлемді прозалық шығарма брайль қарпіне көшіріліп, үшбөлімді кітап болып басылып шықты.

«Дәстүрлі баспадан шыққан кітап­ты нүктелі-бедерлі қалыпқа айналдыру – әжептәуір машақаты бар күрделі жұмыс. Бұл үшін кітаптың барлық бетін сканерлеп, қатесін бастан-аяқ тексеріп шығамыз. Содан кейін кітапханамыздың қызметкері, тифлоақпараттық-биб­лиографиялық бөлім басшысы Кербез Қадырбекова осы мәтінді WinBraille арнайы бағдарламасына салып, тағы тексереді. Брайльша кітап шығару ере­жесі бойынша шығарма бірнеше бөлімге бөлінеді. Зағип оқырмандарға оқуға ыңғайлы болу үшін ережеге сай жол сандарын сақтай отырып басады. Яғни кішігірім әңгіменің өзін аудару оңай емес. Осынау қиын да күрделі жұ­мыстың денін біздің маманымыз, өзі де көз мүгедегі Кербез Ердәулетқызы жасайды. Айтпақшы, брайль мәтін басылатын қағаздың өзін А4 форматына қолмен қиып дайындаймыз», дейді Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана әдіскері Гүлмайра Беркінқызы.

«Абадан» романын брайль қарпіне айналдырып шығару ісі биыл қаңтар айында басталып, төрт айға созылған екен. Саусақпен оқылатын жаңа кітаптың тұсаукесері арнаулы кітапханада үлкен жиын болып өтті.

Кешке кітап авторы Мұнайдар Бал­молда, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қай­раткері, «Парасат» орденінің иегері, әнші Хатимолла Бердіғалиев, Журналистер одағының мүшесі, ақын Нұрлан Сәдір, тарих ғылымдарының кандидаты, Білім беру ісінің үздігі Жаңабек Жақ­сығалиев, Суретшілер ода­ғының мүшесі, мүсінші, ұстаз Манас Ақ­қожин, Суретшілер одағы­ның мүшесі, суретші-график Бекжан Жұмабаев, әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегенов қатысты.

Кеш барысында Мұнайдар Балмол­даның өлеңіне жазылған «Арман жылдар», «Анамның жаққан ошағы», «Қазақ жылқылары», «Өмір, сені сүйем» әндері шырқалды. Автор оқырман сұрақтарына жауап беріп, шығармашылық жос­пар­ларымен бөлісті. Кітапхананың жас оқыр­мандары Ж.Тұрашев пен А.Аман­жан­қызы жаңа шығарманың Брайль қар­піндегі нұсқасынан үзінді оқып, кітаптың қызықты тұстарын таныстырып өтті.

Айта кететін бір оқиға, зағип­тарға арналған «Абадан» кітабы бедер­лі-графикалық суреттермен безен­діріліпті. Түз тағысының түрлі кейіптегі суреттері зағип жандарға қасқыр қандай болатынын саусақ ұшымен сезінуіне мүмкіндік береді. «Біздің оқырмандардың арасында көзі туғаннан көрмейтін немесе кішкентай кезінен көрмей қалған жандар бар ғой. Солар үшін біз бөрінің ұлып отырған, тағы басқа халдегі суреттерін арнайы бағдарламамен нүктелі-бедерлі қалыпта бейнеледік», дейді Гүлмайра Беркінқызы.

Елімізде брайль әліп­биінде мемле­кеттік тілде шығатын әдебиет жоқтың қасы десе де болады. Қазақстанда мұндай шығармаларды қазақ тілінде шығаратын арнайы бас­па да жоқ. Сондықтан орал­дық кітапхана­шылардың бұл ісін жан­кешті жана­шырлық десе де артық емес.

Арнаулы кітапхананың өз дыбыс жазу студиясы да брайль кітаптары­ның аудионұсқасын бірге дайындап, кітапхана оқырмандарына диск түрінде ұсы­нып отыр. Кітапхана дикторы Айдар Жар­лығаповтың оқуында «Абадан» ро­ма­ны жалпы көлемі 20 са­ғаттық аудио­­кітап болып, үш дискіге басылып шық­қан.

«Біздің кітапхана дайындап шығар­ған барлық нүктелі-бедерлі кітаптар, аудиоөнімдер еліміздің кітапханала­рына, арнаулы мектеп-интернаттарға жіберіледі», дейді Гүлмайра Беркін- қызы.

«Абадан» романының тұсаукесеріне арнаулы кітапхана оқырмандарынан бөлек, Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінің, «Сервис» технологиялық колледжінің студенттері, Ішкі істер министрлігі Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған күзет қыз­меті бас­қармасының жеке құрамы да қатысты.

 

Батыс Қазақстан облысы