Алматы мәслихатының кезектен тыс XVIII сессиясында көрнекті артистер құрметіне бірнеше көшенің атын өзгерту туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігі мәліметіне сілтеме жасап.
Ю.Гагарин атындағы даңғылдың бір бөлігі Ермек Серкебаевтың есімімен аталса, Юбилейная көшесі Владимир Толоконников көшесі болып өзгертілді. Ал, Бостандық және Түрксіб аудандарындағы атауы жоқ көшелерге Ескендір Хасанғалиев пен Юрий Померанцев есімі берілді. Е.Серкебаев – Қазақстанның халық артисі, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі, В.Толоконников – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Алматыдағы орыс драма театрының актері. Е.Хасанғалиев пен Ю.Померанцев – халық артисі атанған талантты жандар. Осыған дейін аталған шешімнің жобасы республикалық ономастика комиссиясының қарауына жіберіліп, қаулы «Ашық НҚА» порталында 28 мамырға дейін талқыланған еді.