• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Мамыр, 2024

«Арғымақ» дүбірлеген күн

88 рет
көрсетілді

Қостанай ауданындағы «Арғымақ» ипподромында Қоста­найдың жирен қасқа жүйріктерінің республикалық бәйгесі өтті. Тек Қостанай тұқымды жылқыларға арналған дәстүрлі дода кейінгі үш жыл ішінде тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Жұрттың делебесін қоздырған дүбірлі додада Қостанай, Ақ­мола, Қарағанды облыс­тары мен Ресейдің іргелес жат­қан өңірлерінен келген 80-ге жуық сәйгүлік бәйгеге түсті. Респуб­ликалық «Бәйге» федерациясы мен Қостанайдағы ұлттық ат спорты федерациясы ұйым­дастырған айтулы спорт іс-шара­сында қазақтың ежелден келе жатқан қыз қуу, теңге ілу, ауда­рыспақ, көкпар ойындары мен аламан, құнан жарыстары ұйым­дастырылды. Бәйгенің жалпы жүлде қоры – 19 млн теңге. Жарыс нәтижесінде бес бірдей жүлделі орынға ақшалай сыйлық табыс етілді.

Ат спорты мерекесінің ашылу салтанаты Мемлекеттік ән­ұранмен басталды. Одан кейін ат спортын дамытуға атсалысып жүрген азаматтар мінберге көтеріліп, аталған іс-шараның бас­ты мақсаты Қостанай жыл­қысын насихаттау екенін, бүгінде осы тұқымды көбейту жолдары қарастырылып, оған мемлекет тарапынан үлкен қолдау көр­сетіліп, қомақты қаржы бөлініп отырғанын айтты.

«Биыл – үшінші жыл. Осы Қостанай жылқысын дамытуға мемлекет тарапынан қаржы бөлі­ніп, қолдау көрсетіліп жатыр. Биыл байқасаңыздар, бәйге аты­ның саны да көп, сапасы да жақсарған. Жазғы маусымға қыс бойы дайындық жүргізілді. Қостанай жылқыларынан бө­лек таза қанды ағылшын жыл­қыларын ұстап отырған азаматтар бар. Маусымашар болған соң, мұндай ауқымды іс-шарадан шет қалмасын деген ниетпен өзіміз қаржы шығарып, оларды да бәйгеге қосып отырмыз. Олар да 1000, 1 800, 12 000 метр­ге шабады. Биыл жыл соңына дейін 5 бәйге өтеді. Соның бәріне 96 млн теңге қаржы бөлінген. Қостанай жылқысының бұлайша халықаралық деңгейге көтерілуі ғалымдарымыздың жүз жыл бойы жүргізген табанды ізденісі мен еңбегінің нәтижесі деп айтуға болады. Қостанай тұқымының саны 1965 жылы 45 мыңға дейін жеткен. Өкінішке қарай, қазір содан 278 таза қанды жылқы ғана қалып отыр. Сондықтан Үкіметтің қолдауымен, Сенат депу­таттарының ұйытқы болуы­мен Қостанай жылқысын дамыту туралы заң жобасы әзір­леніп, Мәжіліс талқысына ұсы­нылған еді. Аталған заң жобасын 22 мамырда Мәжіліс бірін­­ші оқылымда мақұлдап, Сенат­қа жіберді. Республикалық комиссияның шешімімен Қос­танай жылқысын өсіріп отыр­ған шаруашылықтарды субсидия­лауға 5 жылға 600 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді», деді Ұлт­тық спорт қауымдастығы вице-президенті Тастанбек Есентаев.

Сонымен қатар ол Прези­денттің бірқатар ұлттық спорт түрін олимпиадалық спорт дең­гейіне дейін көтеру туралы тапсырма бергенін алға тартты.

