Әйгілі «Джиро д’Италия» көпкүндігі аяқталды. Үш аптадан аса уақытқа созылатын дүбірлі дода Италияның Турин провинциясындағы Венария-Реале қаласынан бастау алып, ежелгі шаһар Римде өз мәресіне жетті. Сол аралықта әлемнің әр қиырынан жиналған ең үздік велошабандоздар 3382,8 шақырымды жүріп өтті.
«Джиро д’Италия» додасының 115 жылдық тарихы бар. Аталған жарыстың тұсауы сонау 1909 жылы кесілді. Содан бері байрақты бәсеке 104 мәрте ұйымдастырылды. Тұсаукесер турнирде жергілікті спортшы Луиджи Ганна топ жарды. Ең көп олжаға кенелген велошабандоздардың тізімін италиялық Альфредо Бинда мен Анджело Фауста Коппи және бельгиялық Эдуард Меркс бастап тұр. Бұл саңлақтардың әрқайсысы жалпы есепте бес-бес реттен бас жүлдені олжалады. Апеннин түбегінің тарландары ХХ ғасырдың алғашқы жартысы мен бел ортасында атой салса, Бельгияның беткеұстары 60–70 жылдары алдына жан салмады.
Қазақстанда негізі қаланған «Астана» велоклубының мүшелері «Джиро д’Италияда» үш мәрте дараланды. Тарқатып айтсақ, 2008 жылы Альберто Контадор қарсылас шыдатпаса, 2013 және 2016 жылдары Винценцо Нибалиге тең келер ешкім табылмады. Одан бөлек, кезеңдік сайыстарда топ жарған сайыпқырандар да бар.
Былтырғы жарыста 33 жастағы Словенияның саңлағы Примож Роглич («Jumbo-Vista») жеңімпаз атанды. Екінші орынды ұлыбританиялық Герайнт Хауэлл Томас («Ineos Grenadiers») иеленсе, португалиялық Жуан Педру Алмейда («UAE Team Emirates») үздік үштікті түйіндеді. Жалпы есепте «Астананың» арландары жақсы нәтиже көрсете алмады. Бір қуантарлығы, елімізде жасақталған команда сапындағы ұлыбританиялық спринтер Марк Кавендиш ең соңғы 21 кезеңде мәре сызығын бірінші болып қиып өтті.
Биыл «Джиро д’Италия» көпкүндігінде «Астананың» намысын Алексей Луценко, Симоне Веласко, Хенок Мулюбырхан, Кристиан Скарони, Вадим Пронский, Лоренцо Фортунато, Давиде Баллерини, Макс Кантер сынды велошабандоздар қорғады. Солардың арасынан үздік көрсеткішке Фортунато қол жеткізді. 28 жастағы италиялық легионер жалпы есепте 12-орынды иеленді. Өзге спортшылардың көрсеткіштері одан да төмен. Ал биылғы дода Словенияның сайыпқыраны Тадей Погачардың («UAE Team Emirates») жеңісімен аяқталды. Жеңімпаздың уақыты – 79:14:03. Колумбиялық Даниэль Фелипе Мартинес («BORA – hansgrohe») пен ұлыбританиялық Герайнт Томас («INEOS Grenadiers») екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.