Атырау облысындағы Құлсары қаласында тасқын судың зардабын жою жалғасып жатыр. Алайда моноқалада құрылысы толық аяқталмаған 14 тұрғын үй әлі су ортасында тұр.
Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің айтуынша, Құлсары қаласында тасқыннан кейінгі суды сору жұмысына Төтенше жағдайлар министрлігінен 159 маман, 27 арнайы техника тартылып отыр. Бұл жұмысқа «Жылыой Тазалық» ЖШС-дан 18 вакуум бөлінген.
«Мамырдың ортасына дейін Құлсары қаласының тұрғын үйлері мен көшелерінен 5,6 млн текше метр су сорылды. Осы жұмыстың нәтижесінде 2 906 тұрғын үй судан құрғатылды. Қазір аудан орталығында құрылысы әлі толық аяқталмаған 14 тұрғын үй мен 7 бизнес нысан әлі күнге дейін су ортасында қалып тұр», деді М.Мурзиев.
«Жылыой Тазалық» ЖШС директоры Бауыржан Абдурахмановтың дерегіне қарағанда, су тасқынынан кейін 4 689 тоннадан аса қоқыс шығарылған. Қоқыс арнайы полигонға жинақталады. Арнайы техникалар тәулігіне 50 рейс жасайды.
«Күн сайын 5 бригада қоқыс жинауға жұмылады. Бригадалар таңертеңгі сағат 08.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Өйткені біздің міндетіміз – үйлер мен аулаларды қоқыстан тез тазарту. Осылайша, тұрғындардың жөндеу жұмыстарын жүргізіп, үйлерін ретке келтіруіне қолайлы жағдай жасауымыз керек. Құлсары қаласындағы су басқан үйлерден кей күні 1,7 тоннаға дейін тұрмыстық қалдықтар жиналады. Жақында бір күнде су басқан аулалардан 10 тоннадан аса қоқыс пен тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды», дейді серіктестіктің учаске басшысы Асқар Теміржан.
Атырау облысы