Ұлытау облысында «Кеңгір керімсалы» атты республикалық поэзия фестивалі өтті. Жас ақындардың қаламын ұштап, талабын арттыру мақсатында жасалған өлең мерекесі облыс құрылғалы бірінші рет ұйымдастырылды. Іс-шараның ашылу салтанаты орталықтағы Абай ескерткішінің алдында өтті. Жиылған жұртшылық бас ақынның рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Фестивальға құрметті қонақ ретінде «Отан» орденінің иегері Жүрсін Ерман, жыршы, профессор Алмас Алматов, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып арнайы шақырылды.
Ашылу рәсімінен кейін орталықтандырылған балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Жаңа кезең. Жас қаламгер» дөңгелек үстелі өтті. Онда қонақтар мен жергілікті қаламгерлер сөз сөйлеп, әдебиеттің дамуы үдерісі хақында пікір алмасты. «Кеңгір керімсалы» фестивалі кемеріне толған Кеңгірдің суы секілді жылдан-жылға айдынданып, айбындана беретін баянды мерекедей көрініп отыр. Халықаралық деңгейге шығатынына да кәміл сенемін. Бұл – поэзия салтанаты Ұлытау өңірінің рухани өміріндегі үлкен жаңалық», деді Ғ.Жайлыбай. Іс-шара С.Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театрында «Кеңгірдің қоңыр кешінде» атты поэзия кешімен жалғасын тапты. Бауыржан Жақып өлең оқып, басқарма төрағасының құттықтауын жеткізді. «Жас ақындардың алдында үлкен жол күтіп тұр. Сол қасиетті сапар киелі Ұлытау даласынан басталып, Қазақстан аспанына жыр жұпарын аңқытса, ұлт руханиятына үлкен олжа салынды деген сөз», деді ол.
Жезқазғандық төрт қаламгер – Мұқаш Сейітқазинов, Ернұр Сейдахмет, Сара Смағұл, Төлеш Асанға мүшелік билет пен төсбелгі тапсыру рәсімі өтті. Сонымен қатар Ұлытау облысы жас ақындарының «Кеңгір керімсалы» антологиясы және жезқазғандық Жанат Әбдіғожиннің «Арнадым саған» кітабы оқырманға жол тартты.
Фестиваль жергілікті ақын Мұқағали Сейітқазының «Маған сені жақсы көрген ұнайды» атты әдеби-сазды кешімен аяқталды.