Қазір смартфонды ашып қалсақ, желіде ұтыс ойнатып, жұрттан ақша жинап жатқандарды жиі көретін болдық. Блогерге 10 мың теңге аударып, парақшасына жазылып кетсеңіз болғаны, шетелдік қымбат көлік ұтасыз дегенге, тіпті бір үйір жылқы тіккені де бар. «Бұл неғылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?» дегеннің кебі. Сөйтіп, ертегідегі қасқырдай тегін құйрықты қарпимын деп сан соғып қалғандар көбейді.
Алты ғасыр бұрын пайда болған ұтыс ойындарының да дерті бөлек. Карта – құмар ойындарының ең қорқынышты түрі. Қазір ойынханалардағы покер ойыны да тұғырынан түскен жоқ. Казинолардағы жүйе күрделі. Таң атып, кеш батқанын білдірмес үшін онда терезе болмайды. Ақшаның ең көп жұмсалатын жері де – осы. Сондықтан болар әлемнің көптеген елінде казиноға тыйым салынған. Бізде де түбегейлі тыйым салынбаса да, белгілі бір талап-тәртіп енгізіліп жатыр. Ал спорттың футбол, хоккей сынды түрлерімен қоса, саяси болжамдарға да ақша тігіледі. Құмар ойынның тотализатор деген түрі бар. Мұндағы жүйе жануарлар қатысатын түрлі бәйгеге бәс тігу арқылы жүзеге асады. Кімнің бәйгесі оза шапса, оңай ұтыс та – соныкі. Викторина, лотереялық ұтыс ойындары да – осы тізімде. Бұған қоса желі арқылы жеңіл жолмен табыс тауып, тез байып, шекесі шылқып шыға келгісі келетіндер лотерея, конкурс ұйымдастыруды да әдетке айналдырды. Қалтасы қағылып қалған қатысушылардың айтысына қарағанда, бұл да – жеңе алмайтын джекпот. Мәселен, мың адамның ішінен тек бір адам ғана жеңіске жетеді. Оның өзі қандай талаптарға сай жеңімпаз болатыны дүдәмал. Мұның барлығы Instagram парақшасындағы жазушылардың санын көбейту мақсатында ұйымдастырылатын көрінеді. Аз ақшаға қомақты жүлде алудан үмітті қарапайым жұрт ұтыс ұйымдастырушыларының бар талабын орындауға әзір.
Ақтілеу Сейілұлы атты азамат бір рет ұтыстың дәмін татқанын айтады.
– Instagram-дағы байқауға қатысып, отандық бренд дүкенінен киім ұтып алғаным есімде. Алматы қаласынан поштамен салып жіберді. Бұл жерде ешқандай ақша салмай, тек бірқатар шартты орындадым. Ал лотереялық ұтыс ойындарына қатысып көрген жоқпын. Лотереяға қатысқан адамның барлығы ұтыстан үміттенеді, бірақ бір адам ғана ұтысты болады. Осылайша, оңай олжаға кенелгісі келетіндер көбейеді. Лотереядан түскен пайданың біраз бөлігін ұйымдастырушы адам көреді. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын, – дейді ол.
Ал Гүлшекер Аман деген желі қолданушысы мұндай ұтыс ойындарының әділ өтетініне күмәнді.
– Instagram-дағы байқауларға қатысып жүрсем де, ешқашан ұтып көрмеппін. Кейде ойындар шынайы ұйымдастырылмайды. Шарттарын орындасақ та, байқау барысында тексеріп жатпайды. Немесе тікелей эфирде қаншама мың адам бір уақытта желіге кіргенде, интернет нашарлап, байқауды толық көре алмаймыз. Сондықтан әділ өтпейді, – дейді ол.
Қай қатысушыдан сұрасақ та, көбі мұндай ұтыс ойындарының әділ өтетініне сенбейді. Бірақ сенбесе де, «үмітсіз шайтан» деп қатысып қоятындары да байқалады. Ал жеңімпаз болғандардың әңгімесі басқаша болатыны түсінікті.
