«Қазгидромет» РМК 26 мамырға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, циклон және онымен байланысты суық атмосфералық ағындар еліміздің басым бөлігінде ауа райына ықпал етеді. Бүгін еліміздің көп жерінде түнде жауын–шашын болады, солтүстікте, орталықта, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында – қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), солтүстікте, шығыста, оңтүстік-шығыста, күндіз елдің орталығында қатты жаңбыр, республиканың солтүстігінде, шығысында, орталығында, оңтүстігінде бұршақ жауады деп күтілуде.
Тек еліміздің батысында және Қызылорда облысында күн жауын-шашынсыз, ашық болады. Республика бойынша екпінді жел соғып, найзағай ойнайды, солтүстік-батыста, орталықта, оңтүстікте түнде тұман түседі.
Түнде Ақмола облысының батысында, Қарағанды, Ұлытау облысының солтүстігінде, Солтүстік Қазақстан облысында, Түркістан облыстарының солтүстігінде топырақ бетінде, таулы аудандарында 1-2 градус үсік жүреді.
Атырау облысының батысында, оңтүстігінде, Қызылорда облысының шығысында, Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстік-батысында, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік-шығысында, орталығында, Абай облысының оңтүстік-батысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Абай облысының оңтүстігінде, Түркістан облысының шөлді аудандарында төтенше өрт қаупі бар.