Көрген жанның көзін сүйсінтіп, көңіліндегі қуаныш көбелегін көркемдік уызы қонақтаған қырларында ұшырған ерке Көкшенің иен табысының бір саласы – туризм. Былтыр салық түсімінің көлемі 21 пайызға өсіп, 3,5 млрд теңгені құраған.
Үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдер мен қолдың саласындай аққайыңдар көмкерген, саф ауасы дертке дауа Көкшедегі туристік әлеует жоғары. Әсіресе әр төбесі, әр белесі аңыз-жырға толы, сұлулық салтанат құрған Бурабай баурайы мен зерлі Зеренді, аң-құсы жыртылып айырылатын, күміс тостағанға құйғандай мөлт-мөлт еткен көлдері көп Қорғалжынның биосфералық резерваты және елорда маңындағы түрленіп келе жатқан туризм аймағы несібесін осы саладан тауып отырғаны әмбеге аян. Бүгінде облыста 600-ден аса туристік кәсіпорын жұмыс істейді. Жадырап жаз келгенде Көкше өңіріне ат басын бұратын туристер легі жыл сайын өсе түсуде. Мәселен, өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында облысқа 15 838 турист келген. Бұл көрсеткіш – өткен жылмен салыстырғанда 3,2 мың адамға көп. Төрткүл дүниенің талайға таңдай қақтырған тамашасын көзі көріп, қыр-сырын көкірегіне құйған кірпияз шетелдікті қиян шеттегі Көкшеге тартып тұрған құдірет не дейтін болсақ, ол ең алдымен тұмса табиғаты, есте жоқ ескі кезеңдегі ел тарихын екшеген, тыңдаған жанның бойындағы алпыс екі тамырын кернеген қанды қыздыратын ақиқаты мол аңыз, көмбедегі уақыт шымылдығы тұмшалаған рухани қазына болуы да мүмкін. Шөліркеген көңілдің шөлін басу үшін алты туристік оператормен 73 бағыт жасалыпты. Әр бағытты бойлап ел ішін еркін кезген турист Көкше даласының арғы-бергі тарихына қанығып, рухани нәр алмақ. Бурабай баурайындағы жаратылыстың өзі сомдаған, көркем сұлулықпен көмкерілген әр тастың өз тарихы бар. Ол тарихтың сындарлы соқпағы тылсым сырдың сабасын күмпілдетіп, самал желмен есіліп сыр шертер еді. Топырағын тұңғыш басқан жан аңыз қылып айтуы да мүмкін. «Ел құлағы елу» дегендей, ғажайып өлкенің көркіне қасиет үйлесіп, тәмам елдің төріне шым-шымдап тарай береді емес пе? Қазір баяғыдай емес, барар жерің, бағытың алақанға салғандай көрініп-ақ тұр. Өткен жылдың соңында «e-Qonaq» платформасына 182 орналастыру нысаны тіркелген. Бұл тараптағы өсім 126 пайызды құрайды. Туристік сапарлар көрсеткішінің жоғары екені мәлім. Жыл соңында өңірге келген демалушылардың саны 1,2 миллионнан асқан.
Табысты салаға қаржы құйып, жұмыс істегісі келетіндердің де қатары көбейіп келеді. Былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 27,8 млрд теңгеге жеткен. 2022 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 17,6 млрд-қа немесе 158 пайызға жоғары. Өткен жылдың соңында атап айтарлық бірқатар ірі жоба жүзеге асырылды. Мәселен, бұл орайда Бурабай ауданында «Aqbura Plaza» қонақүйін атай кетуге болады. Орталықтың құрылысына 5 млрд теңге көлемінде қаржы бағытталыпты. Мемлекеттік инвестицияның үлес салмағы 10 млрд теңгені құраған. Осы қаражатқа курортты аймақтағы демалыс үйлерін, орталықтарды, спорттық сауықтыру кешендерін салу мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Бизнестің мемлекеттік субсидияларды алудағы белсенділігі де жоғары. 2023 жылы 105,1 млн теңгеге 12 өтінім жасалып, қолдау тауыпты. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2022 жылы 5 өтінімге 14,6 млн теңге қаражат бөлінген.
