Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі су тасқынының салдарын жою мәселесі күн тәртібінен тыс қаралды. Отырыста ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары талқыланып, өңдеу өнеркәсібін ілгерілету ісі пысықталды.
Ел тілегі күн тәртібінде
Отырыста вице-премьер Қанат Бозымбаев залалды өтеу алгоритміне сәйкес өңірлерде атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Мәліметке сүйенсек, республика бойынша 30 мыңнан астам отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде біржолғы төлем алды. Бұл бағыттағы жұмыс бақылауда, қажетті шаралар қабылданып жатыр. Бұған қоса, 15 мыңнан астам үй мен саяжай құрылысы тексерілді. Оның 11 134-і бойынша бағалау жүргізілді. Бұл ретте жекелеген өңірлерде сараптаманың төмен көрсеткіші байқалды. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында су басқан 4 мың үйдің 2 176-ы тексеріліп, 770 үйге бағалау жасалды. Ақтөбе облысында 3 679 үй тексеріліп, 1673 үй бағаланды.
Бүгінде Атырау, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері тасқыннан зақымданған үйлерді тексеру және бағалау жұмыстарын аяқтады. Жалпы, ел бойынша 9 мыңнан астам үй қалпына келтірілуге болатын құрылыс қатарына жатады. Оның 4 315-і апатты жағдайда деп танылған. Өңірлерде 1 847 үй мен пәтердің құрылысы басталды. Қайталама нарықтан 3 417 тұрғын үй сатып алу жоспарланып отыр. Құрылыс маусымының қысқалығын ескере отырып, оқу жылының басына дейін зардап шеккен азаматтарға үй мен пәтер беріп үлгеру жоспарланған.
«Әкімдіктерге Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге тұрғындардың баспанасы мен мүлкіне келтірілген залалды бағалау жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырамын. Азаматтардың қиын жағдайына түсіністікпен қарап, проблемасын тиянақты шешуге мұқият болыңыздар. Жұмысты кешіктірмей, барынша тездету керек. Қанат Алдабергенұлы, әр істі қатаң бақылауда ұстаңыз», деді Үкімет басшысы.
Депутаттың сындарлы пікірі
Мемлекет басшысының қайта өңдеу үлесін 70%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі өнімдерді қайта өңдеуді дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Сала басшысы Айдарбек Сапаровтың мәлімдеуінше, қайта өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету, негізгі және айналым қаражатын толықтыруға жеңілдетілген несие беру, жаңа нарықтарды ашу арқылы қайта өңдеу өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру көзделген.
Кешенді жоспар аясында жалпы сомасы 176,2 млрд теңгені құрайтын 58 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына тегеурінді серпін береді. Сондай-ақ қайта өңделген өнімнің жалпы өндірісін 1,4 есе ұлғайтуға, өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізуге жол ашады.
«Кеше мен депутат Жигули Дайрабаевпен кездестім. Оның ауыл шаруашылығын дамыту, шекаралас елді мекендер, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорындарды қолдау және басқа да бағыттар бойынша көптеген идеясы бар. Айдарбек Сейпілұлы, депутатпен кездесіп, бәрін егжей-тегжей талқылап, маған нақты ұсыныстар енгізіңіз. Жалпы, депутаттық корпуспен тығыз жұмыс істеу керек», деді О.Бектенов.
Жаңа технологияға қолайлы жағдай
Үкімет отырысында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі басты назарда болды. Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,2%-ға өсіп, 7,1 трлн теңгені құрады. Нәтижесінде, 5,6 млрд доллар сомасына тауар экспортталды. Бұл ретте негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,9%-ға артып, 403,2 млрд теңгеге жетті. Ең көп үлес металлургия өнеркәсібіне, машина жасау және азық-түлік өндірісіне тиесілі.
Премьер-министр кез келген мемлекеттің өнеркәсіп саласының табысты дамуы негізінен өңдеу секторына байланысты екенін айтты. Сондықтан ел экономикасының құрылымында өңдеу саласының үлесі бәрінен жоғары тұруға тиіс. Былтыр өңдеу секторы өнім шығару көлемі жағынан тау-кен саласымен теңесті десек болады. Енді одан да жоғары деңгейге жеткізу керек.
Үкімет алдында елдің берік өнеркәсіптік негізін қалыптастыру, жергілікті қамту деңгейі жоғары өндіріс циклін құру және ұлттық экономика көлемін 2 есе арттыру міндеті тұр. Оларды қамтамасыз ету үшін жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу қажет.
