• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Мамыр, 2024

Сүргін жылдар суреттері

94 рет
көрсетілді

Астанада өткен халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі көзі қарақты көпшілік көңілін көншіткен нағыз руханият мерекесіне айналды. Жан-жақтан жиналған ақын-жазушылар жұртшылықпен жүздесіп, жаңа туындылардың тұсауы кесілді. Қадірлі қонақтар арасынан кейінгі жылдары кеңінен танылған ресейлік талантты қаламгер Гүзел Яхинаны көріп қалған едік.

Астаналық кітапқұ­марлар алдында ағы­нан жарылған жазушы өзінің өзекжарды ойларын ортаға салды. Оның айтуынша, оқырман қауым жылы қабылдаған «Зылиханың оянуы», «Балаларым менің», «Самарқанға бағыт алған эшелон» романдарында кешегі кеңес өкіметінің солақай саясаты кесірінен жа­зықсыз жапа шеккен шерменде жандардың талайсыз тағдыры туралы толғапты. «Кішкентай адамдардың» үлкен қайғы-қа­сіретті қабырғалары қайысып қалай көтергендерін көрсетіпті. Қызыл империяның жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы ойранына қарапайым адамдардың қалай төтеп бергенін, олардың қиын-қыстау шақтарда өздерін жоғалтып алмай, бастарына түскен барлық ауыртпалыққа шыдап-баққанын шынайы баян­дапты. Азамат соғысы, ұжым­дастыру, аштық, репрессия т­а­қы­рыптарын хал-қадерінше те­реңірек қамтуға тырысыпты. Шығарма шырайы шындық еке­нін ұдайы есінде ұстапты.

Ресейдің әдебиет саласындағы «Большая книга», «Ясная Поляна» секілді сүбелі сыйлықтарын алған «Зылиханың оянуы» атты романын жазуға нағашы әжесі Раиса Шәкірқызы шерткен шерлі шежіре түрткі болған көрінеді. Бұл кісі кезінде бай тұқымы ретінде ит арқасы қиян­дағы Краснояр өлкесіне жер аударылған ата-анасымен бірге небір тар жол, тайғақ кешуден өтіпті. Тұлымшағы жел­біреген жеті жастағы қыз Ангара өзені жағасындағы жайсыз мекенде өксіп жүріп өсіпті. Бірақ еліне бұғанасы бекіп, оңы мен солын ажырататын жағдайда оралған. Айдаудағы зиялы адамдар оған тыңғылықты білім беріпті. Орыстың арғы-бергідегі классиктерінің кітаптарын кіш­кентайынан кеміріпті. Кейін Татар­станда ұстаздық етіп, тә­лім­­ді шәкірттер тәрбиелепті. Кейуана кейде күбірлеп-сыбыр­лап құйма құлақ немересіне бая­ғыда Сібірде бастан кешкен хи­каяларын баяндайтын болған. Соның біразы жастайынан жазу-сызуға аңсары ауған Гүзелдің жадында жатталып қалыпты. Мұның сыртында сұм заманның сұрқай суреттерін қайта тірілтетін тарихи құжаттармен танысып, тра­гедияға толы кітаптарды оқыған. Ин­­тернеттегі маңызды мате­риал­арға да жете мән берілген.

Әрине, әдеби дүниелер жалаң деректерден жасалмайтыны бел­гілі. Өмірлік шындық көрінісін тапқанда ғана оқыр­ман олжасы саналмақ. Осы орайда жа­зушының ой-өресі, қи­ял­дай білу қабілеті, қалам қа­рымы үлкен рөл атқаратыны анық.

Еділ бойы немістерінің «ен­шісіне» тиген қорлық-зорлық қияметтерін арқау еткен екінші романы «Балаларым менің» деп ата­лады. Өзге жұртта өсіп-өнген халықтың бел баласы Якоб Бах колониядағы қарапайым мұғалім. Жанындай жақсы кө­ретін жалғыз қызын бағып-қа­ғудан басқа толғауы тоқсан тір­шіліктің бар қызығынан бас тартып жайымен жүрсе де қасақана қуғын-сүргін құрығына іліккенін қайтерсің.

«Самарқанға бағыт алған эшелон» романында Қазан­нан Самарқанға пойызбен жөнел­тілген бес жүз жетім бала­­ның жол – жөнекейгі шытырман оқи­ғ­а­лары да оқырманды бейжай қал­дырмайды. Бір қызығы, Түр­кістанға беттеген эшелонның ішіндегі бейбақтардың арасында автордың туған атасы да болыпты. Байқасаңыз, әулеттік әп­сананың бұл жерде де игі әсері тиген тәрізді.

Аталған кітаптардың бәрінде жамандық пен жақсылық таразы басын теңселтеді. Кез­десуде Г.Яхинаның өзі атап өт­кендей, қатыгез уақыттың қа­раулық құрсаған табиғатын ашу мақсатында қара бояуды қалыңдата беруге болмайды. Күн мен түн сияқты өмірдің күнгейі мен көлеңкесі қатар көрсетілуге тиіс. «Мен адами жылы қаты­­настар жөнінде айтқым келді. Қысылтаяң кездердегі достықты дәріп­тедім. Сырты бүтін, іші түтін байғұстардың ішкі сезім ар­палысын ашпаққа ұмтылдым. Қараңғылық көгіндегі жылт еткен сәулені көбірек көрсетуге күш салдым. Өйткені роман оқиғасы оқырманды жетелеп отыратындай қызғылықты өрілгені дұрыс қой. Адамдар сюжетті емес, сюжет адамдарды сүйрегенін қа­лаймын» деді ол салмақты пі­кірін сабақтап.

Ұлты татар, ал шығармаларын орыс тілінде жазатын Гүзел Яхинадан өзін қай әдебиеттің өкілі санайтынын сұрадық. Сәл-пәл қысылғандай сыңай таныт­қан прозаик жауабын қысқа қайырды: «Мен татар текті, орыс тілді жазушымын. Қазандық қа­ламгер десеңіздер де қарсы емес­пін».

Сөз соңында жазушының екі романы («Зылиханың оянуы», «Самарқанға бағыт алған эшелон») Мақсат Дүйісмағамбет пен Меңдолла Шамұраттың тәр­жі­малауымен қазақ тілінде шық­қа­нын ескерте кеткіміз келеді.