Оңтүстік Африкада футбол додасы әбден қызды. “Тойдың болғанынан боладысы қызық” деген қанатты сөз бар ғой. Осы қисынға салсаң, аяқдоптың отымен кіріп, күлімен шыққандар мундиалдың бас бәйгесін әлем чемпионаты басталмай жатып Испанияның қанжығасына байлап жіберген еді. 2008 жылдың Еуропа чемпионы екенін ескерген шығар. Сондағы ойнаған мықты ойыншылардың бәрі құрамадағы орнын сақтап келіп отыр мына додаға. Әлемдегі ең үздік саналатын екі голкипері және бар. Қорғаныс шебі тасқамал. Шабуылда Хави, Иньеста, Сильва, Алонсомен тізе қосып Вилья мен Торрестің жай оғындай жарқылдап атой салуы қай мықтының да жүрегін шайлықтырар еді.
Сол Испания Швейцариядан 0:1 есебімен жеңіліс тапты.
Соңғысында Испания құрамасындағыдай “сен тұр мен атайын” сайыпқырандар жоқ болғанымен, ерік-жігерлері мықты болып шықты. Бас бапкер Оттмар Хилцфельд команданы немістердің темір тәртібіне көшіріпті. Еңсегей бойлы швейцариялықтар испандықтардың шу дегеннен шабуылға шығарын біліп, қақпа алдында тапжылмай тұрып алды. Дель Боске швейцариялықтардың қорғанысын қиқымдап сөгудің бар амалын жасады. Сөйтіп, ол мүмкіндігінше бар мықтыларын айқас өтіне салды.
Жарақатынан әлі толық айықпағн Иньестаға да салмақ салған. Жағдай қиындағанда сұрмерген Торресті де шабуылға шығарды. Алғашқы таймда Иньестадан әдемі пас алған орталық қорғаушы Пикенің гол соғатындай-ақ мүмкіндігі туып еді. Алайда, қақпашы Диего Бенальо алдын орап кетті.
Бір қарағанымызда испан қақпашысы Касильяс алдына доп бармай зерігіп тұрғандай көрінген. Міне, сол тұстан ши шықты. Бенальо допты Дердийокқа ұзатқан. Ол оны Нкуфоға, ал бұл сайыпқыран көлденеңдеп ұзаған түрік жігіті Дердийоктың аяғына байлап берді. Қақпа алдындағы қарбалас. Түрік жампозынан доп алған Желсон Фернандес құлаған испан қорғаушысын баса-маса қақпаға атой салды. Гол!
Естерінен айырылып қала жаздаған испандықтар шабуыл ұйымдастырып, ойынды тең жағдайда аяқтауға тырысқандарымен нәтижеге жете алмады. Хаби Алонсоның шірене тепкен добы қақпа жақтауына тиіп кейін серпілді де бар үміт сонымен кеткендей болды.
Бір қызығы, испандықтармен бұған дейін 18 рет жасыл алаңда кездескен швейцариялықтар оларды бір рет жеңіп көрмепті. Үш мәрте тең түскенін қосқанда, доп айырмашылығы 15:45. Әлем чемпионатында екі рет жолдары түйісіп, екеуінде де испандықтар жеңген. Доп айырмашылығы 5:1. Сондықтан, испандықтардың бұл кездесуге қалпақпен ұрып алардай сенімде шыққандығы заңды еді. Бірақ, өмір кейде мақтаулы құраманы да жеңуге болатындығын байқатып кетті.
Гондурас-Чили кездесуінде чилиліктер 0:1 есебімен жеңіске жетті.
Ал, алаң иелері Оңтүстік Африка Республикасы құрамасының Уругвайдан 0:3 есебімен жеңілуі әділ төрешілерге деген көңілдегі көп күдіктің шоғын көсеп кетті. Обалы кәне, Уругвай ешкімнен доп сауғаламайтын команда. Мықты. Алға Форлан мен Суареске сициялық Кваниді қосақтаған бас бапкер Табарес қорғаныстан гөрі шабуылды қолай көретінін аңғартқан еді. Диего Форлан бірінші таймның ортасында әдемі гол соқты. Оңтүстік Африка құрамасының капитанына соғылып кірген голдың өкініші кетпей жатып, төреші Массимо Базукка өзінің көмекшілерімен ОАР құрамасын біржола тұйыққа тіреді. Пенальти белгілегені аздай, белді қақпашысы Кхунені алаңнан қуды.
Бұл жөнінде үлкен айқай болады әлі. Өйткені, доп Суарестің аяғына жеткенге дейін ол офсайдта тұрған Каванидің алдынан қайтқан. Мұндай жағдайда пенальти белгілеу қисынсыз. Екіншіден, қақпашы қақты деген Суарестің құлауы күмән тудырады. Қайталап көрсету кезінде қарсыласының қақпашыны әдейі құлатпағандығы байқалады. Онда неге Бузакка бұзақылық жасауға тырысты?
Мәселенің үшінші жағы да бар. Енді ОАР құрамасына өз тобынан шығу үшін француздарды қалайда ұтуы керек. Ал, француздардың оңай шағылатын жаңғақ емес екендігін ескерсек, оңтүстік африкалықтардың жағдайы мүшкіл. Өз елінде өтіп жатқан әлем чемпионатында өз тобынан шыға алмай қалған құрама ретінде тарих жылнамасына тіркеледі.
Бразилия құрамасы Солтүстік Корея командасын әупірімдеп 2:1 есебімен жеңді. Андриану, Пату және қасқа тісі жарқырап ойыншыларды бір мақсатқа жұмылдырып жүретін қара маржан Роналдиньо сияқты жампоздарды “сендер әлем чемпионатын теледидардан көріңдер” деп құрамаға алмай кеткен бапкер Дунгу аса білгірлік көрсетпеді. Өйткені, мақтаулы бразилиялықтардан гөрі Солтүстік Корей ойыншыларының кейбір сәттерде мықтылық танытқанын бүкіл әлем көріп отырды.
Күштері тең Португалия мен Кот-Д' Ивуар арасындағы ойын 0:0 есебімен аяқталды. Португалиялық әлемге әйгілі сұрмерген Криштиану Роналду бұл кездесуде доп соғу үшін бар мүмкіндікті жасады-ақ. Мәселен, Роналдудың отыз метрден зеңбіректің оғындай атқан добы қақпаның бағанын жұлып кете жаздады. Жаны қыл ұшында отырған Дидье Дрогба көктегі құдайға ақсарыбас атады білем. Орнынан үш тұрып, үш отырды. “Жалғыз ағаш орман емес”. Қорғаушылар Роналдуды матап тастады. Екі жақта да гол соғатындай сәттер болғанымен сәті түспей, бейбіт тарқасты.
Жан алысып, жан берісетін ойындар осылайша жалғасып жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН.