Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласының тұрғындары тағы бір түйткілге тап болды. Бұл – тұтынатын ауызсудың лайланғаны. Осыған байланысты Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсары қаласындағы ауызсу сапасын жақсартуды тапсырды.
Кейінгі бірнеше күннен бері Құлсары қаласы тұрғындары тарапынан ауызсудың лайланғаны туралы шағым көбейді. Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше, моношаһарды ауызсумен «Жылыойсу» МКК қамтиды. Алайда кәсіпорынның су айдау стансасындағы қазандарында су қоры азайған. Оған себеп – «Магистралдық Суағызғысы» ЖШС-нің су тазарту стансасы қажетті су қорымен қамтамасыз ете алмауы.
«Су тазарту қондырғыларында су құрамы лайдан толық тазартылмаған. Құлсары қаласына қажетті су көлемі берілмеді. Лайлану көрсеткіші стандартқа сай емес. Облыс әкімі лай суды жинақтау резервуарларынан ағызуды, құбырлар толық тазарғанша магистралдық желіден су жіберуді тапсырды», деп хабарлады облыстық жедел штаб.
Құлсарыға су «Астрахан-Маңғышлақ» магистралдық құбырымен тасымалданады. Бұл құбырға су Ресейдің Астрахан облысымен шекарадағы Қиғаш өзенінен алынады. Аталған құбырға иелік ететін «Магистралдық Суағызғысы» ЖШС-нің мәліметіне сүйенсек, органолептикалық көрсеткіштер бойынша техникалық судың сапасы өзгеруі мүмкін. Өйткені «Астрахан-Маңғышлақ» магистралдық суағызғысын қайта құру және кеңейту жобасының бірінші кезегі іске асырылып жатыр. Осы жоба шеңберінде 56-207 шақырым магистралдық құбыр жолының жаңа учаскесі пайдалануға берілген.
Атырау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Ысқақованың айтуынша, Құлсары қаласындағы ауызсу сапасына ұдайы мониторинг жүргізіліп келеді. Мәселен, су тасқыны болғаннан бері ауызсу сапасына байланысты 286 сынама алынған. Департамент мамандары тұрғындарға қайнаған суды тұтынуды ұсынып отыр.
«Жылыойсу» МКК директорының бірінші орынбасары Батыр Шәкірұлының айтуынша, ауызсу тек Құлсары қаласында ғана емес, сонымен бірге Жаңақаратон кентінде лайланған. Осыған байланысты коммуналдық кәсіпорын 15 мамырдан 1 маусым аралығындағы кезең үшін су ақысын есептемеуге шешім қабылдады. Мамыр айында жеке және заңды тұлғалардың тұтынған суы үшін тарифтың тек 50 пайыз мөлшерінде төлем есептеледі.
Ал Жылыой аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтың пікірінше, сауда орындарының иелері құтыдағы су бағасын өсірмеуі қажет. Бұл ауызсу тапшылығын сезініп отырған тұрғындар үшін жанашырлық болар еді.
«Қазір Құлсары қаласында ауызсу лайланды. Бұл судың сапасына әсер етіп отыр. Осы орайда ауызсуды тасымалдайтын, фильтрлі автоматтар арқылы тазалап және дүкендерде сатумен айналысатын кәсіпкерлерден бағаны көтермей, тұрақты ұстауы қажет», деді Н.Қуатбаев.
«Теңізшевройл» ЖШС-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Жылыой ауданының белсенділері Құлсары қаласының тұрғындарына ауызсу жеткізіп беруді сұраған. Осыған байланысты компания 24 мың литр бөтелкеге құйылған су бөлген. Оның ішінде 6 мың бөтелкедегі су балалар, әйелдер мен егде жастағы адамдар орналасқан эвакуациялық пункттерге жеткізіледі.
«Бұл компания бұған дейін тасқын судан зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғындарына бірнеше рет көмек көрсеткен еді. Ауызсу сапасының төмендеуіне байланысты компаниядан көмек сұрадық. Өйткені біз тұрғындардың ауызсу тапшылығына ұрынбағанын қалаймыз. Компанияның демеушілігімен жеткізілген суды көпбалалы отбасыларға, қарттарға, барлық тұрғынға жеткізіп береміз», дейді жергілікті белсенді Раиса Телеубаева.
Атырау облысы