• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тағзым 28 Мамыр, 2024

Айбынды тұлғаның асқақ ескерткіші

98 рет
көрсетілді

Ақкөл қаласында Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты.

Сондай-ақ Сағадат Нұрмағам­бетов ескерткішінің ашылу рәсімі­не Қорғаныс министрі Руслан Жақ­сылықов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова, Қарулы күштердің ардагерлері, Халық қаһарманы, отставкадағы армия генералы Мұхтар Алтынбаев, Халық қаһарманы, отставкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, отставкадағы авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, елордадағы әскери колледждің курсанттары, Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері, Сағадат Нұр­мағамбетовтің жақындары және қала тұрғындары қатысты.

Іс-шараға қатысушылар әскери­лер ротасының құрмет қарауылының және Қарулы күштердің Ұлттық әске­ри-патриоттық орталық ор­кестрі­нің сүйемелдеуімен даңқты батырдың ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті.

Салтанатты рәсімде Мәулен Әшімбаев жұртшылыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ ол Сағадат Нұр­­мағамбетовтің өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі екенін және батырдың есімі ел тарихына мәңгіге жазылғанын атап өтті.

«Қазақстанның алғашқы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов бүкіл саналы ғұмырын әскери қызмет саласына арнады. Мемлекетіміздің тұңғыш Қорғаныс министрі ретін­де айбынды армиямызды құруға және оны нығайтуға зор үлес қосты. Ол өзінің болмыс-бітімімен, өмір­лік ұстанымымен және ақыл-парасатымен қазақ генералының нағыз үлгісіне айналды. Батырдың ескерткіші – халықтың қаһарман ұлына ыстық ықыласының, Отан қорғауға өмірін арнаған барша азаматқа шынайы құрметінің белгісі. Сағадат Нұрмағамбетовтің «Бейбіт күнді қырағы күзетіңдер!» деген сөзі бар. Бұл – тек сарбаздарға емес, әр отандасымызға жүктелген аманат. Оны орындау – бәріміздің перзенттік парызымыз», делінген ел Президентінің құттықтау хатында.

Өз сөзінде Сенат спикері генарал­дың ерлігі мен елге сіңірген еселі еңбегі әрдайым халықтың жадын­да сақталатынын айтты. Сон­дай-ақ ол көрнекті мемлекет және қоғ­ам қайраткерінің өмірі мен соңын­да қалған рухани мұрасын дәріп­теу маңызды іс екенін, мұндай қадам ұлттық бірегейлікті нығайта түсеті­нін тілге тиек етті.

Батырдың қызы Айсұлу Нұрма­ған­м­бетова әкесі бүкіл ғұмырын Отан­­ға қызмет етуге арнағанын айтып, есте­­ліктерімен бөлісті. Сонымен бірге ол игілікті іске ұйытқы болған аза­мат­­тарға және ескерткіштің авторы Айдос Бүркітбаевқа алғысын білдірді.

Жас сарбаздар даңқты қолбас­шыға құрмет көрсетіп, әскери оркес­трдің сүйемелдеуімен ескерт­кіш алдынан сап түзеп өтті.

Айта кетейік, Сағадат Нұрма­ғамбетов 1924 жылғы 25 мамырда Ақмола облысының Еңбек аулын­да дүниеге келген. Ол – әскери колледждің курсантынан армия генералына дейін, пулеметшілер взводының командирінен Тәуелсіз Қазақстанның Қорғаныс министріне дейінгі жолды жүріп өткен бірегей тұлға. Сағадат Қожахметұлының ерен ерлігі мен қайсарлығы КСРО-ның, Қазақстан Республикасының және тағы басқа мемлекеттердің 16 орденімен және 30 медалімен марапатталды.

 

Ақмола облысы,

Ақкөл ауданы