Алайда көпшіліктің көкейінде блогерлердің әлеуметтік желі арқылы ұтыс ойынын ұйымдастыруы, лотерея ойнатуы заңды ма деген сұрақ туады. Сондай-ақ қайырымдылыққа жиналған ақша тексеріле ме деген сауал да бар. Осы мәселені білмекке Қаржы министрлігіне сұрау салған едік. Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржановтың айтуына қарағанда, бұл жағдай биылғы заңда өзгерген мобильді аударымдардың талабымен бірдей екен.
– Егер қаражат бір баланың еміне арналатын болса, 100 аударымнан асса, келесі жылы мәлімет келеді. Сол кезде біз азаматқа арнайы хабарлама жібереміз. Азамат немесе блогер өзіне аударылған аударымдардың мақсатын түсіндіріп беруге тиіс. Жіберілген ақшаның реквизитін кәсіпкерлік мақсатта емес екенін дәлелдесе, тұлғаға сұрақ туындамайды. Кім ақша жинайды, сол адам өзінің не үшін жинап жатқанын нақты білуге тиіс. Егер кәсіпкерлік немесе жарнама болса, оның міндеттемелері пайда болады, ал қайырымдылық жағдайы, туыстарына аударым жасаса, ешқандай сұрақ болмайды, – деп түсіндірді ол.
Ал «Қазақстан лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңына сәйкес кез келген адам өз бетінше лотерея ойната алмайды. Бұл үшін ұйымдастырушылар арнайы рұқсат алып, түскен пайданың белгілі бір пайызын салық ретінде төлеуге міндетті. Заңгерлердің айтуынша, лотереялық ұтыс ойындарын тек мемлекеттік лото ұйымдары ұйымдастырады. Бүгінде әлеуметтік желілердің арасындағы ең танымалы Instagram екені белгілі. Әлеуметтік желідегі белгілі адамдар немесе әншілер: «10 мың теңгеге билет сатып ал да, көлік ұтып ал» деп ұтыс жариялайды. Бірнеше көлікті тізіп қойып: «осының біреуін сен ұтуың бек мүмкін» деп сендіруге тырысады. Егер ұйымдастырушы «лотерея» деген сөзді қолданып, ұтыс ойыны барысында лотерея билетін сатса және оны өткізуге лотерея операторымен келісімшарт жасамаса, бұл ұтыс заңсыз болып есептеледі. Ал «ұтыс ойыны», «конкурс», «байқау» деп атаған ұйымдастырушыларды заң жүзінде жауапқа тарту қиын көрінеді.
Әйткенмен әділетті заң болса, кез келген асауға тұсау салуға болады. Мәселен, осы демалыс күндері Астана полициясы интернетте ұтыс ойнатып, заңсыз ақша жинаған азаматты қолға түсірді. «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Байқоңыр аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен Шымкент қаласының үш тұрғынын ұстады. Олар интернет ресурстарды пайдаланып, ұтысқа автокөлік тігеміз деген желеумен азаматтардың ақшасын жинап алған. Полиция күдіктілердің осыған ұқсас 25 оқиғаға қатысы барын анықтаған. Азаматтарға келтірілген материалдық шығын шамамен 8 млн теңгені құрады. Ұсталғандар кінәсін мойындап, Астана қаласы полиция департаментінің уақытша тергеу изоляторына қамалды. Олардың елордада бұрын жасалған басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Қорыта айтқанда, жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүріп, тегін пайда олжалап кеткісі келетіндерді құрықтамай болмайтыны түсінікті. Жоғарыдағы ұсталған үшеудің оқиғасы басқаларға да сабақ болуға тиіс. Қазір онсыз да құмар ойынның құрдымына жұтылған, букмекерлік кеңселерге ұтылған қаракөздердің қайғысы қалыңдап тұр. Қайғыға қайғы жамамасақ жарар еді.