• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Мамыр, 2024

Әлеуметтік жобалар жалғасады

144 рет
көрсетілді

Инклюзивті ортаны дамыту халықтың әлеуметтік-экономикалық өмірін жақсартуға жәрдемдесетін іс-шаралардың негізгі бөлігін құрайды. Бірыңғай қайырымдылық операторының биылғы жос­парында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға арналған жүйелі жобаларға, оңалту орталықтарын ашуға, бейімделген спорт кешендерін салуға ерекше маңыз берілген.

Былтыр әлеуметтік жобалар денсаулық сақтау, халықтың әлсіз тобын қолдау, білім беру, өңір­лер­ді дамыту, мәдениет және спорт салалары бойынша 13 ай­­­мақта, соның ішінде «Самұрық-Қа­зына» компаниялары орналасқан жерлерде жүзеге асты. «Samruk-Kazyna Trust» ақпаратына сәйкес 7,2 млрд теңгеге 46 қайырымдылық жобасы іске асырылып, жыл басынан бері 16,5 млрд теңгеге 10 жоба қаржыландырылған. Еліміз бойынша 524 мың адам, оның ішінде 81 мың ауыл тұрғыны көмек алып, 400-ге тарта азамат жұмыспен қамтылды. 10 оңалту орталығы ашылып, 11 спорт­ ке­ше­ні, 26 әмбебап спорт-ойын алаң­­дары салынды. «Саламатты Қазақстан» денсаулық пойызында 90 мыңға жуық ауыл тұрғындарына 1 миллионға тарта тегін медициналық және құқықтық көмек көрсетілді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі бала­лар үшін 23 қала мен елді ме­кен­де тегін инклюзивті және бе­йім­делген спорт секцияларының желісі жұмыс істеп жатыр. Алматы және Шығыс Қазақстан облысында 400-ге жуық ерекше балаға жазғы және күзгі инклюзивті лагерь ұйым­дастырылды. Жаңаөзендік 227 ауыл баласына білім гранты беріліп, тұрмысы төмен отбасынан шыққан 15 мың бала оқу құралымен қамтамасыз етілді. Ақтөбе облысында алғаш рет Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы жаңғыртудан өтіп, креатив орталығы ретінде құрылды. Бұған дейін іске қосылған 37 оңалту орта­лығынан бөлек, алдағы уақытта аутизмі бар балаларға 7 орталық, 5 ерте араласу орталығы, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарында жыл са­­йын 50 мың адамның спортпен айна­лысуы­­на мүмкіндік беретін 6 инклю­зивті спорт кешені жұмыс істейді.

Биыл бірінші тоқсанда қорға түрлі үкіметтік емес ұйым тарапынан жобаларды жүзеге асыруға қатысты 100 өтінім келіп түскен. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 30 пайызға көп. Сараптаудан өтіп, пысықталған 26 жоба Қамқоршылық кеңеске шыға­ры­лып, оның ішінде құны 1,3 млрд теңгені құрайтын қоғамдағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге арналған 8 жүйелі жоба қолдау тапты. Олардың қатарында Алматы қаласында Даун синдромы бар балаларға, Атырау облысы Миялы ауданында мүмкіндігі шектеулі жан­дарға арналған оңалту орта­лық­та­рын салу көзделген. Сондай-ақ Павлодар облысы­ның Солнечный кентінде денешынық­тыру-сауық­тыру кешеніне қайта жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп, мүм­кіндігі шектеулі жандар мен жастардың әлеуметтік әлсіз топтарын цифрлық дағдыларға оқы­татын арна­йы жоба іске қосы­ла­ды.

Оңалту қызметін дамытумен бірге мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне де көңіл бөлініп отыр. Биыл «Самұрық-Қазына» тобындағы компанияларға 114 ерекше қажеттілігі бар азамат жұмысқа тұрды. Қордың QSamruk.kz бос орындар платформасында мүм­кін­дігі шектеулі азаматтар үшін ар­найы бөлім ашылып, сұранысқа ие жұмыс орындары ұсыныла бас­тады. Енді «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы мұндай 180 азаматты AI, No Code әзірлеуші, UI/UX+Web маманы сияқ­ты цифрлық мамандықтарға оқыту жобасы бас­талып, қа­ты­сушылардың жұмысқа орналасуы­на көмек көрсе­тіледі.

«Қор өңірлерде көптеген оңалту орта­лығын ашып, ерекше қажет­тілігі бар жандарды қолдауға бағыт­тал­ған жобаларды іске асырып келеді. Біз оңалтудан өткен ерекше балалардың болашағын ескеріп, олардың әрі қарай әлеуметтенуіне, еңбекпен қамтылуына назар аударуымыз керек. Осы бағытта сұраныстағы кәсіптерге оқыту мен жұмысқа орналастыру бастамасын қолға алып отырмыз», дейді «Самұрық-Қазына» қорының корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Бірнеше жылдан бері балалар­дың көптен күтетін сүйікті жобасына айналған «Туған елге сая­хат» туристік по­йызымен биыл 400 бала қам­тыл­мақ. Олар 12 күн ішінде Астана, Бурабай, Алматы, Тараз, Түр­кістан, Байқоңыр сынды қалалар­дың тарихымен танысып, та­нымал орындарды аралайды.

«Бұл жолы жобаға су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі әлеу­мет­тік әлсіз отбасылардың және қордың еншілес кәсіпорын қызмет­керлерінің балалары қатыс­ты­ры­ла­ды. Жалпы, «Самұрық-Қазына» компаниялары тобының атынан табиғи апат салдарымен күреске 15 млрд теңге бағыт­талады. Сонымен қатар қор кәсіп­орындары тарапынан зардап шеккен өңірлерді қолдауға қосымша шаралар қолға алынып жатыр», деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.

Әлеуметтік саланы одан әрі дамыту мен қайырымдылық жобаларымен көпшілікті қамту мақсатында қор жыл басынан бері белді бизнес өкілдерімен серіктестікті нығайтып, ірі кәсіпорындармен және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық ор­нат­қан. Қазіргі уақытта «Шелл Қа­зақ­стан», «Оңтүстік тау-кен-химия компаниясы», «Қазақмыс» кәсіп­орындарымен, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорымен инклюзия, спорт, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған бірқатар жобаны іске асыру жоспарланып отыр.