31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілген еді.
Қазақстанда 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сынды ұлт зиялылары мен ел жақсылары бар. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың әйелдері де Ақмола облысында орналасқан «АЛЖИР» лагерінде азапталғаны белгілі.
Жыл сайын қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында аштық мәселесі түрлі ғылыми-практикалық конференцияларда, дөңгелек үстелдер мен басқа да ресми іс-шараларда жиі талқыланады. Қазақ жерінде неге аштық болды, сол жылдары Кеңес одағын қамтыған қуғын-сүргін не үшін ұйымдастырылды деген сауалдар көптің санасында жиі туындайтыны хақ. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Құрманғали Даркенов бұл сауалдарға жауап іздеп, «Egemen Qazaqstan» газетіне мәнді мақала жариялады.
Автордың жазуынша, бүгінде қуғын-сүргіннің салдарына емес, себебіне тереңірек үңілу керек. Кеңес одағының сол жылдары жүргізген саясаты, мерзімдік шаралары, қабылдаған қаулы, қарарлары елді аштыққа әкелді.
«1927 жылғы желтоқсанда байлар шаруашылығын тәркілеу туралы заң дайындау үшін арнайы комиссия құрылды. Арада жарты жылдан астам уақыт өткенде, 1928 жылғы 27 тамызда «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы», одан кейін 13 қыркүйекте «Тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы» екі қаулы қабылданды. Осы құжаттар негізінде ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ қоғамының шаруашылық жүйесіне соққы берілді. Большевиктік билік ел ішін таптық бөлінуге, жіктелуге итермелеп, ынталандырып отырды. Қалыптасқан ұлттық бірлік, рулық-туыстық негізінде құрылған шаруашылық жүргізу жүйесі бұзылды», дейді Құрманғали Даркенов.
Автор келтірген деректерге көз жүгіртсек, жалпы 145 мың бас мал тәркіленіп, 619 отбасы тұрған жерлерінен, атақонысынан күштеп көшірілді.
«1916 жылғы көтерілістен кейінгі биліктің ауысуы 20-жылдардың басындағы аштықтан еңсесін көтере алмаған халықты тағы күйдірді. Кеңес одағында азық-түліктің жетіспеушілігі айқын байқалды. 1929 жылмен салыстырғанда 1933 жылы Қазақстанда мал басы 90%-ға азайды», деп жазды профессор.
Осы орайда Құрманғали Даркенов қазақ халқын аштыққа душар еткен төрт басты факторды атады:
Бірінші фактор – Голощекин тұлғасы; Екінші фактор – Голощекинмен бірге билікте болған қазақ большевиктері; Үшінші фактор – ұлт мүддесін басты орынға қоятын зиялы қауымның жазықсыз сотталуы; Төртінші фактор – Мәскеудің ет, астық дайындау қысымы.Мақаланың толық нұсқасын «Egemen Qazaqstan» газетінің №102 (30831) санынан немесе мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.