Тарыдай болып кірген жерден интеллектуалдық тұрғыдан таудай болып шығу жолында бір жылдың үлес салмағы зор. Осы уақыт аралығында оқушы өзі байқап үлгермейтін бірнеше жетістікке жетеді. Сөйтіп, әр жыл сайын шыңдалып, қалыптасып келіп, он бір жылдан соң қанаттанып һәм қанағаттанып, алтын ұя мектебімен қоштасады. Бүгін де бәрінің назары – түлектерде. Ал 1-10 сынып аралығындағы оқушылар қандай сезімде екен? Айтпақшы, биыл олардың «соңғы қоңырауы» жылдағыдан өзгерек. Білім алушылар оқу жылын «Білімім – Отаныма» атты сынып сағаттарында қорытындылайды. Оқушылар гүл шоқтарын құшақтап, ата-аналар мен ұстаздар бал-бұл жайнап жүргені анық. Осы бір кереметті көзімізбен көрмекке Абай Құнанбайұлы атындағы 87-мектеп-гимназиясына арнайы келдік.
Мектеп ішіндегі мерекелік атмосфера ә дегеннен әсерге бөледі. Алыстан естілген оқушылардың шат-шадыман күлкісі бізді бұйдалап әкеліп, Өтебай Тұрманжанов атындағы кабинеттің алдынан бір-ақ шығарды. Сөйтсек, 1-сыныптың бүлдіршіндері екен. Балалардың білімге деген құлшыныстары тілдерінен де, түрлерінен де көрініп-ақ тұр. Мұғалім сұрақ қойып, оған оқушылар жамырай жауап беріп жатыр. Біз қашанғы қарап тұрамыз? Басымызды изеп, кабинетке еніп кеттік. Мұғалім сұрақтар легін жалғастырып жатты. «Балалар, еліміз тәуелсіздігін қай жылы алды?». Сәл ғана үнсіздік. Содан соң, «1991 жылы» деп саңқ етті Ләйлә есімді ақылды қыз. «Ой жарайсың!» десті ата-аналар. Басқа бүлдіршіндер де бас қаламыздың атауын, рәміздердің авторларын, еліміздің қай мемлекеттермен шектесетінін мүдірмей, бірінен соң бірі айтып жатты. Мұнымен тоқтап қалмай, бүлдіршіндер ұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқығанда әжептәуір әсерленіп қалдық. Не дегенмен Абай мектебінің шәкірттері ғой. Сынып сағатының аясында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бейне жолдау арқылы барлық мектеп оқушыларын 2023-2024 оқу жылын сәтті аяқтауларымен құттықтады.
«Осы айтулы оқиғаны алғаш рет «Білімім – Отаныма» тақырыбында жаңа форматта атап өтеміз. Бұл – бір жыл атқарған жұмысты қорытындылап, мұғалімдерге, мектеп ұжымына, ата-аналарыңызға алғыс айтуға жасалған мүмкіндік. Өйткені сіздердің еңбекпен алған білімдеріңіз Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметтің белгісі. Бір жылда сіздер есейіп, оқуда, шығармашылықта, спортта үлкен жетістіктерге жеттіңіздер. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын және мұнымен тоқтап қалмауларыңызды тілеймін!», деді ол.
Жиынның соңына қарай сынып жетекшісі оқу жылын үздік аяқтаған озаттарға мақтау қағазын табыстады. Расымен, мақтауға тұрарлық оқушылар. Осы сәтте көзімнің қиығымен ата-аналарға қарадым. Бәрі де сүйкімді жымиып отыр. Балаң жақсы десе жаның сүйсінеді, жаман десе жаның күйеді деген осы ғой, шіркін.
Сынып сағатының соңына қарай 11-сынып оқушыларымен жүздескім келді. Жүздестім де. Түлектер «Мен. Мектеп. Ұстаз» деген тақырыпта эссе жазып жатыр екен. Оларды көріп, «Арманымның бәрін жазсам, дәптерге сыймас еді» деген Қожаның бейнесі көз алдыма келді. Содан 11 ә сыныбының оқушысы, алтын белгі иегері Тәжікенова Аружаннның пікірін білдік.
«Менің бойымда дәл қазір қимастық, сағыныш, үміт, қобалжу сынды аралас сезімдер болып жатыр. Өйткені парталас құрбы-құрдастарымды қимаймын. Одан бөлек мектептегі қызықты сәттерді де енді тек сағынышпен еске алатынымыз қиын. Мектеп деген бұл – жай ғана мекеме емес, ол біздің жылы сәттерге толы ыстық ұямыз әрі тұлға ретінде қалыптастырған үлкен отбасымыз. Ұлттық бірыңғай тестілеудің де уақыты жақындаған сайын қобалжып жүрміз. Бірақ мен өзіме сенімдімін. Өйткені 9-сыныптан бастап болашақ мамандығымды таңдап қойғам. Бұйырса Еуразия ұлттық университетінің Сәулет өнері мамандығына талаптанып отырмын», дейді А.Тәжікенова.
Жас талапкерлерге алдағы сынақтардан сәтті өтуін тілейміз!