• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 30 Мамыр, 2024

Тоғызқұмалақ – ұлттың төл ойыны

213 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, жалпытүркілік тоғызқұмалақ зияткерлік ойынына «Тоғызат» атауын беруді ұсынған еді. Көп ұзамай-ақ сауалға Тоғызқұмалақ федерациясы ресми мәлімдеме жасады.

Депутаттық сауалда Гүл­дара Нұрымова спорт­тың осы түрі әлемдік аренада екітүрлі аталып, жұртты жаңылыстыратынын айтты. Бұл былай, ойынның осы түрінен елімізде ұйымдастырылатын халықаралық жарыстар «тоғыз­құмалақ» аталса, қырғыз ағайын­дар өткізіп жүрген дәл осы ойын «тоғызкөргөл» деп аталып жүр екен. Мұның салдары ойынның әлемге таралуына белгілі бір деңгейде кері әсер ететін көрінеді.

«Мемлекет басшысы биыл елімізде өтетін ауқымды іс-шара­ның бірі V Дүниежүзілік көш­пелілер ойынын жоғары деңгейде сапалы ұйымдастыруды тапсырған еді. Осыған орай аталған ойынды өткізу қарсаңында аса маңызды бір мәселе бар. Иә, тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны – түркі халық­­тарының ортақ мұрасы. Та­рихи құндылығы мен ақыл-ой мәдениетінің көрсеткіші әрі ортақ жәдігері саналады. Бұл ойын кейінгі жылдары жақсы дамып, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы құрылды. 2020 жылы ЮНЕСКО тоғызқұмалақты адам­заттың мәдени мұралары тізіміне қосты», деді Г.Нұрымова.

Кейбір зерттеушілердің пікі­рін­ше, бұл ойынның жалпы­­түркілік атауы – «Тоғы­зат». Мы­салы,  этно­граф Г.Загряж­ский­дің ең­бе­гінен де ойын XIX ғасырда «Тоғызат» деп аталғанын білуге болады екен.

«Тоғызқұмалақтың атауы әуел­ден «тоғызат» аталғанын ойын тақ­тасының қазақ, қырғыз, қара­қалпақ, ноғай тіліндегі атауынан білуге болады. Бүгінде қазақ, қырғыз халықтары сақтап, дамытып келе жатқан ойын спорт қана емес, құндылыққа айналды. Ойынның одан әрі танылуы­на бөгет болған жайды ескере отырып, алдағы V Дүниежүзілік көшпелілер ойынына дейін жалпытүркілік бұл зияткерлік спорттың атауын ортақ нұсқамен «Тоғызат» деп қалыптастыру іс-шараларын қолға алуды ұсына­мыз. Бұл спорттың дамуына жол ашып, әлем назарын аударатындай деңгейге жетуіне септеседі деп сенеміз», деді Мәжіліс депутаты депутаттық сауалда.

Осыған қатысты Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов ресми мәлім­деме жария­лап, төл атаудан жирену, қа­сиет­ті ұғымдарға немқұ­райды қарау ұлттық құндылықтар ая­сында қо­ғамды ұйыстыруға септес­пей­тінін еске салды.

«Мәжілістің бірнеше депутаты ұлттық мәдени мұрамыз то­ғызқұмалақтың атын өзгерту қажет деп Үкіметке сауал жолдапты. Көзіқарақты кез келген адам «бұлар басқаны қойғанда, Абайды танымай, Әуезовті оқы­мағандар ма?» деп қайран қалған шығар. Бастамашылардың кімді оқитынын білмейміз, бірақ қағи­далы ақиқатты түсін­бейтіні анық. Тоғызқұмалақ – ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны. ЮНЕСКО оны адамзаттың мәдени мұрасы деп 2020 жылы мойындаған. Тоғызқұмалақ – ұлты­мыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі. Сырттан келген бірер адам түрлі пиғылмен атауын бұрмаласа, ондай тәсілді біздің мәдениет пен тарихи жадымызға қарсы сыртқы күштер талай қолданғанын тарихтан да білеміз. Тарихи, ғылыми дереккөздерде, көркем және ауыз әдебиетінде, ұлттың жадында ойын тек тоғызқұмалақ деп аталады. Ұлттық ойынның атауы Пар­ламент, Үкімет, тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі емес. Ол еш адамның, не ұйымның меншігіне жатпайды. Ойынның да, оның атауының да иесі – қазақ халқы. Біздің перзенттік парызымыз – тоғызқұмалақты дамытып, қанатын кеңге жаю», деп атап көрсетті.

Федерация жариялаған деректерге көз жүгіртсек, бүгінде әлемнің 50-ден аса елінде тоғыз­құмалақ көзбе-көз ойналса, интернет арқылы 100 мемлекеттің тұрғындары түрлі сайысқа қаты­сады екен. Осыған дейін 6 әлем чемпионатына 25-30 елден ойыншылар қатысқан. Жаһанға танымал зияткерлік ойындардың сайтында да тоғызқұмалақ көш басында тұр. Ойынның осы түрімен елімізде 210 мың адам тұрақты айналысады екен. Иә, шын мә­нінде, мұның барлығы ардагер, жаттықтырушылардың, ойын­шылардың, оларды демеп, қолдап жүрген федерация, тоғызқұмалақ қайраткерлері, кәсіпкер, Туризм және спорт министрлігі мен жергілікті әкімдіктер, маслихат депутаттарының бірлесе атқарып жүрген істерінің жемісі екені түсінікті.

Сондай-ақ мәлімдемеде: «Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың 2022 жылы тоғызқұмалақты дамытуға назар аударуы ортақ іске соны серпін берді. Біз әрі қарай да ұлттық мұраны насихаттап, дәріптеп, кеңірек таралуына күш саламыз. Перзенттік парызымызды атқаруға ешкім кедергі бола алмайды. Қазақ бар­да, тоғызқұмалақ дами бермек. Ұлт алдында зор міндет тұр. Азамат ретінде ел дамуының өзекті мәселелері бо­йын­ша жоғары мінберлерден келелі ой айтылғанын қалаймыз. Пікір алуандылығын сыйлай отырып, қасиетті құндылықтармен ойнауға болмайтынын мәлім­дейміз», делінген.

Депутаттық сауалдан кейін тоғыз­құмалақ зияткерлік ойы­нының атауын өзгертуге қарсы­лық білдірген ел азаматтары, қо­ғам белсенділері көп болды. «Осын­дайда ұрпақтан-ұрпаққа «тоғызқұмалақ» атауымен же­тіп, санада жатталып қалған ойынның атауын өзгерту арқылы не ұтамыз?» деген орынды сауал туады. Бұл өзгеріс Көшпелілер ойыны таяған шақта қаншалықты тиімді болады? Байқағанымыз, көпшіліктің ұсыныс-пікірі зияткерлік ойынның атауын да, мәртебесін де дәстүрге сай лайықты насихаттауға келіп тіреледі.