• RUB:
    5.05
  • USD:
    450.79
  • EUR:
    482.21
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 24 Мамыр, 2024

«Ұлы дала жорығы-2024»: Үшінші маусым жеңімпазы – «Жетісу» командасы

102 рет
көрсетілді

Көрнекті геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгенің үшінші маусымы мәресіне жетті. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, марафон-бәйгенің тең ұйымдастырушысы Әлібек Әлденей, «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Аманжол Әлтай және Қазыбек Әлішев қатысты. Бұл туралы «Ұлы дала жорығы» баспасөз қызметі мәлім қылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Өздеріңізге мәлім, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгеcін Мемлекет басшысы назарында ұстап, үнемі қолдау көрсетіп келеді. Күні кеше «AMANAT» партиясы фракциясы депутаттары көтерген қазақ жылқылары тұқымын сақтау және молайту туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Осы арқылы мемлекет асыл тұқымды жылқыларымызды қорғау үшін бар жағдайды жасайтын болады», деді «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.

Бес күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша мәре сызығын бірінші болып Жетісу облысы командасы кесіп өтті, жалпы уақыты 32 сағат 40 минут 18 секундты құрады. Екінші орын Маңғыстау облысы шабандоздарына (33 сағат 05 мин. 30 сек.), үшінші орын Алматы қаласы командасына (33 сағат 31 мин. 08 сек.) бұйырды. Төртінші орынды Жамбыл облысы құрамасы (34 сағат 22 мин. 03 сек.), бесінші орынды Астана қаласының командасы (37 сағат 10 мин. 32 сек) иеленді.

Үшінші маусымда 500 шақырымды еңсеріп үздік атанған шабандоздар: Жетісу облысынан Мәулетхан Ералы (32 сағат 24 мин. 42 сек), Қостанай облысынан Мұхамбетов Әлихан (32 сағат 32 мин. 08 сек), сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының екі шабандозы – Әбіш Етреков (34 сағат 01 мин. 37 сек) және Дулат Жұмашов (34 сағат 53 мин. 37 сек).

Биыл Павлодар – Астана бағытындағы марафон-бәйгеге барлығы 19 команда қатысқанымен, олардың 11-і ғана жарыс қашықтығын толық жүріп өтті.

«Бүгінде «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі дүбірлі дода ғана емес, сонымен қатар көшпенділер мәдениетін ілгерілетудің бірегей жобасына айналды. Қыркүйек айында шабандоздарымызды жаңа жарыс күтіп тұр. Олар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында халықаралық марафонға қатысады. Бұл – бүкіл әлемге шабандоздарымыздың ептілігі мен шеберлігін, сондай-ақ қазақ жылқыларының төзімділігін көрсетудің тамаша мүмкіндігі», деді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.

Алғашқы үш жүлдегер команда 2-7 қыркүйек аралығында өтетін «Ұлы дала жорығы» күзгі халықаралық марафонына лицензия алады.

«Ұлы дала жорығының» бас серіктесі – Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы. Сондай-ақ жарысқа «AMANAT» партиясы, Павлодар, Ақмола облыстары әкімдіктері, Туризм және спорт министрлігі қолдау көрсетті.