«Әлемде цифрлық технологияны белсенді қолдану, өндірісті роботтандыру және автоматтандыру үдерісі жүріп жатыр. Бұл трендтерден қалып қоймау үшін біздің кәсіпорындар да жаңа технологияны белсенді енгізуге тиіс. Салалық мемлекеттік органдар осы үдерісті дамытуға ықпал ететін қолайлы жағдайлар жасауы қажет», деді О.Бектенов.
Үкімет басшысы өнеркәсіптің жекелеген секторларына, атап айтқанда, металлургияға егжей-тегжей тоқталып өтті. Елімізде бұл секторды дамыту үшін сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді. Онда инвестиция мен өндіріс көлемін 40%-ға арттыру көзделген.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне осы бағыттағы жұмысты жандандырып, жыл соңына дейін болат құю, жалпақ прокат және шойын өндірісі кәсіпорындарының өнім көлемін ұлғайту тапсырылды.
«Қазақстанның жаһандық құн тізбегінің орта буынындағы рөлін нығайту маңызды. Ол үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бизнес-қоғамдастықпен бірге минералдық базаны ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу және қолданыстағы өндірістерді кеңейту жөнінде тиісті шаралар қабылдауы қажет», деді Премьер-министр.
Автомобиль өндірісі жетекші рөл атқаратын машина жасау саласында 2024 жылдың 4 айында өсім 22%-ды құрады. Атап айтқанда, елімізде автомобиль өндірісі 8,6%-ға артты. Барлығы 46 мыңнан астам көлік құралы шығарылды.
Үкімет басшысы 2025 жылға қарай жеңіл автомобильдер өндірісін – 160 мың бірлікке дейін, жолаушы вагондары өндірісін – 100 бірлікке дейін, локомотив өндірісін – 120-ға дейін, платформалар өндірісін – 500-ге дейін және жартылай вагон өндірісін 1,5 мыңға дейін ұлғайтуды тапсырды.
Сонымен қатар Екібастұздағы теміржол кластерін одан әрі дамытудың маңыздылығы айтылды. Өйткені онда теміржол көлігіне және магистралдық жолдарға арналған өнімдердің бүкіл желісі игерілген.
Экономиканы әртараптандыру күш алады
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құру үшін өңдеу секторының негізгі ірі жобаларының тізбесін айқындады. Оған металлургия, химия, мұнай-газ химиясы, автомобиль жасау және басқа да салалардың 17 жобасы кірді. Олар өндірістік салалардың және экономиканың дамуына ықпал ететін болады. Әрбір жоба бойынша тиісті іске асыру жоспары қабылданды.
«Өңдеу секторын дамыту бойынша барлық негізгі бағыт пен міндет айқын. Біз шикізатты емес, жоғары өңделген тауарларды өндіруіміз қажет. Сонда ғана табыстың көбісі елімізде қалады. Экономиканың күрделілігі өседі. Жаңа Салық кодексінің жобасында салық мөлшерлемесі шығарылатын тауардың өңдеу деңгейіне байланысты болады. Яғни кәсіпорын жоғары өңделген тауар шығарса салық мөлшерлемесі төмендейді. Ал жай шикізат шығаратын болса салық жоғары көтеріледі. Бұл өндірістік дамуды ынталандыратын маңызды қадам», деді Премьер-министр.
Биыл Индустрияландыру картасы шеңберінде өңдеу өнеркәсібінің 180 жобасын іске қосып, 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Өндірістің жалпы көлемі – 1,6 трлн, экспорт – 600 млрд, импортты алмастыру – 1 трлн теңге.
«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі салалық мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жобаларды уақтылы іске қосуды қамтамасыз етуі қажет. Инвесторлардың барлық сұрағын әуре-сарсаңға салмай, жедел шешу керек. Бұл үшін арнайы Инвестициялық штаб жұмыс істейді», деді О.Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-министр отандық өндірушілерді қолдау және дамыту үшін өңдеу өнеркәсібіндегі отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін заңнамалық тұрғыдан реттеуді тапсырды. Бүгінде түсті металдарды қайта өңдеу саласында бұл механизм оң нәтиже көрсетіп отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, импортты алмастыратын құрылыс материалдарын өндіру жобаларын жеңілдікпен қаржыландыру мәселесін пысықтауы қажет.
«Самұрық-Қазына» холдингі мен өңір әкімдіктеріне «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша жергілікті қамту деңгейіне және су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына бақылауды күшейту тапсырылды.