Ішкі істер министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп «STOP-трафик» жедел - алдын алу іс-шарасын өткізді. 22-24 мамыр аралығында өткен кешенді іс-шара барысында адам саудасымен айналысқан 49 факт анықталды, деп жазады Egemen.kz.
Оның ішінде, кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекетке тартқан 9 дерек бар.
Адамдар «трафигімен» айналысқан күдіктілерге қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету деректері бойынша үш сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«Мысалы, Астана қаласында тоғыз «элиталық» монша кешенінің аумағында жас қыздарды сексуалдық қанауға тарту және мәжбүрлеу бойынша қылмыстық жүйені жолға қойған 17 адамнан тұратын топтың қылмыстық әрекетінің жолы кесілді. 30-дан астам тінту іс-шарасы өткізіліп, ақша және алты автокөлік тәркіленді. Негізгі фигуранттар қамауға алынды.
Шымкент қаласында осыған ұқсас ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді. Мұнда жалпы сомасы 1 млн теңге және 16 мың АҚШ долларынан астам қаражат, 10 автокөлік тәркіленді. Топ жетекшілері мен мүшелері қамауға алынды.
Петропавл қаласында 2023 жылдан бастап зорлық-зомбылық пен бопсалау арқылы жас қыздарды жыныстық қанауға мәжбүрлеп келген қылмыстық топ әрекет еткен. Ұйымдасқан қылмыстық топ құру, басқару және оған қатысу дерегі бойынша қылмыстық іс тергелуде», деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Сонымен қатар бірнеше өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарды қайыр сұрауға мәжбүрлеген қылмыстық топтар ұсталды. Олар осы заңсыз ісі арқылы жылына 10 млн теңге пайдаға кенелген.
«Қарағанды қаласында мүмкіндігі шектеулі адамдарға қоқан-лоққы және күш көрсетіп, оларды қайыр сұрауға мәжбүрлеп, «бизнес» ұйымдастырған адамдар тобы ұсталды.
Осыған ұқсас қылмыстық топтардың әрекеттері Ақтөбе, Алматы және Маңғыстау облыстарының аумағында әшкереленді. Онда мүгедектер мен жас балаларды базарлар мен вокзалдар аумағында пайдаланған. Барлық қылмыскерлер ұсталды», деді Қуандық Алпыс.Құзырлы орган осы бағытта жұмыстар әлі де жалғасатынын жеткізді.