«Осы мақсатта елімізде V Дүние­жүзілік көшпелілер ойы­ны өтейін деп отыр. Міне, осының бәрі біздің ұлттық спор­тымыздың әрі қарай дамуы­на септігін тигізеді. Қостанай жылқысын айтпағанда, қазір жалпыұлттық спортты дамыту жө­ніндегі заң жобасын әзірлеу керек деген ұсыныс айты­­лып жатыр. Сондықтан бола­шақта ұлттық спортты дамы­тудың заңдық негізі жасалады. Қостанай жылқысының ішінен келешекте көкпарға, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, ат бәйгесі секілді ат спорты түрлеріне ат дайындау керек деген ойдамыз. Біздің алдымызда үш мақсат тұр: біріншісі – мамандар даярлау, екіншісі – инфрақұрылымды дамыту, үшіншісі – спорттық индустрия­ны дамыту. Мәжіліс депутаттары мақұлдаған заң жобасы осы міндеттердің шешім табуына септігін тигізеді. Егер осы индустрияны мықтап қолға алып, өзіміздің Қостанай жылқысын дамытар болсақ, келешекте ат спорты түрлеріне басқа жақтан ат іздемейміз, Қостанай тұлпарлары көптеген ха­лықаралық жарысқа қаты­сып, әлемдік деңгейде та­нылу­ға мүмкіндік алады», деді Т.Есен­таев.

Жергілікті жанкүйерлердің қуанышына орай, қысқа қашық­тықтағы 1 000 метрлік бәйгеде Қостанай жылқы зауытында туған Тактика атты ұшқыр сәй­гүлік бірінші болып келді.

«Бұл – екі жасар Тактиканың алғашқы жеңісі. Мың метрлік қашықтықта бәсеке өте жоғары. Жүлделі орыннан үміттенгенім рас, бірақ Тактика бұлайша топ жарады деп күткен жоқпын. Осы мау­сымда тағы бірнеше рет жеңіске жетеміз деген үміт оянды», дейді шабандоз Мария Кариева.

2 000 метрлік жарыста Ақ­мола облысынан келген Бай­құрман Сабыржан мінген Бар­бара мәрені бірінші болып кесіп өтті.

«Шамамен 700 метрге дейін тізгінді тартыңқырап отырдым. Одан кейін біртіндеп қарқынды үдете түстім, соңғы айналымда Барбара барын салды. Абырой болғанда, мәреге бірінші болып келдік. Осы спортқа 10 жасымда әкемнің айтуымен келдім. Содан бері аттан түскен жоқпын», дейді 18 жастағы шабандоз.

5 мың метрлік Құнан бәйгеде Қостанайдың Сарма атты сәй­гүлігі бірінші болып келді. Бәй­генің бұл түріне Туризм және спорт министрлігінің жүлдесі берілді. Сарманың шабандозы – Темірлан Застежко, бапкері – Виталий Пугачев, ат иесі – Данияр Елемесов.

21 мың метрлік Аламан бәй­геге шапқан 16 аттың 12-сі ғана мәреден көрінді. Қарағанды облы­­сының Тайфун атты тұл­пары бұл жолғы аламанда да алдына қара салдырмады. Тай­­фун осымен қатарынан 11-рет жеңімпаз атанып отыр. 13 жас­­тағы шабандоз Жанболат Мі­нә­сіптің жаттықтырушысы Ерболат Жаз­ғы­бековтің айтуынша, Тай­фун – тынысы шапқан сайын ашыла түсетін нағыз аламанның алдын бермес қас тұлпардың өзі.

«Мәреге жақындаған сайы­н шабысын үдете түседі. Тек ш­ешуші сәтке дейін тізгінді босатпай ұстай білу керек. Ша­мамен соңғы 500 метр қал­ғанда еркіне жібереміз, жануар жебе болып зулай жөнеледі. Бәріне ризамыз. Маусымашар бәйге жоғарғы деңгейде ұйым­дастырылған. Біз­дің ендігі мақсатымыз – Алматыда өтетін  Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарына қатысу», дейді атбегі.

Бәйге қорытындысы бойынша жалпы есепте Ақмола облысы көш бастап тұр. Ат жарысының хатшысы Айгүл Амандықованың айтуынша, Қостанай облысының арғымақтары да жоғары нәтиже көрсетіп отыр.

«Қазақ тұлпары» жылқы зауытының жүйріктері әртүрлі қашықтықта бірінші және үшінші орын алды. Бұл – кейінгі үш жыл ішінде жүргізілген селекциялық жұмыстардың жетістігі. Бірнеше шабандозы­мызды Алматыдағы шабандоздар клубына оқуға жіберуді жоспарлап отырмыз», деді А.Амандықова.

Мамандардың айтуынша, Қостанай жылқысы ұшқыр­лығымен қоса алысқа ентікпей шаба алатын төзімділігімен ерек­шеленеді. Сонымен қатар конкурға да епті, яғни биіктікке де секіреді. Сондықтан келешекте осы қасиетін ескере отырып дамытар болсақ, олимпия ойын­дарына да қатысады.

 

Қостанай облысы