Өткеннің өрелі істерін сәл ғана сабақтай кетсек, туристік өңірдегі қайнаған қызу шаруаның деңгейі көрінер еді. Туристік бағытты дамыту мақсатында атқарылған шаруа аз емес. Алдымен, келімді-кетімді кісінің аяқ ізі үзілмейтін демалыс аймағындағы тазалық мәселесін құнттап, санитарлық жағдайды жақсарту. Бұл орайда санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша жедел штаб құрылып, атқарылатын іс-шаралардың нақты жоспары бекітіліп, облыстық бюджеттен 30 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Бурабай баурайындағы төрткүл дүниеден туристер құйылып көп келетін жерлерге 27 санитарлық-гигиеналық қондырғылар орнатылған. 27 қоқыс орны ұйымдастырылыпты. 110 металл контейнерлер жеткізілген. Ит тұмсығы өтпейтін қалың орманды жиектей 50 ағаш контейнерлер мен 220 санитарлық қоқыс жәшіктері орнатылған. Жанға жайлы самал есіп тұратын алаңқайларды жиектей орналастырған 80 жаңа орындық пайда болған. Жазғы уақытта тазалау және қоқыс шығару кестесі бекітілген. Өткен жылдарда есе жіберген кейбір мәселелер ескеріліп, қоқыс жәшіктерін тазалау жиілігі алты ретке дейін өсірілген. Осы арада айта кететін тағы бір мәселе – заңсыз орнатылған 27 коммерциялық павильонның бөлшектелгені. Бұл орайдағы бар жұмыс тәртіпке келтіріліп, туристерге кәдесый, балмұздақ, сусын сататын 20 орын заңдастырылып, бөлінген.
Ендігі бір шаруа – абаттандыру мәселесі. Көркем дүниенің көкжиегін мұнтаздай тазалықпен ұштастырып тұруы керек емес пе? Бурабай кентіндегі Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлеріне арналған ескерткіш жөнделді. Көпшіліктің көзі түсетін орталық алаң қайта жаңғыртылды. Шағын сәулет нысандарына дейін назардан тыс қалмай, қалпына келтірілді.
Бурабай кентінің 700 гектар болатын аумағында бас жоспар түзілді. Келешекте бас жоспарға сәйкес 4 автотұрақтың құрылысы жүзеге асырылады. Бір айта кетерлігі, көліктің көптігінен туристердің автокөліктерін қайда қоярын білмей, қиналатын кездері де болатын. Жаңа жоба жүзеге асырылғаннан кейін бұл мәселе түпкілікті шешілмек.
Тағы бір сүйінішті жайт, жалпы құны 5,4 млрд теңге болатын төрт көлік инфрақұрылым жобасын қаржыландыру қолдау тапты. Атап айтқанда, Бурабай кентінің Жамбыл көшесінің жолы қайта жаңғыртылмақ. Бурабай-Қатаркөл тасжолының 20 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілмек. Текекөл көлінің айналасында Шабақты көлінің солтүстік айналма жолына дейінгі автомобиль жолының құрылысы 178,1 млн теңгеге жаңғыртылмақ. Щучье-Николаевка тасжолына күрделі жөндеу жасау үшін 4 млрд теңге қаражат бөлініп отыр.
Былтыр облыс әкімінің қаулысымен Зеренді курорттық аймағын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары бекітілді. Туристік әлеуетті арттыруға бағытталған 31 инфрақұрылымдық жоба жүзеге аспақ. Осылайша, 6 241,1 млн теңге кезең-кезеңімен игілікке жұмсалады. Зерлі Зеренді өңірі жазғы маусымға мықтап дайындалып жатыр. Бүкіл демалыс аймағындағы тасжолды жарықтандырып, бейнебақылау камералары орнатылды. Өткен жылдың соңында қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер, жағажай шатырлары, киім ауыстыратын кабиналар, дәретханаларды сатып алуға 4,7 млн теңге қаражат бөлінді. «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында демалуға арналған орындар, жаяу жүргінші жолының бойына оңтайлы орындықтар, қоқыс тастайтын контейнерлер орнатылды. Туристік нысандар өз қаражаты есебінен бұрын орнатылған талшықты-оптикалық желілерге интернет сигналын қабылдау күшейткіштерін орнатып жатыр.
Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру шеңберінде кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы сомасы 105,1 млн теңге болатын шығындарының бір бөлігін субсидиялауға түскен 12 өтінім қаралып, қолдау тапты.
Осылайша, көрікті өңірдегі туристік нысандар жазғы маусымға мұқият қамданып жатыр. Демалысын құйқалы өңірдің сыбаға-сыйына арнағысы келген әлеумет Көкшеге келіп, көркіне көзайым болса, өкінбесі анық.
Ақмола облысы