• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 23 Мамыр, 2024

Бұйырғаны – жалғыз жүлде

65 рет
көрсетілді

БАӘ астанасы Әбу-Дабиде дзюдошылардың әлем чемпионаты басталған бетте аса жеңіл салмақ дәрежесінде белдескен Әбиба Әбужақынова қола жүлдені олжалап, өз жанкүйерлерін қуантқан еді. Бірақ одан кейін қоржынымызға бірде-бір медаль түскен жоқ.

Балуандарымыз ойсырай ұтылды

Екінші жарыс күні еліміздің бес дзюдошысы татамиге шыққанымен, барлығы да бастапқы бәсекеде жеңілістің кермек дәмін татты. Әсіресе 66 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Ғұсман Қырғызбаевқа зор сенім артқан едік. 31 жастағы сақа спортшы осыдан үш жыл бұрын Будапештте өткен дүниежүзілік додада күміс медальды иеленген еді. Одан бөлек, Азия чемпионатында екі рет жеңіс тұғырына көтеріліп, Гранд Слэм мен Гран-при турнирлерінде топ жарды. Бір сөзбен айтсақ, Ғұсман – тәжірибесі әбден толысқан, бір басына жетерлік атақ-даңқы бар балуан. Бірақ Әбу-Дабидегі додаға ол даяр болмай шықты. Қырғызбаев алғаш­қы айналымда Израильдің өкілі Тал Фли­керге жол берді.

73 кг салмақтағы Данияр Шамшаевтың да есімі көпшілікке етене таныс. Жас дарын 2022 жылы Астанада айды аспанға бір-ақ шығарып, Азия чемпионы атанды. Бір кереметі, сол атаққа қол жеткізуге Даниярға бар-жоғы 149 секунд жеткілікті болды. Яғни 2,5 минуттай уақытта ол төрт бірдей қарсыласын жолынан ығыстырып, сары құрлықтың бас балуаны деңгейіне жетті. Бірақ Парсы шығанағында Шам­шаев «шабысынан» жаңылды. Бұл жарыста қандасымыз молдовалық Әділ Османовтан ойсырай ұтылды. Сол секілді Жанарыс Рахметқали (66 кг) франциялық Валид Хиярға, Бақытжан Әбдірахманов (73 кг) германиялық Игорь Вандткеге, Бақыт Құсақбаева (57 кг) түркиялық Ачелья Топыраққа есе жіберді.

Сол күні 73 кг салмақ дәрежесінде күрескен әзербайжандық Хидаят Гей­даровтың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Ол косовалық Акил Гякова, испа­ниялық Сальвадор Касес Роса, брази­лиялық Даниэль Каргнин, германиялық Игорь Вандтке және жапониялық Татсуки Ишихараны жеңіп, әлем чемпионы атанды. Бұл балуан бізге де бөтен емес. Хидаят 1997 жылдың жазында Қарағандыда дүниеге келген. Балауса шағында әке-шешесімен бірге тарихи отанына қоныс аударды. Әзербайжан құрамасы сапында ол әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері, төрт дүркін Еуропа чемпионы, Дүниежүзілік универсиаданың екі дүркін жүлдегері, Еуропа ойындарының қола жүлдегері, Ислам ынтымақтастығы ойын­дарының жеңімпазы атанды. Міне, енді Х.Гейдаров өзінің спорттық мансабындағы ең зор табысқа қол жеткізіп отыр.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер

Ерлер. 66 кг: 1. Рема Танака (Жапо­ния), 2. Такеши Такэока (Жапония), 3. Лукас Саха (Финляндия) мен Важа Марг­велашвили (Грузия).

73 кг: 1. Хидаят Гейдаров (Әзербайжан), 2. Татсуки Ишихара (Жапония), 3. Анхзая Лавджаргал (Моңғолия) мен Нилс Стумп (Швейцария).

Әйелдер. 57 кг: 1. Хео Мими (Оңтүстік Корея), 2. Криста Дегучи (Канада), 3. Джессика Климкейт (Канада) мен Момо Тамаоки (Жапония).

 

Есмигүл есе жіберді

Үшінші күні Қазақстанның екі дзюдошысы өнер көрсетуге тиіс еді. Бірақ денсаулығының сыр беруіне байланысты 81 кг салмақтағы Абылайхан Жұбаназар татамиге шыққан жоқ. Осы орайда федерация басшылары мен ұлттық құрама бапкерлеріне қоятын мынадай сұрағымыз бар: Аса маңызды жарысқа қатысқалы отырған балуан алдын ала тексерістен өтпеген бе? Егер оның денсаулығында ақау болса, дүниенің дүлдүл жүйріктері бас қосқан бәсекеге апарудың не қажеті бар еді? Сонда кең байтақ Қазақ елінде Абылайханды алмастыратын ешкім табылмады ма? Бұған басшылар мен бапкерлердің айтар уәжі қандай?

Содан барша қазақ жанкүйерлерінің назары 22 жастағы Есмигүл Куюловаға ауды. Былтыр Азия ойындары мен биыл құрлық чемпионатында қола медальды мойнында жарқыратқан бұрымдымыз жарысты сәтті бастады. Тұсаукесер кездесуінде Есмигүл қырғызстандық Адина Кочконбаеваны қапы қалдырды. Екінші кезеңде Капе-Верде өкілі Сандра Биллиеттің аяғын көктен келтірді. Бірақ одан әріге Куюлованың әлі жет­педі. Үшінші айналымда Еуропа чемпио­натының қола жүлдегері, польшалық Анжелика Шиманскаяға есе жіберген ол жарыс жолынан шығып қалды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер

Ерлер. 81 кг: 1. Тато Григалашвили (Грузия), 2. Тимур Арбузов (Ресей), 3. Ли Джун Хван (Оңтүстік Корея) мен Сомон Махамадбеков (Тәжікстан).

Әйелдер. 63 кг: 1. Джоан ван Лисхаут (Нидерланд), 2. Анжелика Шиманская (Польша), 3. Кларисс Агбеньену (Франция) мен Лаура Фазлиу (Косово).

 

Қыздардан да қайыр болмады

Төртінші күні екі бұрымдымыз бозкілемге беттеді. 70 кг салмақтағы Екатерина Токареваны Ресейден «Осы біздің көсегемізді көгертеді» деп аттай қалап алдырған едік. Бұған дейін ол өз елінің чемпионатында күміс жүлдегер атанып, бірнеше халықаралық жарыста олжаға кенелді. Бірақ ұлттық команданың сапына іліге алмағаннан кейін Қазақстанға қоныс аударуды құп көрді. Былтыр ел біріншілігінде бас жүлдені олжалағаннан кейін түрлі байрақты бәсекелерде Қазақ елінің туы астында өнер көрсете бас­тады. Алайда әлі де ауыз толтырып ай­тар­лықтай табысқа жете алған жоқ. БАӘ-дегі жарыстың алғашқы айналымында Токарева өзбекстандық Гүльноза Матниязованы жеңгенімен, екінші кезеңде испаниялық Ай Цунодоға есе жіберді.

78 кг салмақтағы Аруна Жангел­дина­ның да ұлттық құрама сапында жүргеніне біраз жылдың жүзі болды. Бірақ оның да жетістігі шамалы. Әрі кеткенде құрлықтық деңгейдегі жарыстарда жүлде алумен шектеліп жатыр. Әлемдік додаларда алғашқы айналымдардан асқан емес. Бұл жолы да солай болды. Аруна тұсаукесер кездесуінде ұлыбританиялық Эмма Рейдтің «оңай олжасына» айналды. Ал ерлердің 90 кг салмақ дәрежесінде қазақ балуандары өнер көрсеткен жоқ.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер

Ерлер. 90 кг: 1. Гоки Тадзима (Жапо­ния), 2. Неманья Майдов (Сербия), 3. Ерлан Шеров (Қырғызстан) пен Тристани Мосахлишвили (Испания).

Әйелдер. 70 кг: 1. Марго Пино (Фран­ция), 2. Мари-Ив Гайе (Франция), 3. Шихо Танака (Жапония) мен Мадина Таймазова (Ресей).

78 кг: 1. Анна-Мария Вагнер (Гер­мания), 2. Алиса Белланди (Италия), 3. Мадлен Малонга (Франция) мен Эмма Рейд (Ұлыбритания).